Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім сапасын арттырудағы маңызды қадам

0 402

Президенттің әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы туралы айтылатындығымен құнды. Биылғы басты құжатта да көптеген өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе Мемлекет басшысының көші-қон мәселесіне көңіл бөлуі – жақсылықтың нышаны. Өйткені бұл салада түйткілді мәселелер жетіп артылады.

Бұл жөнінде: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс», – деді Президент.
Жаңа бастамалар шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп екендігі белгілі. Президенттің: «Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз», – дегені осыны аңғартады. Өз халқының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргісі келетін Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!», – деп баршамызға жігер сыйлады.
Енді Қазақстанда балаларға арналған Ұлттық қор пайда болмақ. Оған жыл сайын ҰҚ инвестициялық табысының 50 пайызы аударылады.
– Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын, – деді Президент.
Ұлттық қордағы ақша бала кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалатын болады. Әрине, халық жылы қабылдаған бастаманың бірі – осы.
Отанымыздың кемел келешегі болған жастарды қолдау бірлігі бекем еліміз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы да үнемі жастарға назар аударып келеді.
– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деген болатын Мемлекет басшысы құнды құжатта.
Жолдауда айтылған тың реформалар тек сөз жүзінде қалмас үшін алдымызда маңызды міндеттер тұрғандығын әрбір қазақстандық ұғынуы тиіс. Өзім білім саласында еңбек еткендіктен, соған қатысты бастамаларға әуелі зер саламын. Ұстаз ретінде мені қуантқаны – білім саласындағы ахуалдың тұрақтылығы мен сапасына баса мән беруі. Бұл жөнінде Президент: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды», – деп атап өтті. Расында, қазіргі дәуірде қай салада болмасын сапа бірінші орында. Әсіресе білім беру саласында әр оқушының жағдайын жасау – олардың білім алуға деген ынтасын еселеп, қанаттандыра түседі. Жасыратыны жоқ, ауылды жерде үш ауысыммен оқып, қолайсыз жағдайда білім алып жатқан балалар да жоқ емес. Мемлекет басшысы айтқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – осы олқылықтардың орнын толтырып, тек оқушылардың ғана емес, осындай жағдайда білім беріп жүрген ұстаздардың, бала қауіпсіздігіне алаңдаулы ата-аналардың уайымын сейілтудің үлкен қадамы. Бұлай толық сеніммен айтуымның себебі, Жолдауда: «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деп айрықша айтылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі күнкөріс деңгейін 70 мыңға дейін арттырып, ал ең жоғары зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 120 пайызына дейін жеткізуді тапсырды. Сонымен қоса 2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жас деңгейінде белгіленді.
Мұнымен қатар ел Президенті 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер кезеңін бір жарым жылға дейін ұлғайтуды, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін арттыруды жүктеді. Әрі жеңілдетілген түрде 2,5 пайызбен шағын несие берілмек. Бұл дегеніміз еліміздің әлеуметтік және экономикалық мәселелеріндегі бірқатар түйіннің тарқайтынын білдіреді. Сондай-ақ Президент жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін де айрықша атап өтті.
Қазіргі әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайда ел ішінде тыныштықты сақтау, экономикалық өсімді үнемі қамтамасыз ету мен әлеуметтік қамсыздандыруды естен шығармау тұрақты даму кепілі болып табылатыны сөзсіз. Сол үшін құнды құжаттағы барлық бастаманы толығымен қолдаймын.

Мадияр Нұрәділ, «Парасат» колледжі «Экономика және спорт» кафедрасының оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.