Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім саласының білгірі – Күлжамила ұстаз

0 226

Физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, Дулати университетінің профессоры, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұлағатты ұстаз, педагог-новатор, еңбек ардагері Күлжамила Жолдасқызының есімі ғылыми ортада кеңінен танымал. Ғылым саласына ден қойдырған табандылық, ізденімпаздық, еңбекқорлық қасиеттері биік белестерді бағындыруға себепші болды.

Ол 1968 жылы Ташкент қаласындағы Ташкент мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін «математика» мамандығы бойынша бітірген. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жолдама бойынша Өзбекстан Ғылымдар Академиясының кибернетика институтында кіші ғылыми қызметкер болып екі жыл жұмыс істеп, 1970 жылдан бері 45 жыл Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай қызмет етті.
Еңбектен қол үзбей, табандылықпен ғылыми жұмыстарын да жалғастыра жүріп, Ленинград қаласындағы А.Герцен атындағы Ленинград мемлекеттік педагогикалық институтында (ЛГПИ) сырттай аспирантураны оқып, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Н.М.Матвеевтің жетекшілігімен ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізген. «Білікті маман ретінде доцент, профессор дәрежелерін алып, кафедрада «Ақпараттық және компьютерлік технология, программалау негіздері» бойынша қазақ тілінде оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулар, электронды оқулықтар жазуды ұйымдастыруда да еңбегі мол.
Ардагер ұстаз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, бел ортасында жүреді. «Қазақстанның қанатты әйелдері» атты энциклопедиялық журналға шыққан облыстағы санаулы әйелдердің бірі. Саналы шәкірт тәрбиелеген үлкен маман, білім саласының білгірі.
Ардақты ұстаз, асыл жар, аяулы анадан әз әжеге айналған Күлжамила Жолдасқызы ұлт құндылығын насихаттап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі де орасан.
Әз ананың ұрпақ тәрбиесі туралы айтқан пікіріне ден қойып, санасына сіңіре жүріп, шаңырағын шаттыққа кенелтіп, босағасын берік ете білген отбасылар да аз емес.
– Бала тәрбиесі – тамыры тереңге кеткен қатты да жұмсақ, қатал бола тұрып, мейірімді талап ететін ерекшелік. Кез келген ағашты қолдап майыстырса, сынып кетеді. Ақылың мен қамқорлығыңды танытып, жас баламен дос болып, ақылдаса, сырласа жүріп тәрбиелеу керек. Өз отбасын сүйген бала Отанын да сүйеді. Мысалы, мен балаларды тәрбиелеп жүріп, өзім де тәрбиелендім. Балаларыма бойымдағы бар асыл қасиетті қалай берсем, өзім де балаларымның бойынан сондай тазалықты, іңкәрлікті ала білдім. Бала мен ананың ортасында динамика қалыптасу керек, – дейді еңбегі елге елеулі, өз балаларына ғана емес, бүкіл шәкіртіне ана һәм ұстаз бола білген Күлжамила апай.
Ұстаздың 40-тан аса ғылыми-әдістемелік мақалалары, оқу құралы, электронды оқулықтары жарық көрген. «Сандық әдістер пәнінен лабораториялық практикум» оқу құралының авторы, ҚР Әділет министрлігінің Зейнеткердің меншік құқығы комитеті бекіткен «Сандық әдістер» электронды кітабының авторлық куәлігінің иегері.
Біз де ерен еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген аяулы жанның амандығын тілейміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.