Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Білім берудегі цифрлық инновациялар»: Жамбыл облысында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

0 1  327

Жамбыл облысында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі өтті.

Басқосуға облыс әкімі, Парламент Мәжілісінің, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және атқару органдарының, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымдары, азаматтық қоғам өкілдері, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

20 мыңнан астам педагог кеңесті тікелей эфир арқылы тамашалады.

Жиынға қатысушылар алдымен ұстаздар мен оқушылардың инновациялық жобалары қойылған көрмені тамашалады.

Конференция оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бейне-құттықауымен ашылды.

Кеңесте облыс әкімі білім саласындағы мәселелерге тоқталып, жаңа оқу жылындағы негізгі мақсат-міндеттерді нақтылап берді. Ербол Қарашөкеев жауаптыларға инфрақұрылымды жетілдіру, цифрландыру, кәсіби біліктілікті арттыру, балалар қауіпсіздігі және тағы басқа бағыттар бойынша жұмыстарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Шара барысында аймақ басшысы білім беру жүйесін дамытып, жетілдіруге елеулі үлес қосқан педагогтерге құрмет көрсетті. Атап айтқанда, бірқатар үздік ұстаздарға оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Бұдан бөлек, Меркі ауданы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп- гимназиясы «Орта білім беретін үздік ұйым – 2024» грантын жеңіп, 68 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Жоғары нәтиже көрсеткен Жамбыл инновациялық жоғары колледжі (10 млн.теңге) мен 6 білім беру ұйымына (1 млн.теңге) қаржылай сертификат тапсырылды.

Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының ұжымы мен үш мектепке дейінгі білім беру ұйымына 500 мың теңгелік ақшалай сыйлық табысталды.

Басқосуда облыстың бас ұстазы Рауан Садырқұлов білім басқармасының құрылғанына 85 жыл толуына орай саланың дамуы, атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерді шешу жолдарына жан-жақты баяндады.

Сонымен бірге «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айдана Шілібекова, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Әлішер Жүнісов, Қазақстан жасанды интеллект ассоциациасының сарапшысы Айбек Нұртазаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков сөз сөйледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.