Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім беру сапасын қалай жақсарта аламыз?

0 178

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың халыққа арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталатын үшінші бағдар – білім беру саласының қызметкерлері үшін зор басымдық.

Соңғы уақытта бұған дейін де жиі көтеріліп жүрген бірқатар әлеуметтік-педагогикалық мәселелердің шешімдері Жолдауда айқын баяндалды. Мәселен, балаларды мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиемен толық қамтамасыз ету үрдісіндегі олқылықтар баса көрсетіліп, оны түпкілікті шешу қажеттігі мен тәрбиешілердің кәсіби-әлеуметтік жағдайын жақсартуды регламенттеу тапсырылды. Бұл осыған дейін қызу талқыға түскен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын аттестациялау үрдісіне нүкте қойып, мәселені педагогтардың кәсіби шеберліктерін шыңдау арқылы реттеуге жетелейтін нақты қадам әрі бағдар болғаны сөзсіз.
Осы орайда халықтың тұрмыс-тіршілік деңгейін көтеру үшін мектепке дейінгі білім беру саласына тиесілі кезек күттірмес өзгерістің бірін атап өтуді жөн санадым. Ол – білім берудің үздіксіздігін жақсарту мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім сабақтастығын реттеу. Бұл үшін балаларды міндетті мектепалды даярлықпен қамтамасыз ету үрдісін балабақшаларда жалғастыру қажет. Бала 6 жасқа толып, балабақшаны тәмамдаған соң 1 жыл бойы ақылы білім беру орталықтарын жағалап, содан кейін мектепке қабылдануы – жалпы халық үшін тиімсіз. Кезінде «Балапан» бағдарламасы аясында орта мектептер жанынан ашылған даярлық орталықтары, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру мақсатында жүзеге асырылған қосымша іс-шаралардың бірі болатын. Толық жетілмеген осы қадамды кәсіпкерлер оңтайлы пайдаланды. Сондықтан елімізде бұл тәжірибе өзін-өзі ақтамаған жобалар қатарынан деп танылуы тиіс. Бала балабақшадан бірден мектепке баруы керек.
Мемлекет басшысы құнды құжатта «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп атап көрсете отырып, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ұсынып, бірқатар әлеуметтік іс-шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттігімізді нығайту жолындағы мұғалімдердің рөлін баса көрсетіп, қоғамда ұстаздардың абырой-беделін арттыру жұмыстарының жалғаса беретінін жеткізді.
«Еліміздің басты құндылығы – адам» деп анық көрсетілген осы Жолдауда білім беру жүйесінің барлық буындарына тиесілі мәселелерді көтеріліп, міндеттер белгіленді. Солардың бірі – жоғары оқу орындарының сапасын арттыру стратегиясы. Себебі мемлекеттің дамуында жоғары білім беру жүйесінің рөлі зор. Бұл өз кезегінде университеттерге тың міндеттер жүктейді. Болашаққа көз салсақ, ақпаратты-цифрлы кеңістік және ұзақ мерзімді даму үрдісі маман даярлау ісінде құзыреттілік қатынастан құндылықтар қатынасына көшуді талап етеді. Қоғамның индустриялық даму сатысында аса өзекті болып табылатын кәсіби шеберлік құзыреттілікке бағытталған оқу арқылы қалыптасқанымен, жақын болашақта іске қосылуы күтіліп отырған жасанды интеллект, болашақ мамандардың кісілік қасиеттерін дамытуға басымдық беру жолында, құндылықтарды дамыта оқытуға шақырады. Мұндай екіжақтылық университеттердің жұмысын айтарлықтай күрделендіреді.
Сарапшылар бүгінгі таңда жоғары білім беру жүйесіндегі академиялық еркіндік қағидаты шын мәнінде және толыққанды жұмыс жасауы үшін тұтас қоғамның оң өзгерісі мен атсалысуы қажеттілігін тұжырымдайды. Бақылау кеңестері, әрине, мұндағы алғашқы қадам ғана.
Студентке бағытталған жоғары білім жүйесі тұтынушы сұранысына бағдарланған бизнесті елестетеді. Мұндай салыстыруды әбестік санамай, қайта осындай интеграцияларды барынша қолдап, олардың тартымдылығын іс жүзінде негіздей білген жөн. Осы тұрғыдан алғанда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып отырған интегралды бағалау пилоттық жобасын атап өткен маңызды деп білемін. Жаппай цифрландыру жағдайында студенттердің кәсіби білім деңгейлерімен қатар, өмірлік дағдылары мен әлеуметтік икемділіктеріне басымдық беріледі. Сондықтан еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының білім беру жүйесіне біртіндеп ендіріліп, 2026 жылға дейін жалғасатын бағалау саясаты үш өлшемді қамтиды:
– академиялық білім көрсеткіштері, яғни оқу жетістіктері;
– ізденушілік аясы, яғни зерттеушілік дағдылары;
– әлеуметтік дағдылар, яғни спорт және өнердегі табыстары.
Жолдауда Президент жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлардың негізгі бағдарына арнайы тоқталды. Оны университеттік ғылымды дамыту және инновацияларды қаржыландыру өзегі деп атап көрсете отырып, білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буыны санады. Шын мәнінде, эндаумент-қорлар жүйесі университеттердің болашағына айналып отыр. Мұнда салынған мақсатты қаражат инвестиция көзі бола отырып, табыс табудың ұзақ мерзімді саясатын ұстануы және ол, әлбетте, жоғары білімнің дамуына жұмсалуы тиіс. Бұл үрдістің негізі де құндылықтар жүйесіне келіп тірелетін озық бастау болып табылады.

Махаббат ОСПАНБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.