Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білікті ұстаздар бізде даярланады

0 220

Еліміздегі нарықтық-экономикалық, саяси-әлеуметтік және білім беру жүйесіндегі реформалар болашақ мамандардың ақпараттық заман талабына сай кәсіби қалыптасуын, өзін-өзі өзгерте алу икемділіктерінің болуын талап етеді. Осы тұрғыдан факультет ұжымы оқытылатын пәндердің бейініне сәйкес қажетті мүмкіндік беретін білім беру кеңістігін құру, кәсіби іс-әрекетті жүзеге асыруға бағытталған арнайы құзыреттіліктер мен ғылыми-зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне баса назар аударады.

Тарихқа шағын шолу жасасақ, өңір дамуына үлес қосатын ұстаздардың қатарын көбейту, үздік мамандарды қалыптастыру қажеттілігі туындады. Осыған орай Жамбыл педагогикалық институтының құрамында 1988-1989 оқу жылында бастауыш мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерін дайындауға байланысты «Педагогика» факультеті құрылған болатын. Ал 1996 жылы жоғары оқу орындарын оңтайландыруға байланысты аталған институт университет болып өзгерді. Өзінің біраз жылғы ғұмырында біршама тарихи кезеңді бастан кешкен оқу ошағы әр жылдардағы оңтайландыру талаптарына сәйкес Жамбыл университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Х.Дулати атындағы өңірлік университет құрамында өз қызметін жалғастырды.
«Педагогика» факультеті деканының қызметін әр жылдары республикаға танымал, педагогика саласының білікті мамандары атқарды. Атап айтқанда, ҚР БжҒМ вице-министрі, п.ғ.д., профессор М.Н.Сарыбеков, п.ғ.к., доцент С.И.Керімқұлова, п.ғ.д., профессор Қ.Ж.Қарақұлов, п.ғ.д., профессор О.С.Сәлімбаев, п.ғ.д., профессор Т.К.Кенжебаев, п.ғ.к., профессор Н.М.Көшеров, п.ғ.д., профессор Қ.Т.Ыбрайымжанов, пс.ғ.д., профессор С.Қ.Бердібаева, пс.ғ.к., доцент М.П.Оспанбаева, п.ғ.к., доцент Ж.Тасжүрекова қатарлы білікті мамандар оқу ордасының дамуына айтарлықтай еңбек сіңірді.
Бүгінде терең тарихы бар факультет оңтайландыруға байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының 2023 жылғы 18 қазанындағы бұйрығына сәйкес, «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті болып қайта құрылған болатын.
Бәріміз білетіндей, қоғам ауысты, заман жаңғырды, заң ауысты. Бұрынғы бейқам жатқан бұйығы өмір дүр сілкініп, мүлде жаңа тұрпатқа, жедел үрдіске көшті. Дүние іші-тысы түгелдей жаңғырып, жасарып, түлегендей. Сондықтан ескі мақаммен жас ұрпақты тәрбиелеп, оқыта берудің жөні жоқ. Жаңа талап, жаңа өлшем мақсат биігіне сай қимылдауды, әрекет етуді қажет етіп отыр. Желдей есіп, жүйіткіп бара жатқан заман көшінің соңында шаң қауып қалмай, ілесе жарысып, қолдан келсе, оза шауып, алдына шығу Мәңгілік ел болуды армандаған біз үшін қасиетті парыз болмақ. Үйрене, таласа, бәсекелесе жүріп, енді үйретушіге, жөн сілтеушіге, төрелік айтушыға айналып келе жатқанымыз көңіл қуантады. Заман талаптарына сай факультет аясы кеңейіп, педагогика, психология, арнайы педагогика секілді тағы басқа бағыттар бойынша мамандар дайындауда. Сол уақыттан бері жаңа тұрпатты мұғалімдерді даярлау жұмыстарында жетекші және құзырлы қызмет көрсетуде. Содан бері факультеттің оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбие жұмыстарында жетекші позициядан көрінуде, сол сияқты оқытуы-профессорлар құрамының кәсіби біліктілігін арттыруда, халықаралық байланыстарды жүзеге асыруда және студенттердің академиялық ұтқырлықтарын қамтамасыз етуде үлкен үлес қосуда.
Факультеттің мақсаты – педагогикалық білім беруді жаңғырту, білім берудің жаңа сапасына қол жеткізу. Қазіргі уақытта жаңғырту міндеттерінің бірі – білім алушылардың заманауи мектеп жағдайында зияткерлік мүмкіндіктерінің кең аясын дамытуға қабілетті, зерттеулер, рефлексия мен өз әріптестерімен өзара әрекеттер арқылы өз-өзін жетілдіруге дайын, жоғары академиялық білімдері, кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктері бар мұғалімдерді даярлау жүйесін дамыту.
Оқу жүйесінде ғылыми потенциалы жоғары, өзіндік тәжірибесі қалыптасқан оқытушы-профессорлар мен мамандар қызмет етеді. Факультетте өз ісіне адал, жоғары сапалы кәсіби мамандар дайындауға қабілетті ұжым қалыптасқан. Бүгінде факультетте 169 профессор-оқытушы жұмыс атқарады. Оның ішінде педагогика ғылымдарының докторы, 50-ден астам ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессорлар мен Phd докторлары және жүзден аса ғылым магистрлері қызмет етеді.
Факультетте қазіргі таңда 8 кафедра бар. Атап айтқанда, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру», «Педагогикалық психология», «Арнайы және әлеуметтік педагогика», «Әлеуметтік саладағы психология», «Музыка және көркемдік білім», «Мәдениет және өнер», «Педагогика», «Философия және саясаттану» жұмыс атқарады. Сонымен қатар қафедраларда 18 бакалавр: 6В01101-«Педагогика және психология»; 6В01103-«Психология (IP)»; 6В01202-«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу(IP)»; 6В01302-«Бастауыш білім беру (IP)»; 6В01301-«Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»; 6В01801-«Әлеуметтік педагогтарды даярлау»; 6В01901-«Логопедия»; 6В01903-«Арнайы педагогика-Дефектология»; 6В01907- «Арнайы педагогика (IP)»; 6B01904 – «Тәрбиеші. Мектепке дейінгі білім берудегі логопед»; 6В03111-«Әлеуметтік саладағы психология»; 6В11115-«Мәдени-тынығу қызметі: театралдық қойылымдарды ұйымдастыру және режиссура»; 6В11116-«Мәдени-тынығу қызметі: бұқаралық қойылымдарды ұйымдастыру және вокалдық орындаушылық»; 6В11117-«Мәдени-тынығу қызметі: бос уақытты ұйымдастыру және педагогикасы»; 6В02101-«Хореография»; 6В01412-«Көркемдік білім беру (IP)»; 6В01420-«Еңбекке баулу және кәсіпкерлік негіздері (IP)» және 6 магистратура: 7М01101-«Педагогика және психология»; 7М01103-«Білім беруді басқару психологиясы»; 7M01107-«Білім берудегі менеджмент және көшбасшылық»; 7М01801-«Әлеуметтік педагогтарды даярлау»; 7М01804-«Әлеуметтік және арнайы педагогика мамандарын даярлау»; 7М03111-«Кәсіби іс-әрекеттегі және әлеуметтік саладағы психология, ғылыми-педагогикалық бағыт»; 7М03112-«Кәсіби іс-әрекеттегі және әлеуметтік саладағы психология» секілді бейіндік бағыт білім беру бағдарламалары бойынша маман даярланады.
Ұжымның негізгі стратегиялық мақсаты – қуатты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық талаптарын қанағаттандыратын, жас ұрпақтың тұлғалық дамуы мен оның қалыптасу проблемаларын шешуге шығармашылықпен қарайтын, әлемдік бәсекеге қабілетті жаңа тұрпатты мамандар даярлау болғандықтан, заманауи талаптарға толығымен жауап бере алады. Білім мен ғылымды дамытудағы жоғары көрсеткіштерінің нәтижесінде, профессор-оқытушыларымыз көптеген жетістіктерге жетіп, атқарған еңбектері жоғары бағаланды. Олардың қатарында Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері П.Сағымбекова, ҚР білім беру ісінің үздігі А.Қабиева, «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегерлері – К.Ж.Бұзаубақова, К.Б.Сматова, М.П.Оспанбаева, Ж.Т.Сарыбекова, Р.Қ.Керімбаева, С.М.Үсенова, ҚР еңбек сіңірген артисі А.Сейілханов, «Қазақстанның құрметті ұстазы-2023» байқауының жеңімпазы А.Д.Болтаев, «Үздік ашық сабақ-2024» байқауының жеңімпазы Г.Б.Макашкулов, өнертану шебері, қоғам қайраткері П.Шегебаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің құрмет төсбелгілерінің, мақтау грамоталарының иегерлері – Г.Е.Санай, Ұ.Жамирова қатарлы ұстаздардың еңбегі көпке үлгі.
Сондай-ақ профессор-оқытушылар оқу-тәрбие үрдісінде, әлеуметтік қоғамда ғылыми-зерттеулермен белсенді айналысып, жұмыстар жүргізіп келеді. «Педагогикалық психология» кафедрасынан п.ғ.к., қауымдастырылған профессор К.Б.Сматова ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру аясында AP09563655 «ҚОТ жағдайында жалпы білім беретін мектептегі медиакоммуникация процестерін зерттеу медиапедагогиканы дамытудың эмпирикалық негізі ретінде» атты ғылыми жобаға (2021-2023 жж.) жетекшілік етті. С.Қ.Алимбаева AP19677493 «Білім беру мекемелерінде балаларды психологиялық-педагогикалық диагностикалау үшін «I-psychodiagnostics.kz» Smart (платформа) қамтамасыз етуді әзірлеу» атты ғылыми жобасының жетекшісі. Осы орайда балаларды психологиялық-педагогикалық диагностикалау мақсатында Smart платформа жасалуда. Түркия (Стамбул, Болу қ.) және Германия (Берлин, Веймар қ.) мемлекеттерімен «Психодиагностика» саласы бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу жүзеге асырылуда.
Сонымен бірге соңғы 3 жылда «Scopus», «Web of Science» секілді шетелдік, отандық БҒСҚК базасындағы ғылыми-педагогикалық басылымдарда, Халықаралық (РИНЦ), Республикалық ғылыми-практикалық конференция жинақтарында цифрлық құзыреттілік, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жоспарлау, педагогикалық психология, тұлғаның психологиялық дамуы және педагогика-психология саласының өзекті ғылыми-әдістемелік мәселелері бойынша ПОҚ-ның 300-ге жуық ғылыми еңбектері жарық көрген.
Факультет ұжымы жыл сайын жақын және алыс шетел оқу орындарымен де тығыз байланыста. Г.Ш.Сейдалиева, В.Д.Демьянова және басқа да оқытушылар Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті (Шадринск), А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университеті (Санкт-Петербург), Барановичский мемлекеттік университеті (Белоруссия) және өзге де шетелдік ЖОО-ның ғалымдарымен әріптестік байланыс орнатып, педагогика-психология, әлеуметтік мәселелер аясында біріккен дискуссия алаңы, семинар-тренинг сияқты іс-шаралар өткізіліп отырады.
Сонымен қатар факультетіміз академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан, Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Жетісу мемлекеттік университеттері, Арқалық, Костанай мемлекеттік педагогикалық институттары және шетел ЖОО арасында серіктестік байланыс орнатып, 100-ден астам студент тәжірибе алмасып келеді.
Кәсіби практиканы ұйымдастыруда дуальды оқыту мен инклюзивті білім беру негізінде Тараз қаласының барлық білім беру және қызмет көрсету мекемелері мен балалар бақшасы, мектеп, гимназия, колледж және жеке білім беру орталықтары, әлеуметтік мекемелермен келісімшарттар жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Әрі бітірушілерді жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып, жыл сайын мониторинг жасалып отырады. Нәтижесінде, жұмысқа орналасу көрсеткіші 70-80 пайыздан жоғары болып тұр.
Сондай-ақ жоспарланған жұмыстарды сапалы жүзеге асыру мақсатында білім беру бағдарламаларын насихаттау, қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ақпараттар жариялау (университет сайтында, республикалық, облыстық газеттерде, телеарналарда) үнемі жүргізіледі.
Студенттерге қолайлы жағдай жасалып, материалдық-техникалық база заманауи ресурстармен жабдықталып, танымдық бағытта сапалы жұмыс атқарылуда. «Мәдениет және өнер» кафедрасына қарасты облыс, қала көлеміндегі әкімшілік ұйымдарына, мәдениет мекемелеріне, көркемөнер саласында тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастырушы-педагог және мәдениет, өнер қызметкерлерін, әдіскерлер, хореографтар дайындайтын болғандықтан, ғылыми-шығармашылық «Шабыт» ғылыми үйірмесі, «Үкілі қыздар» клубы, «Томирис» би ансамблі және республикаға танымал «Дулати» жастар халық театры, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық артисі Тұңғышбай Әл-Таразидің шеберлік сыныбы, Ассамблея залы, «Педагогикалық психология» кафедрасына қарасты Педагогикалық-психологиялық инновациялар ресурстық орталығы, Е.Қонақбаев атындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ғылыми-зерттеу зертханасы, «Жан сыры» оқу, ғылыми-зерттеу орталығы, Ғылыми-әдістемелік кабинеті, «Relax» оқу-өндірістік шеберханасы, «Таным» орталығы, «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасына қарасты академик Т.Кенжебаев атындағы практикалық аудитория, академик Н.Сарыбеков атындағы практикалық аудитория, педагог С.Ж.Кулекеева атындағы практикалық аудитория, педагог К.Меңжанова атындағы дәрісхана, «Педагогика» кафедрасына қарасты академик К.Д.Бузаубакова атындағы дәрісхана, «Педагогтік шеберлік» орталығы, «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасына қарасты «Инклюзивті білім беру ғылыми-зерттеу орталығы», «Әлеуметтік бейімдеу және қолдау», «Балалардың сөйлеуін түзету және дамыту орталығы», С.Дүйсебаев атындағы атаулы танымдық дәрісхана, «Әлеуметтік психология» кафедрасына қарасты «Қыз Жібек» қыздар клубы, «Практикалық психология» кабинеті, Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімдеу орталығы, «Музыка және көркем білім» кафедрасына қарасты музыкалық студия, дыбыс жазу студиясы, хор және кіші концерттік зал, мәдени-тынығу аудиториясы және өзгелері білім алушылардың игілігіне жұмыс істейді.
Қашанда жаңашылдықтың жаршысы болып жүретін ұжымның тынымсыз тірлігі біздің инновацияларды жылдам қабылдап, тез арада нәтижелі іске асырып отыруға серпіліс береді. Бастысы, мемлекеттің білім беру саласындағы стратегиялық мақсаттарына сәйкес, білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуды басты мақсат тұтады. Бұл білім берудің барлық деңгейлерінде оқытудың заманауи әрі жаңа сапасын жүзеге асыруды талап етеді. Бұл тұста атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар өте көп, негізгі даму басымдығымыз – жоғарғы корпоративтік мәдениетіне негізделген стратегиялық жоспарлау мен қаржылық менеджментіміз қалыптасты, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастықты жоғарылату үшін дүниежүзінің алдыңғы қатарлы университеттерімен, ғылыми-педагогикалық орталықтарымен тығыз серіктестік қарым-қатынастар орнатылды, Қазақстанның белді жоғары оқу орындары Ассоциациясы құрылды, дуальды оқыту жүйесі іске асырылуда, шетелдің алыс, жақын оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатылды, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында профессор-оқытушылар мен студенттер біліктіліктерін жоғарылату мүмкіндігіне ие, үш тілді білімді дамыту, тағы басқа айта берсек көп жұмыстар атқарылды, ол өз жалғасын табады.
Қазіргі таңда білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғам мен мәртебелі маман иесі мұғалімдерге жүктелер жүк те еселене түсуде. Ұстаз қауымы алдында білім беру мен ғылым ғана емес, сондай-ақ өркениет көшіне жол бастайтын әрі ұлттық рухта тәрбиеленген білімді де білікті маман тәрбиелеп шығару міндеті тұрғаны айқын әрі бұл тұрғыда бізге жүктелер жауапкершілік те жоғары екенін жақсы білеміз. Біздін кәсібіміз ерекше кәсіп қой, шәкіртінің бойындағы өзге көрмеген, өзгеге байқалмайтын жақсы қасиеттерді көруге, оны дамытуға бірден-бір жәрдемші болуға тырысып жүреміз, жаңашыл ұстаздың талабын да жақсы түсінеміз.
Бүгінде білім беру саласында көптеген модернизациялар жүргізіліп жатыр, соларды мүмкіндігінше іске асыруға тырысамыз. Орта білім берудің жаңа моделі, ағылшын тілін меңгеру, кәсіптік білім берудің мазмұнының жаңартылуы, электронды оқыту, зияткерлік мектептер арқылы жоғары оқу орындарына дарынды шәкірттер дайындау, рухани жаңғыру жолында жоғары оқу орындарына қойылатын жаңа талаптар, магистрлер мен PhD докторларды дайындау арқылы университеттегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру бірқатар инновациялық жобаларға бастама болып, функционалды сауаттылықты арттыру жолдары мен әдістерін кеңінен қолдану жұмыстары жалғасын табуда.
Сонымен бірге біз білім берудің өзекті мәселелерін талқылаудамыз. Қазақстандықтар мен мемлекетіміз үшін зор маңызы бар білім беру саласында бірлесе жұмыс жасауымыз қажет. Жаңғыруда жаңа серпіліс болып отырған бастамаларды жүзеге асыруда да бізге жүктелер жүк салмақты, тез шешуді қажет ететін мәселелер аз емес. Десек те, біз даму жолдарын көріп отырмыз. Ең басты мақсат – білім сапасын арттыруға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін осы үдеріске әрқайсысымыз өз тарапымыздан белсенділік көрсетуге тиіспіз. Біздің ұжым айтылған мәселелердің өзектілігін терең ұғынып, университет басшыларының қолдауымен білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолында өзіндік жаңа бастамаларымен жұмыс атқаруға жұмылды. Ашықтық, адалдық, креативтілік принциптеріне жүгіне отырып, білім беру сапасын көтеру, осы уақытқа дейін жалғасын тауып келе жатқан нәтижелі жобалардың жұмысын жандандыру, ұстаздардың кәсіби өсуіне байланысты әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі шешімін тауып, еңбегіне қарай өтем, яғни дербес қаржыландыру бастамасы жүзеге асырылуда.
Жастардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағдыны қалыптастыру мақсатында кeлeшeк ұрпaқ мүддecін қорғaудың нaқты жолдaрын ұcынып отыр, бүгінде әлемдегі беделді жоғары оқу орындарында білім алуға жаңа мүмкіндіктер жасалып, жақсылықты, өзгерісті нақты сезінуге айрықша көңіл бөлініп отыр. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттер үшін қарастырылған жеңілдіктер, жастардың құқықтық, цифрлы-технологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шараларды, балалар институтын қолдау, инклюзивті білім беру, жеке тұлғаны зерттеу, тағы басқа бағдарлама аясында мақсатты жұмыс істеу мәселелерін жаңғыртып, сәтті іске асырылуына күш салмақ. Жаңалықтарды енгізе отырып, еліміздің табысты болуына, дамуына, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне өз үлесімізді қосамыз. Бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Жоғарыда аталған білім бағдарламасын игерген жастар сұранысқа ие. Алдағы уақытта да мамандық даярлау жүйесіне талапқа сай, бәсекеге төтеп бере алатын мамандар дайындау үшін креативті өзгерістер енгізуді ұжым үнемі есте ұстайды.

Айсұлу ТҰРАРОВА,
«Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің деканы,
ф.ғ.к., профессор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.