Кез келген елдің дамуы мен өркендеуінің өзегі – адам капиталы, ал оның ең басты тірегі білікті кадрлар екені белгілі. Қашанда білім мен тәжірибені ұштастыра білген кәсіби мамандар ғана мемлекет экономикасының берік іргетасын қалайды.
Бүгінде уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін білім беру жүйесін, әсіресе кәсіптік-техникалық саланы жаңа деңгейге көтеру стратегиялық маңызы зор міндетке айналып отыр. Себебі өндіріс пен инновация, ғылым мен технология, аграрлық және өнеркәсіптік бағыттардың барлығы кәсіби шеберлігі жоғары, өз ісінің білікті мамандарына сүйенеді. Бұл тұрғыда Тараз қаласындағы кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлау ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Солардың қатарында «ALEM» кәсіби білім беру колледжі де бар.
Білім ордасының тарихы 2004 жылы Тараз экономика және статистика колледжі болып құрылудан бастау алады. Содан бері 20 жылдан астам уақыттың ішінде сан түрлі өзгерісті бастан кешірген оқу ордасы бүгінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Қазіргі таңда колледжде 660 студент 7 біліктілік бойынша білім алып жатыр. Олардың дені – жұмысшы мамандықтары.
– Бүгінде колледжімізде «Бағдарламалық қамтамасыздандыруды құрастырушы», «Электрондық техник», «Банк операциялары жөніндегі менеджер», «Заңгер», «Техник-электромеханик», «Телекоммуникациялық байланыс жүйелері технигі» секілді мамандықтармен қатар медицина саласының мейіргерлері де тәлім алуда. Бұл оқу ордасының көкжиегі кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Студенттерге сабақ беретін 30-дан астам оқытушының барлығы – жоғары білімді. Олардың ішінде соңғы 3 жылда біліктілік санатының деңгейін көтерген және магистр дәрежесі бар педагогтардың үлесі өте мол. Атап айтсақ, оқу ордасындағы штаттық педагог қызметкерлердің үлесі оқытушылар құрамы жалпы санының 96,7 пайызын құрап отыр. Осы көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына толық сәйкес келеді әрі оқу процесінің тұрақтылығын, сабақтардың жүйелі жүргізілуін және білім сапасының бірізділігін қамтамасыз ететін маңызды фактор.
Жалпы, әрбір педагог – оқу орнының басты тірегі. Олар тек пән оқытушысы ғана емес, студенттің кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар беретін тәлімгер, өмірлік жол сілтеуші. Олардың еңбек өтілі, тәжірибесі мен кәсіби білімі оқу процесінде заманауи әдістемелерді қолдануға, өндірістік оқытудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар штаттық педагогтардың басым болуы оқу орындарындағы академиялық тұрақтылықты, тәрбие жұмысының үздіксіздігін және ұжымішілік бірлікті қамтамасыз етеді. Мұндай ахуал колледждің имиджін көтеріп қана қоймай, білім алушылардың кәсіпке деген қызығушылығын арттырып, еңбек нарығына сенімді түрде қадам басуына ықпал етеді.
Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Сол себепті педагог кадрлардың біліктілігі мен тұрақтылығы экономиканың барлық салаларына кәсіби мамандар даярлаудың сапалық көрсеткіші деуге толық негіз бар.
Оқытушыларымыз сабақ барысында кредиттік оқыту, дебаттық, ақпараттық-коммуникативтік оқыту, сын тұрғысынан ойлау, оқытудың жобалық әдістері, симуляциялық оқыту, проблемалық оқыту сияқты көптеген технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Колледж оқытушылары оқу-әдістемелік жұмыспен қатар ғылыми-шығармашылық жұмыспен де айналысады. Оған дәлел – ұстаздарымыздың халықаралық, республикалық, облыстық басылымдарда мақалалары мен іс-тәжірибелерінің жарияланып, кеңінен таратылуы. Шетелдерде тағылымдамадан өткен оқытушыларымыз да жетерлік, – дейді колледж директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Жеңіс Сопбеков.
Қазіргі таңда колледждегі оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік жұмысты жетілдіру мақсатында үш циклдық әдістемелік комиссия құрылған. Олар оқыту нәтижесін арттыру, бақылау материалдарын қарастыру, оң тәжірибені зерделеу, инновациялық технологияларды тәжірибелік енгізу, оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу, оқытушылардың өздігінен білімін жетілдіру бойынша жоспарлы мақсатқа бағытталған жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ оқыту үдерісіне озық әдістемелік тәжірибе енгізу, жалпы кәсіптік және арнайы пәндерді оқыту әдістемесін жетілдіру, оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуді жинақтау бойынша әдістемелік қызметпен мақсатты және жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, колледжде оқу-әдістемелік үдерісті ұйымдастыру және оны басқарудың бірегей жүйесі қызмет етеді.
Колледжде оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында ашық сабақтар, семинарлар, өзара сабаққа қатысу, тәжірибе алмасу жиі ұйымдастырылады. Бұған қоса оқытудың әдіс-тәсілдерін жетік меңгеру, әдістемелік жұмыстың мазмұнын жаңарту, оқытушылардың теориялық және әдістемелік дайындығының дәрежесін арттыру, кәсіби шеберлігін жетілдіру аясында да ілкімді істер қолға алынған.
Заман өзгеріп, қоғам жаңарған сайын кәсіби білімнің маңызы арта түсуде. Бүгінгі таңда өндіріс пен технологияның қарыштап дамуы еңбек нарығына жаңа талаптар қойып отыр. Мұндай жағдайда колледждер тек техникалық немесе кәсіптік мамандық беретін оқу орны ғана емес, ел экономикасын алға сүйрейтін білікті мамандар ордасына айналып келеді.
Колледж студенттерінің жұмыспен қамтылуы – білім беру жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Өйткені түлектің өз мамандығы бойынша еңбекке араласуы оқу орнында алған білім мен дағдының өмір талабына сай екенін дәлелдейді. Бұл – тек жеке түлектің жетістігі ғана емес, сонымен бірге ел экономикасының еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу деңгейін көрсететін маңызды әлеуметтік-экономикалық өлшем.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарды жұмыспен қамту, олардың кәсіптік бағдарын нақтылау және еңбек нарығына бейімдеу бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Колледждер мен кәсіпорындар арасындағы әріптестік байланыстар кеңейіп, дуальды оқыту жүйесі енгізілуде. Мұндай ынтымақтастық студенттің оқу кезеңінен бастап өндірістік ортаға араласуына, тәжірибеден өту арқылы кәсіби шеберлігін шыңдауына мүмкіндік береді. Бұл ретте «ALEM» кәсіби білім беру колледжі түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші көңіл қуантады.
– Колледжіміз оқу процесін еңбек нарығының талаптарымен ұштастыра отырып, студенттердің кәсіби бейімделуіне айрықша назар аударып келеді. Осы мақсатта оқу орны түрлі мекемелермен өзара серіктестік орнатуда. Атап айтсақ, бүгінде «BuildSvyazKom» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ, №6 қалалық емхана, Байзақ аудандық орталық ауруханасы және облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығы секілді мекемелермен ынтымақтастық негізде арнайы келісімшарт жасастық. Мұнда студенттер оқу барысында алған теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастырып, кәсіби машықтарын жетілдіреді. Өндірістік тәжірибе кезеңінде шәкірттеріміз заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйреніп қана қоймай, жұмыс орнындағы корпоративтік мәдениетпен, еңбек тәртібімен және жауапкершілік қағидаттарымен танысады. Оқу орны түлектерінің көбі тәжірибеден өткен мекемелерінде тұрақты жұмысқа орналасып, өз саласында табысты еңбек етіп жүр. Осының арқасында түлектеріміздің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 85 пайызды құрап отыр. Бұл – колледждің еңбек нарығымен тиімді байланысының, оқу бағдарламаларының өзектілігінің және педагогикалық құрамның кәсібилігінің айқын дәлелі, – дейді колледж басшысы Жеңіс Сабырұлы.
Колледжде білім алғысы келетін жалынды жастарға арнайы жатақхана да қарастырылған. 100 адамға арналған «Студенттер үйі» жатын, жуыну бөлмелері, тазалық аймағы, кітапхана, жайлы оқу залы, қыздарға арналған би үйірмесі, жастардың тынығуына қолайлы өзге де орындармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ студенттерің қауіпсіздігін сақтау мақсатында турникеттер, бейнебақылау камералары және күні-түні үздіксіз жұмыс істейтін коменданттық бақылау орнатылған.
Колледждің жарқын жетістіктерінің бірі – Қазақстан студенттерінің Альянсы ұйымының 10-шы филиалының осы оқу ошағында ашылуы. Бұл ұйым жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды, азаматтық белсенділігін арттыруды және студенттік бастамаларды қолдауды мақсат етеді. Жаңа филиалдың басты міндеті – колледж студенттерінің құқықтарын қорғау, әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету, еріктілік пен патриоттық қозғалыстарды дамыту, сондай-ақ оқу орнында жастар бастамаларын іске асыруға жағдай жасау. «ALEM» колледжі жастарының бұл ұйымға қосылуы олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, өз пікірін ашық білдіруге, әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға қатысуына үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар аталмыш филиал студенттер арасында бірлік, жауапкершілік, отансүйгіштік және өзара құрмет сынды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған түрлі мәдени және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Бұл жастарды қоғамдық өмірге белсенді араластыруға, олардың азаматтық ұстанымын нығайтуға және кәсіби қалыптасуына оң әсерін тигізері даусыз.
Сапалы білім мен саналы тәрбиенің арқасында колледж студенттері түрлі білім бәйгелерінде топ жарып, биік белестерді бағындырып келеді. Айталық, оқу ордасының Бейбарыс Әбілдә, Бекболат Ибраим сынды шәкірттері Талас ауданында өткен «BOLASHAQ JASTAR CAMP» облыстық жастар лагерінде белсенділігімен көзге түсті. Сондай-ақ жастар саясатына қосқан үлесі үшін колледж ұжымы қалалық Жастар ресурстық орталығының арнайы Кубогымен марапатталса, «Наурыз CUP» атты ұлттық ойындар жарысында білім ордасының командасы ІІІ орынды иеленді. Колледж жастары әскери өмірдің де қыр-сырын жетік меңгеріп келеді. Оның айғағы – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы ұйымдастырған «Отан қорғаушы» атты аймақтық колледжаралық сайыста ІІ орынды еншілеп, «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінен республикалық олимпиадаға белсене қатысып, арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Жігерлі жастар спорттан да кенде емес. Мәселен, колледж студенттері – Бекназар Жамбыл мен Бақтыбек Жолдыбек бокстан өткен бірқатар турнирде топ жарса, Бақытжан Тахир қазақ күресінен көптеген жетістікке қол жеткізіп жүр. Сондай-ақ «MMA FREE FIGHTING» жарысында І және ІІІ орындарды олжалаған Бейбарыс Әбілда және Бекболат Ибраим сияқты талантты спорт шеберлерін де айрықша атап өткен абзал.
Қазіргі таңда «ALEM» колледжі тек білім беретін оқу орны ғана емес, жас ұрпақтың арманын жүзеге асырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін үлкен өмір мектебіне айналды. Мұнда әр студент өз қарым-қабілетін шыңдап, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеріп, еңбекке адалдық пен адамдық қасиеттің мәнін ұғынуда.
Бүгінде колледж ұжымы заман талабына сай жаңашылдыққа ұмтылып, білім беру сапасын арттырумен қатар, жас буынды елжандылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеуді басты мақсат етіп отыр. Шәкірттерінің жетістігі мен ұстаздарының еңбегі ұштасқан сәтте ғана нағыз нәтиже туатыны анық. Ал бүгін біз мақаламызға арқау еткен білім ордасы осы бір үйлесім мен үндестіктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Осылайша, кәсіби маман даярлаудағы жүйелі жұмыс, инновациялық әдістемелер мен студенттердің еңбек нарығындағы жоғары сұранысы оқу ордасының мерейін асырып, өңірдегі білім беру саласының дамуына серпін беруде.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ