Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Білікті мамандар ұстаханасы – «Жаратылыстану» факультеті

0 149

Қазір ел арасында «Бақыт дегеніміз – таңертең жұмысқа қуанышпен бару, кешке қуанышпен үйге оралу» деген сөз жиі айтылады. Расында да, бұл ойдың түпкі мәні терең. Адам өміріндегі шынайы бақыттың бір бөлігі – өзің сүйіп атқаратын, жүрегіңе жақын мамандықты таңдаудан басталады. Сол себепті студенттік кезеңде жасалған таңдау – болашақ тағдырдың бастауы, тұлғалық қалыптасудың негізгі баспалдағы.

Бүгінгі ғылым мен техника қарыштап дамыған ақпараттық қоғамда әр мамандықтың маңызы артып келеді. Алайда заманауи технологиялық мүмкіндіктерге қарамастан, барлық адам өз жұмысынан ләззат алып, еңбектен қуаныш таба бермейді. Кейбірі өмірдің ағынымен жүріп, өзіне жақын емес мамандықты таңдайды, кейін физикалық емес, моральдық шаршауға тап болады. Сондықтан мамандық таңдау – адам өміріндегі ең жауапты қадамдардың бірі. Ол тек жеке игілік үшін емес, тұтас қоғамның дамуы үшін де маңызды. Халық даналығы «Кіндік қаны тамған жерді қадірле» деп бекер айтпаған. Сол жерді дамыту, оның болашағына үлес қосу – әрбір жастың азаматтық борышы.
Адам өзіне ұнайтын жұмыспен айналысқанда ғана шығармашылық ойлау қабілеті ашылады, еңбек өнімділігі артады, қоғамға тигізер пайдасы молаяды. Ал ол қызығушылықтың бастауы – мектеп қабырғасында қалыптасады. Қандай да бір пәнге ерекше ынта таныту, белгілі бір саланы білуге деген құштарлық, ғылым мен техниканы түсінуге деген ұмтылыс – болашақ мамандыққа апарар алғашқы қадамдар.
Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған қазіргі білім мазмұны жас ұрпақты тек біліммен қаруландыруды ғана емес, олардың білік-дағдысын дамытып, дербес ойлайтын, ізденімпаз, дені сау, жан-жақты тұлға қалыптастыруды көздейді. Бүгінгі мектеп қабырғасында оқитын әрбір жас – ертеңгі қоғамның тірегі. Сондықтан кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңыздылығы күн санап артып келеді. Жаһандық өзгерістер дәуірінде жасөспірімдерді ерте бастан болашақ мамандыққа даярлау – уақыт талабы.
Кәсіби бағдар беру – жай ғана түсіндіру немесе мамандықтар тізімін көрсету емес. Бұл оқушыларды мамандықтар әлемімен таныстыру, олардың ерекшеліктерін, қоғамдағы маңызын түсіндіру, әр мамандықтың талаптарын жас адамның бойындағы қасиеттермен ұштастыра білу. Саналы таңдау – адамның болашақтағы кәсіби жетістігінің кілті. Мамандықты жүрек қалауымен, өз қабілетін бағамдай отырып таңдаған адамның өмір жолы да сенімді, еңбегі де нәтижелі болады. Бұл таңдаудың дұрыстығы адамның психологиялық дайындығына, мінез ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына, дүниетанымына тығыз байланысты.
Осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыруда еліміздің жоғары оқу орындары да үлкен үлес қосуда. Солардың бірі – Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті. Университеттің «Жаратылыстану» факультеті, «Жаратылыстану ғылымдарының мамандықтары» кафедрасы – ғылымға қызығатын, зерттеуге құштар, жаңалық ашуға талпынған жастардың алғашқы білім ордасы. Мұнда әр студентке ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруға, тәжірибелік дағдыларын арттыруға, кәсіби бағдарын нақтылауға жан-жақты жағдай жасалған.
Аталған оқу орны – аймақтағы жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан беделді білім ордаларының бірі. 2009 жылғы 18 мамырдағы №0064058 құжат негізінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мәртебесінен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ретінде қайта тіркелуі оқу ордасының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетсе, 2025 жылғы 26 қаңтарда берілген №KZ651LAM00001066 мемлекеттік лицензия университеттің білім беру қызметін заңды әрі сапалы түрде жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде университет заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан, білім алушылардың оқу, ғылыми-зерттеу және шығармашылық белсенділігін дамытуға толық жағдай жасалған жоғары оқу орны саналады. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы, цифрлық ресурстары, мамандандырылған зертханалары, кітапхана қоры студенттер мен магистранттардың кәсіби қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Университеттің маңызды құрылымдық бөлімдерінің бірі – «Жаратылыстану ғылымдарының мамандықтары» кафедрасы. Бұл кафедра өңірде жаратылыстану бағытындағы жоғары білікті мамандарды даярлаумен айналысып келеді. Қазіргі таңда кафедраның профессор-оқытушылар құрамында 2 ғылым докторы, 1 PhD, 8 ғылым кандидаты және 10 жаратылыстану магистрі еңбек етеді. Олар білім алушыларға сапалы білім берумен қатар, ғылыми зерттеу бағыттарын дамытуға үлес қосуда. Кафедра меңгерушісі, PhD, ассистент-профессор Алия Омарова – жас ғалымдардың қатарында ерекше көзге түсетін тұлға. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «AP14972642 Электрохимиялық тұндыру» әдісімен алынған «AdSe (A – Co, Ni) нанопленкаларының фотокаталитикалық және абсорбциялық қабілетін зерттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғап, кафедраның ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.

«Жаратылыстану ғылымдарының мамандықтары» кафедрасы 2017 жылы «Математика», «Физика» және «Химия» білім беру бағдарламаларының бірігуімен қайта құрылып, бүгінде бірнеше бағыт бойынша мамандар даярлайды. Атап айтқанда, 6В05401 – Математика, 6В05302 – Физика, 6В05301 – Химия білім беру бағдарламалары бойынша жаратылыстану бакалаврлары, 6В01502 – Математика және физика, 6В01506 – Мат(IP), 6В01508 – Физ(IP), 6В01509 – Хим(IP) бағдарламалары бойынша педагог мамандар бар. Ал магистратура деңгейінде 7М01501 – Математика, 7М05301 – Физика мамандықтары бойынша ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындалады. Барлық білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттардың қарастырылуы талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік туғызады. Студенттердің білімін тереңдетуге, шығармашылық және ғылыми қабілеттерін дамытуға университет ерекше мән беруде. Соның айғағы ретінде «Математика және физика» білім беру бағдарламасының студенттері С.Тұрарбек, А.Әлімбек және Е.Ахмет. Алматы қаласындағы СДУ университетінде өткен XII Республикалық студенттік пәндік олимпиадаға қатысып, белсенділігі үшін Алғыс хатпен марапатталды. Бұл – кафедра оқытушыларының сапалы дайындығы мен білім алушылардың жоғары деңгейін көрсететін нәтиже. Сонымен қатар 2025–2026 оқу жылында «Физика» білім беру бағдарламасы бойынша 21 талапкердің мемлекеттік грант иегері атануы кафедраның беделінің артып жатқанын, білім беру бағдарламаларының сұранысының жоғары екенін айғақтайды.
Кафедра құрамындағы «Математика» білім беру бағдарламасы бүгінгі заман талабына сай іргелі және қолданбалы математика салаларында терең білімді, ғылыми-педагогикалық қызметте өз орнын таба алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Бағдарлама аясында студенттер математиканың теориялық негіздерін, заманауи есептеу технологияларын, математикалық модельдеу әдістерін меңгере отырып, күрделі ғылыми және өндірістік міндеттерді шешуге дағдыланады. Бұл білім беру бағдарламасының түлектері математика, қолданбалы математика, математика және жүйелік бағдарламалау, математикалық және компьютерлік модельдеу, экономикадағы математика, актуарлық математика сияқты салаларда кәсіби қызмет атқара алады. Олардың жұмыс нысандары ғылыми-зерттеу ұйымдары, әр түрлі деңгейдегі білім беру мекемелері, банк және қаржы құрылымдары, сақтандыру компаниялары болып табылады. Бұл мамандық түлектері цифрлық экономика дәуірінде сұранысқа ие аналитикалық ойлау қабілеті жоғары, жауапкершілігі мол мамандар ретінде қалыптасады.
Сондай-ақ «Химия» білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие, инновациялық технологияларды меңгерген, теориялық және қолданбалы химия саласындағы міндеттерді кәсіби деңгейде шеше алатын жоғары білікті мамандар даярлау. Бағдарлама барысында студенттер химиялық реакциялардың жүру заңдылықтарын, заманауи химия-технологиялық процестердің ерекшеліктерін, бейорганикалық, органикалық, физикалық, аналитикалық химияның ғылыми негіздерін терең игереді. Түлектер химиялық, экологиялық, металлургиялық, фармацевтикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарында, өндірістік зертханаларда, санитарлық-эпидемиологиялық, кедендік және сертификациялық қызметтерде кәсіби міндеттерін орындай алады. Сонымен қатар олар әртүрлі химиялық өндірістердің қоршаған ортаға әсерін зерттеп, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады.
Сондай-ақ «Физика» білім беру бағдарламасы физиканың негізгі заңдары мен ұғымдарын терең меңгертіп, студенттердің теориялық және эксперименттік зерттеулер жүргізу қабілетін қалыптастыруды көздейді. Бұл бағдарлама түлектері заманауи технологиялар мен инновацияларды еркін қолдана алатын, ғылыми-зерттеу және білім беру салаларында бәсекеге қабілетті маман болып шығады. Олардың кәсіби қызмет саласына эксперименттік, теориялық және қолданбалы физика, техникалық және жаратылыстану ғылымдары жатады. Жұмыс орындары ретінде ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалар, инженерлік және жобалық бюролар, мемлекеттік немесе жекеменшік білім беру ұйымдары қарастырылады. Физика мамандары ғылыми-техникалық прогрестің алдыңғы шебінде тұрып, жаңа технологияларды жасауға, өндірісті жаңғыртуға, ғылыми жаңалықтарды тәжірибеде қолдануға үлкен үлес қосады.
Ал «Математика және физика» білім беру бағдарламасы педагогикалық бағыттағы жоғары білікті мамандарды даярлауға арналған. Бағдарламаның мақсаты – математика мен физика салалары бойынша кәсіби құзыреттілігі жоғары, білім беру үдерісінің қажеттіліктеріне жауап бере алатын, шығармашылық ойлауы дамыған жаңа форматтағы педагог қалыптастыру. Түлектер орта мектептерде математика және физика пәндерінің мұғалімі, лицейлер мен колледждерде оқытушы ретінде қызмет етіп, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға, сабақ жоспарлауға, оқу-әдістемелік жұмыстарды жүргізуге дайындалады. Сонымен қатар олар білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысына қатысып, оқушылардың әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қолдай алады. Бағдарлама болашақ педагогтерге ғылыми-зерттеу жұмыстарына араласуға, білім саласындағы өзекті мәселелерді кәсіби тұрғыда шешуге мүмкіндік береді.
Қазіргі білім беру жүйесі қоғамның қарқынды дамуымен бірге жаңарып, өзгерістер талабына сай жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Бұл қатарда – «Математика (IP)» білім беру бағдарламасы қазіргі қоғамда сұранысқа ие, білім саласындағы тұрақты өзгерістерге тез бейімделе алатын математика мұғалімдерін даярлауды мақсат етеді. Бұл бағдарламаның түлектері мектептер мен гимназияларда, колледждерде, білім орталықтарында математика пәні мұғалімі, алгебра және геометрия бағыттарының оқытушысы, математикалық талдау пәнінің жетекшісі секілді түрлі қызметтерді атқара алады. Білім беру мекемелеріне қажетті шебер маман болу үшін студенттер теориялық білімді тәжірибемен шебер ұштастырып, кәсіби құзыреттілікті терең меңгерсе «Физика (IP)» білім беру бағдарламасы заман талаптарына сай физика мұғалімдерін дайындауды көздейді. Бүгінгі заманның мұғалімі тек пәнді меңгеріп қана қоймай, өзгермелі ортаға бейімделе алатын, цифрлық білім ресурстарын қолдана білетін, күрделі жағдайларда шешім қабылдай алатын тұлға болуы шарт. Бағдарлама түлектері жалпы білім беретін мектептерде, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында физика пәнін оқытып, ғылым мен білімнің тоғысқан салаларында қызмет атқара алады. Сонымен қатар олар физика және математика бағытындағы ғылыми-зерттеу орталықтарында, мемлекеттік мекемелердің білім саласы бойынша бөлімдерінде жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Сонымен бірге «Химия (IP)» білім беру бағдарламасы химия ғылымының негізін терең меңгерген, кәсіби-педагогикалық даярлығы бар, білім беру үдерісін заманауи әдістемелерге сүйене отырып жүзеге асыра алатын мамандарды дайындауды мақсат етеді. Бағдарлама аясында органикалық, бейорганикалық, физикалық химия пәндері тереңдетіліп оқытылып, болашақ мұғалімдердің зертханалық жұмысты ұйымдастыру дағдылары қалыптасады. Түлектер ғылыми қызметкер, колледж оқытушысы, химия пәнінің мұғалімі ретінде елдің білім және ғылым саласына үлес қоса алады. Ал «Физика» білім беру бағдарламасы магистратура деңгейінде ғылыми-педагогикалық және инновациялық бағыттағы терең білімді меңгеруге мүмкіндік береді. Бағдарламаның басты мақсаты – классикалық және заманауи физиканы жан-жақты игерген, ғылыми зерттеулер жүргізе алатын, талдау жасайтын әрі педагогикалық тәжірибені дамыта білетін жоғары білікті мамандар даярлау. Түлектер ғылыми зерттеу институттарында, конструкторлық бюроларда, өндірістік кәсіпорындарда, білім беру ұйымдарында және телекоммуникация саласында қызмет атқаруға қабілетті.
Сондай-ақ «Математика» білім беру бағдарламасы магистранттарға ғылыми-педагогикалық даярлықты меңгеруге, білім мен ғылым интеграциясы арқылы жаңа технологияларды дамытуға мүмкіндік береді. Бағдарлама орта білім беру, арнайы және кәсіптік-техникалық білім беру, жоғары білім беру жүйесінде қызмет етуге бағытталған. Бұл бағытта дайындалатын мамандар математиканы оқытуда жаңа әдістерді енгізуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және білім беру саласында инновациялар жасауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар кафедра түрлі мекемелермен тығыз ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнатқан. «Казфосфат» зауыты, Білім кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі, №15 мектеп-гимназия, Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназия, №64 мектеп, «Келешек–Тараз» ғылыми-интеллектуалдық лицейі, «Энерджи-Тараз» ЖШС, «ЛС компани» сүт цехы, «Тараз-Ғасыр» колледжі секілді серіктестермен жасалған келісімшарттар студенттердің тәжірибеден өтіп, кәсіби дағды қалыптастыруына зор мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастық жүйесі болашақ мамандардың нақты өндірістік ортада білімі мен қабілеттерін шыңдауға жол ашады.
Қорта айтқанда, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті – тек білім беретін орын ғана емес, ғылым мен инновацияға бағытталған заманауи орталық. Университет қабырғасынан жыл сайын түрлі салада қызмет етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген білікті мамандар түлеп ұшуда. Ал «жаратылыстану ғылымдары» кафедрасының ұйымдастырылуы, ғылыми бағыты мен нәтижелі жұмысы университеттің стратегиялық мақсатына – бәсекеге қабілетті, жаңа заман талаптарына сай мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосып келеді.

Жанар ЕСДАУЛЕТОВА,
«Жаратылыстану ғылымдарының мамандықтары» кафедрасының
сеньор-лекторы, жаратылыстану магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.