Қалалық қоғамдық-саяси газет

Билік пен бұқара ашық пікір алмасты

0 199

Өткен айдың 30-шы жұлдызында басталған қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовтың халық алдындағы есеп беру жиынының түйіні қалалық мәдениет үйінде өтті. ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысқан алқалы жиында былтыр облыс орталығында атқарылған жұмыстар мен биылға арналған міндеттер көпшілік назарына ұсынылды.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Ю.Ким

Есептік кездесуді ашқан қала әкімі алдымен шаһар экономикасының негізі саналатын өнеркәсіп саласына тоқталды. «2018 жылы облыс орталығында 240,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,1 пайызды құраған. Жалпы өнеркәсіп құрылымының 38,4 пайызы – химия, 22,2 пайызы – электр, жылу, газ және сумен қамту, 6,1 пайызы тамақ өнеркәсібі мен 12,4 пайызы машина құрастыру, металл өңдеу салаларына тиесілі», – деген Ғалымжан Әбдірайымовтың баяндауына қарағанда, Тараз өндіріс көлемі жағынан республикада 14-орын алады. Ал негізгі капиталға түскен инвестиция 69,3 миллиард теңгені құрап, 104,9 пайызға орындалған. Бұл бағыттағы жетістіктер арқылы Әулиеата өңірі басқа облыс орталықтарының арасында 11-орынды иеленіп отырған көрінеді.

– Биылғы бюджет 66,8 миллиард теңге көлемінде бекітілді немесе өткен жылмен салыстырғанда 23,5 пайызға жоғары. Оның ішінде қала бюджетінің өзіндік кірістері 15,5 пайызға ұлғайтылып отыр. Мемлекеттік бюджетке 39,9 миллиард теңгеге салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 107,3 пайызға орындалды. Қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 16573 адамды құрады. Ал жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 70 057 азамат кезекте тұр. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 243,7 мың шаршы метр немесе нақты көлем индексі 127 пайыз болды. Жалпы, өткен жылы 1040 пәтер пайдалануға берілді, – деді шаһар басшысы.

Былтыр бір жылдың ішінде-ақ Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» жəне Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтар, «Желтоқсан» аллеясы, темір жол бекеті алдындағы «Көне Тараз» сквері, «Үшбұлақ» каналы жағалауының 1-кезеңі, «Достық» алаңындағы және облыстық әкімшілік алдындағы су бұрқақтары мен алаңдары жаңғыртылып, ашылған нысандар көпшілік көңілінен шықты. Осы бағыттағы жұмыстар өз кезегінде 2019 жылы Төле би даңғылының бойымен Сыпатай батыр көшесінен бастап «Қарахан» кесенесіне дейінгі сквері, жаяу жүргіншілер аймағы мен аллеясы, «Тараз-Арена» кешенінің маңындағы «Даңқты спортшылар» аллеясы және «Мамыр» саябағын абаттандыру мен «Көне Тараз» кешенінің маңында биіктігі 35 метрлік «Сағат» стеласы орнатылып, жалғасын табады. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша алдағы келе жатқан Наурыз мейрамына облыс және қала тұрғындарына тарту ретінде Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» аллеясын абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Осы демалыс орнын Асқар Исабекұлы «Жастар аллеясы» деп атауды ұсынды. Көпшіліктен қолдау тапса, бұл Жастар жылына арналған елеулі оқиға болары сөзсіз.

Есепті жиында баян етілгендей, облыс орталығында өткен жылы тындырылған тірліктер баршылық. Десек те, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес екен. Өйткені осыған дейін қала әкімінің есебіне байланысты шаһардағы қоғамдық орындарға қойылған арнайы жәшіктерге бірде-бір сын-ескертпе, өтініштер түспегенімен, мұнда жиналған қалың қауымның арасынан сұрақ қоямын деушілердің қарасы көп болды.

Алғаш болып №10 аумақтық округінің тұрғыны Қайрат Шаханов «Шалғай Қарасу» алқабындағы жаңа мектептің құрылысы қашан жүргізілетіндігін сұрады. Келесі сөзді алған №3 емхана тіркеуіндегі Нұрила Досанова өз учаскесіне бекітілген терапевтің жұмысын жөнді атқармай жүргендігіне шағымданды. Ал 2-ықшам ауданы №29 үйдің тұрғыны Әмірхан Төленов аталған көп қабатты баспананың шатыры жөнделмей келе жатқандығы мен осы үйдің қасында орналасқан жанар-жағармай құю стансасының тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып отырғанын сөз етті. Көтерілген мәселе бойынша «Биыл қала бюджеті есебінен бөлінген 190 миллион теңгеге барлығы 12 үйге жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен басталады. Ал әлгі стансаға байланысты мәселе назарда ұсталады» деген жауап қайтарылды. №2 аумақтық округ тұрғыны Оразбек Өскенбай қалалық жолаушылар көлігінің интервалы мен кешкі уақыттағы кестеге сай жүруін қадағалауды өтінсе, «Көлтоған» алқабының тұрғыны Наргиз Сәлімбаева аталған елді мекенді газдандыру мен электр жарығының тарифіне байланысты сұрақ жолдады. Сауалдарға тиісті жауаптары қайтарылған соң, бүлдіршінін көтерген ана сөз алды. Т.Рысқұлов ауданынан жұмысқа байланысты Таразға көшіп келіп, үй кезегінде тұрғанына 7 жыл болған 7 баланың анасы Айнұр Серікбаева баспана мәселесіне көмек беруін өтінді. Себебі, 4 баласы мектеп жасында, 1 перзенті балабақшаға барса, оның сыңары қолындағы 6 жасар баласы екен. Айтуынша, әлі күнге жүре алмайтын балақайдың мүмкіндігі шектеулі, өздері тозығы жеткен үйді жалдап тұрып жатыр екен. Ал Қазыбек би көшесінің тұрғыны Әйгерім Қуанышбек мемлекет тарапынан бұзылуға кететіндіктен, үйіне ешқандай жөндеу жұмысын жүргізе алмай отырғанын алға тартты. Нысан иесі осыған байланысты әкімшіліктен қол ұшын беруді сұрады. Ал биылғы жылға байланысты Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа жастар тарапынан 3 ұсыныс айтты.

«Оның біріншісі – жағдайы төмен азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу үшін арнайы қор құрсақ. Келесісі, салынып жатқан баспаналарды әктеп-боямастан, бастапқы (черновой) күйінде сататын жоба, соңғысы бойынша, қалтасы жұқаларға арналған жатақханалар сияқты жалдамалы үй-жайлар салынса, олардың бағасы нарықтағыға қарағанда 2 еседей арзан болар еді», – деді ол. Бұдан бөлек, кейбір тұрғындар жер, су, өмірден озған Еңбек Ерлерінің есімін ел есінде сақтауға байланысты ой-пікірлері мен алғыстарын білдірсе, енді бірі 11 аумақтық округте өткен кездесулерде сөз болып қойған мәселелерді қайта қозғады.

Жиында облыс орталығына қатысты тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға шаһар басшысымен қатар жауап берген облыс әкімі Асқар Исабекұлы бұзылатын үйлерге қатысты ақпараттардың ашық болуын баса айтса, учаскелік полицейлердің биыл жұмыс істеу тәртібі бекітілетіндігін мәлім етті. Сондай-ақ Тараздың негізгі көрсеткіштерінде салыстырмалы түрде өсім болғанымен, жауапты тұлғалар бірқатар міндетті межелерге қол жеткізуде сылбырлыққа жол бергенін де бүкпеді. Асқар Мырзахметов қала экономикасын өркендетуде өңдеу өнеркәсіп орындарымен бірлесе жұмыс атқару қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ өңір басшысы қаладағы көпшілікті алаңдатып отырған қоғамдық-әлеуметтік мәселелердің үнемі назардан түспейтінін, оларды шешу жолында тиісті шаралар облыстық деңгейде қаралып жатқанын да атап өтті. Тек Тараз қаласы емес, облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың нақты санын анықтап, қолдау шаралары өткен жылдан басталғандығын айтқан Асқар Исабекұлы олардың жалдамалы әлеуметтік тұрғын үй мәселесін тиімді шешу жолдары да сараланып жатқандығына тоқталды. Сонымен қатар жиында өңір басшысы бірқатар индикаторлардың межеленген көрсеткішінің орындалғанын да назарға алды. Асқар Исабекұлы бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеп, алдағы уақытта тек қаланың ғана емес, өңірдің де көрсеткіші тындырымды тірлікте екендігін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.