Қалалық қоғамдық-саяси газет

Билік пен бұқара арасын байланыстыру қажет

0 790

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында елдегі ахуал жайында айтып, нақты міндеттерді баяндады. Оның ішінде ең негізгі мәселе – елдегі тұрақтылықты сақтау. Халықтың әлеуметтік жағдайы, билік пен халықтың арасындағы алшақтық мәселесі де өзекті болып отыр. Мұны реттеу үшін аймақ, қала, аудан әкімдері аумақтарды жиі аралап, халықтың ортасында болуы керек. Сонымен қатар Президент «Халықтық қор» құру туралы ұсыныс айтты. Бұл ең әуелі халықтың әлеуметтік жағдайының артуына үлкен септігін тигізбек. Мемлекет басшысы жиында қордың қалай құрылып, оны кім басқаратыны, қалай дамып, қаражатты қайдан алатыны жайында толығырақ баяндады. Мен өзім білім саласындағы азамат ретінде Президенттің білім беру саласы жөнінде айтқан пікірлерін қолдаймын. Ауылдық жерлерде білікті ұстаздар даярлау мақсатында, елімізден алыс-жақын шетелдегі іргелі оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде айтты. Бұл, расында, білікті кадрлар даярлап, білім саласын нығайтуға серпін беретіні анық. Тағы бір өзектісі – шекара, көлікке салынатын салық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы ҰҚК мен Бас прокуратураға тапсырма берді. Президент жұмыссыздық мәселесі туралы да жан-жақты айтты. Кешегі бейбіт шеруге жастар ілесіп, оған қоса экстремистердің араласуы баршамыздың қабырғамызға батты. Қазір қарап отырсақ, шерудегі бейбіт халықтың орынды ұсыныс-талаптары орындалуда. Үкіметтің отставкаға кетуі, сұйытылған газ бағасының төмендеп, жұмыссыздық мәселесін шешу секілді талаптар бірден қолға алынды. Әскерді, жергілікті полиция қызметін күшейтіп, осы бағытта кадрлар даярлаумен қатар құзырлы орган қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі де қаузалды. Бір сөзбен айтқанда, жуық арада атқарылатын шаруа өте көп. Біз, жамбылдықтар елдегі жағдайды ескере отырып, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қазіргі ахуалға байланысты қабылдаған жедел шешімдерін қолдауымыз қажет.

Ерболат САУРЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.