Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Биіктен көріну үшін білім қажет»

0 538

«Шахристан» этнотарихи кешенінің «Көрме орталығы» базасында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарымен кездесті.

Дарынды жастар биік асуларды бағындыруды мақсат етіп, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында өздерінің терең білімдерін көрсету жолында еңбек етіп келеді.
Облыс әкімімен кездесуге 93 дарынды оқушымен қатар, мектеп басшылары және пән мұғалімдері қатысты.
2021-2022 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауына облысымыздың 50 оқушысы қатысып, оның ішінде 29 жас дарын алтын, күміс, қола медальдерді жеңіп алған болатын. 7 оқушы Шымкент қаласы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқу гранттарына ие болды.

Бүгінде облыс мектептерін бітірген дарынды оқушылар әлемнің, еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алып, еңбек етуде.
Биылғы жылы да дарынды оқушыларымыз білім додаларында биік шыңдарды бағындырып, жоғары жетістіктерден көрінуде.
– Адамның бойында бір жетістікке жетсем, сол шыңды бағындырсам деген арман болады. Ол арманға жету жолында барыңды саласың. Және сол өзің мақсат тұтқан асуыңды алған соң, келесі биікке жету жоспарын құрып, соған жету жолын қарастырып, биіктей түсуге талпыну – адами міндет, парыз. Кәсіби маман болу бір бөлек, жалпы қоғамда дұрыс бағыт алу үшін адал еңбек етіп, биіктен көріну үшін ең алдымен білім қажет екені анық, – деді облыс басшысы. Сонымен қатар кездесу барысында оқушылар облыс басшысына түрлі сауал қойып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алды. Жеткіншектер көбіне білім, тәлім-тәрбие, еңбек, арман-мақсат жайлы білгісі келетіндіктерін жеткізді.
Ағымдағы оқу жылында «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Сапыбек Дінмұхамед пен Салдан Ануар 18-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасында қола медальдерді қанжығаға байлап, Сапыбек Дінмұхамед Қазақ-Британ техникалық университетінің 100 пайыздық грантына ие болды.
Ал Өзбекстанда өткен халықаралық Әл-Ферғани атындағы физика олимпиадасында Сапыбек Дінмұхамед күміс медаль иегері атанса, Республикалық Қ.Сәтбаев олимпиадасында Диас Қоршыбек топ жарып, алтын медальді жеңіп алды.
Сонымен қатар «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Марғұлан Шарел Леонард Эйлер атындағы Халықаралық математикалық олимпиададан алтын медальді және Халықаралық математикалық «Жібек жолы» олимпиадасынан қола медальді жеңіп алды.
Мәскеу облысы, Королев қаласында Ресей Федерациясының жоғары білім және ғылым министрлігінің Халықаралық ЮНЕСКО/ХООС кафедра-желісі Департаментінің ұйымдастыруымен офлайн форматта өткен оқушылардың «Адам – Жер – Ғарыш» қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының бүкілресейлік олимпиадасына қатысқан 12 оқушы алтын және күміс медаль иегерлері атанды.
«Қолданбалы лингвистика» олимпиадасының республикалық кезеңінде Мұстафа Али, Шамшиева Джамиля және Ким Альбина жеңімпаз атанып, І, ІІ дәрежелі дипломдарға ие болды. Осы олимпиадада алтын медаль иеленген Мұстафа Али 2022 жылы Ұлыбританияның Біріккен Корольдігіндегі Мэн аралында Ел намысын қорғау құқығына ие болды.
Сондай-ақ облыс оқушылары «Ақберен» өнер байқауы мен Абай оқуларында, 8-11 сынып оқушылары арасындағы М.Мақатаев оқулары, жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» ІІІ республикалық интеллектуалдық конкурсы, «Мамандықтар әлемін ашамыз» атты республикалық форумы сынды өнер, көркемсөз оқу байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
2019 жылдан бастап «Ел үміті» бастамасы аясында «Елбасы медалі», «Мың бала», «Қабілет», «Бірге оқу» сияқты бірқатар жобалар іске асырылуда.
«Елбасы медалі» жобасында 208 оқушы Елбасының медальдерін иеленді, оның ішінде 1 алтын, 5 күміс және 202 қола бар.
Ауылды жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына соңғы екі жылда қатысқан 27 мың оқушының 258-і жеңіске жетті. Қазір 91 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылса, 110 оқушы «Бірге оқу» онлайн мектебінде білім алуда.
Облыс басшысы жиын соңында дарынды жастарға алғыс білдіріп, қаржылай сыйақының сертификаттарын табыс етті. Ал жеңімпаз оқушыларды дайындаған 15 мұғалім Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Диляра Дархан 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.