Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бесігі мен берекесін қатар тербеткен

0 301

Бақытты отбасы атанудың өз ережесі бар. Ол сызып қойған қоршау, қатырып қойған қалып немесе бекітіп қойған шеңбер емес. Ол түйсік, сана, ой деген ұғымнан тамыр жайып, сый-құрмет деген ерекше қасиеттен бастау алған кіші мемлекеттің жазылмаған заңдары.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қос жүректің одағының орындалуға тиіс қағидасы, үнсіз ұғысатын үрдісі бар. Жылда үй мүшелерінің туған күні. Себепсіз айтылатын сұлу сөздер. Айтқызбай орындалатын ережелер. Ортақ келісім мен ортақ шешім. Мұның барлығы әр үйде әртүрлі жолмен өрбиді, толығады, толықтырылады. Содан барып, толыққанды толайым отбасының ережесі тамыр жаяды.

Қиын-қыстау кезеңдерден бірге шығу, ақылдасу мен бір-бірінің ойына құлақ асу, барлық қажеттілікке қолжетімділікті қалыптастырып, бір-бірінің ойына құлақ асып, көзқарасымен санасу одақтың орнықты, орынды болуына, тұғырының берік болуына алып келеді. Жалпы отбасылық ережелер – бұл отбасы мүшелеріне қалай қарау дұрыстығын қалыптастыратын жағымды пікірлердің жиынтығы ғана емес, сонымен қатар әрбір бастамасына қолдау көрсетіп, бір-бірінің идеясына құрметпен қараудан тұратын тұрақтылық.

Өнегелі ойдың озық үлгісін алға қойған Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен «Отбасын қолдау мектебі» жобасы аясында ошағының отын сөндірмей, босағасын бесігімен бекіткен көпбалалы аналардың арманын алға жетелеп, «Бизнес бастау» курсынан өткен қыз-келіншектердің білмегенін білдіріп, білгенін дамыту мақсатында «Отбасы институтын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында айтары мол, айшықты кездесу өтті.

Кездесуге облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева, Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы, өткен жылдың үздік менторы Айнұр Заурбекова, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали қатысты. Кеш барысында көш басында жүрген көріктілердің әңгімесі ә дегеннен-ақ жарасып кетті. Кәсібінің нәсібін көріп, кәсіби шеберліктерін шыңдап, қолға алған істерін дамыту жөнінде ақыл-кеңес беріп, діттеген межеге жету мақсатындағы маңызды ақпараттармен алмасты.
Төрдегіні төре етіп, есіктегі басты төрге сүйрейтін бастамалардың даму процесіндегі тілектерінің тиегі ағытылған кездесуде қыз-келіншектердің көкейіндегі сауалдарға да жауап алынды. Сондай-ақ кәсібін кеше бастап, күні бүгін көркейіп, даму процесінде өркендеп келе жатқан әрбір істің ілгері жылжыған жолында кездесер қиындықтарына мойымай, қайта өрлей түсуіне ықпал етудің қыр-сырымен бөлісіп, егжей-тегжейлі түсіндіріп те берді.
Алғашқы болып сөз алған Меруерт Кәттабайқызы нәзікжандыларды қиындыққа мойымай, жолай жолыққан кемшіліктерден сабақ алып, мойымай, керісінше, мүмкіндіктерді жіберіп алмай, тек биік белестерден көрінуге кеңес беріп, өз өмір жолындағы алған сабақтарын мысалға келтіріп, биікті бағындыруға шақырды.

– Үйде отырған көпбалалы аналарды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, мүмкіндік сыйлау – біздің басты мақсатымыз. Ерекшелігі сол – «қоғамнан не аламын?» деп емес, «қоғамға мен не бере аламын?» деген адам өмірде жетістікке жетеді. Әйелдердің өмірге деген құлшынысын, түрлі салаға үйренсем, білсем деген ниетін арттыру көп мүмкіндікпен қатар, көңілдеріне сенім сыйлайды. Ортада азаматшалар кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін. Мен де түрлі қиындықты басымнан өткердім. Бірақ бәрі жақсы болатынына, тек биіктен көрінетініме сендім, – деді Айнұр Заурбекова.
Одан бөлек, әлеуметтік желіде жетістікке жету жолдарымен бөлісіп, жобаға қатысқан қыз-келіншектер де өздерінің желіде көп мүкіндікке ие екендерін ұқты. Алдағы уақытта онлайн жарнама жасап та көп түйінді мәселені шешуге болатынын біліп, бесігі тербелген үйдің берекесі мол екенін айғақтап, сұрақтарына жауап та алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.