Қалалық қоғамдық-саяси газет

Берлинді бірінші бомбалаған Біләл Қалиев

0 400

Соғыс. Осы бес әріптен құралған бір ауыз сөздің астарында қаншама елдің тағдыры, талай адамның зар-мұңы жатыр. Аңыраған ана, қаңыраған үй, еркелігін ұмытқан жетім, осының бәрі айтуға ауыр бір ғана ұғымның аясына сыйып кетеді. Жесір әйелдің жанарындағы жас пен жетімектің деміндегі күрсініс – қасіретті сол күндердің өшпес айғағы.

Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлер қай заманда да аз болған жоқ. Жұртының басына қайғының қара бұлты үйірілген сондай бір шақтарда үйде жатуды ар санаған Қалиевтер отбасы да үш бірдей азаматын майданға аттандырған.
– Әкем Әбіл 1914 жылы Маңғыстау облысының Маңғышлақ ауданында дүниеге келген. Бірақ жастайынан жетім қалған ол інілерімен бірге ашаршылық кезінде Түркіменстанның қазіргі Түркіменбашы қаласына қоныс аударады. Қан майдан басталған кезде әкем ревизор болып жұмыс істеп жүрген екен. Содан қасындағы жолдастарынан қалмай, 1941 жылы майданға аттанады. Жастайынан аң аулап өскендіктен, мергендігі бар болатын. Сол қасиетін байқаған әскери комиссариат оны шамалы дайындықтан өткізіп, снайперлік құрамға жібереді. Сосын Украинадағы алғашқы ұрысқа қатысады. Алайда кейін ауыр жарақат алып, жауырыны мен қолы жарамсыз болып қалады. Салдарынан әскери госпитальде емделіп шыққан соң, оны пулеметшілер бөліміне ауыстырады. 1944 жылы қайтадан жарақаттанып, контузия алады. Сондықтан немістің қолға түскен тұтқындарын күзететін арнайы жасақ құрамына жіберіледі. Соғыс аяқталған соң қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, елге 1947 жылы бір-ақ оралады. Майданнан келгеннен кейін де өзінің ревизорлық қызметін әрі қарай жалғастырып, отбасын құрады. Анамыз екеуі 11 баланы тәрбиелеп өсірді. Кейін Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм аудандарында көшіп келеді. 1981 жылы Тараз қаласына қоныс аударып, содан бері осы өлкеде тұрмыс кешудеміз, – дейді Болат Әбілұлы өткенге көз жіберіп.
Отбасындағы ортаншы ұл Біләлдің ерлігі аңызға бергісіз. Ол 1917 жылы Каспий жағасында дүниеге келген. Сол кездегі Красноводск қаласында (Қазіргі Түркіменстанның Түркіменбашы қаласы) орта мектепті бітіріп, кейін алты айлық статистер курсын аяқтайды. Бір жылдай «Ягман» көмір кенішінде жұмыс істей жүріп, ұшқыштар даярлау мектебінде білім алады. 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Черниговте ұшқыштар училищесін бітіргеннен кейін Запорожье қаласында әскери қызмет етеді. Соғысқа сол арадан аттанады. Ол әскери борышын өтеген бөлімше Испанияда Франкоға қарсы шайқасқан. Бірақ оған жауынгер Біләлдің қатысқан-қатыспағандығы белгісіз.
Ұлы Отан соғысы Қызыл Әскер үшін барынша қолайсыз шақта басталғаны белгілі. Кеңестік әскери басшылық фашистік шабуылдың ауқымын алдын ала білмегендіктен, ірі стратегиялық кемшілік жіберіп алады. Себебі олар жау күшінің бір бөлігі ғана соғысқа тартылады деп есептеген еді. Ал фашистер болса майдан даласында басты бағыттардағы екпінді бөлімдердің 80 пайызға жуық жаяу әскерін алға шығарады. Олар қаптаған танкілермен Қызыл әскерді бұзып-жарды, қоршап алады.
22 маусым күні таңғы уақытта Одақтың әскери әуежайларына мыңға жуық ұшақ жойылып кетеді. Олар тіпті орындарынан ұшып та үлгермеген. Сондай-ақ шайқасқа қатыса алатын танкілердің басым бөлігіне жанармай жетіспейді. Міне, сондықтан да соғыстың алғашқы кезеңінде майданның көптеген учаскелерінде жауынгерлеріміз танкілер мен авиацияның көмегінсіз іс-қимыл жасауды ұйғарады.
1941 жылдың 10 шілдесіне дейін неміс әскерлері Литва, Латвия, Белоруссияны түгелдей, Украина аймағының біразын басып алды. КСРО жерінің солтүстік-батыс өңірі- не – 500 шақырым, батысына – 600 шақы-рым, оңтүстік-батысына 350 шақырым бойлай кіреді. Солай бола тұрса да, миллиондаған қызыл әскердің өзін-өзі құрбандыққа шалған биік рухы, батылдығы, табандылығы, теңдесі жоқ ерлігі арқасында Гитлердің «жойқын соғыс» жоспары біртіндеп кері кете бастайды.
Сөйтіп, 1941 жылдың 22 шілдесінде, яғни соғыс басталған соң бір айдан кейін, неміс фашистерінің «Геринг қырандары» деп аталған ұшқыштары ұшып келіп, Мәскеуді бомбалаған. Бұдан кейін кеңестік әскери әуе күштерінің алдында Берлинді бомбалау міндеті тұрды. Алайда екі ара тым алыс еді. Үлкен есептеулер мен тыңғылықты зерттеулер арқасында ДБ-3 (дальний бомбардировщик) деп аталатын ИП-4 ұшақтары Балтық теңізіндегі Сааремаа аралының әуежайынан ұшқанда ғана Берлинге барып қайтуға шамасы жететіні белгілі болды. Шындығын айтқанда, мұндай көзсіз ерлікке бару оңай емес еді. Сталиннің тікелей бұйрығымен қолға алынған бұл істе кеңестік ұшқыштардың ішінен ең мықты дегендері іріктеліп алынған. Солардың қатарында ұшқыш Удовиченко мен Павел Иоффе және Біләл Қалиев үшеуінен тұратын экипаж бар болатын.
1941 жылы 8 тамыз күні Балтық теңізінің Сааремаа аралынан алысқа ұшатын ДБ-3 бомбалаушы ұшақтары түн жамылып, Берлинді бетке алады. Балтық флотының 1-ші авиаполкінің командирі Е.Н.Преображенскийдің әуе қырандары еш кедергісіз ойламаған жерден Берлин аспанында еркін самғап, неміс астанасын аяусыз бомбалайды. 16 тамыз күні бұл сапар тағы қайталанады. Балтық майданы Әскери кеңесінің Берлинге жасалған екінші әуе шабуылы жөніндегі баяндауында мынандай жолдар бар: «16 тамыз. 00 сағат 50 минуттан 02 сағат 40 минутқа дейін Берлинді бомбалау жөніндегі тапсырманы орындау… 4 ұшақтан оның маңындағы Штеттин, Нейбранденбург қалаларына 5-ФАБ-250 (Фугас әуе бомбасы), 56-ФАБ-100 және 62-ЗАБ-50, ЗПБ-600 (өртегіш бомбалар) тасталды».
Міне, осы ақпарат «Совинформбюроның» әуе толқындары арқылы хабарланғанда күн сайын беріліп жатқан қайғылы жағдайлардан еңсесі езілген ел тұрғындарының жігерін жанып, көңілін көтерді. Берлиннің бомбалануы жөніндегі хабар олардың бойында жоғалып бара жатқан сенім ұшқынын қайтадан лаулатады.
Осындай жауапты да аса қауіпті тапсырманы орындауда асқан ерлік пен кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көрсеткен ұшқыштарға Кеңес Одағының Батыры атақтары берілді. Солардың қатарында Біләл Қалиев те болған. Бірақ осы ұшқыштар келесі бір тапсырманы орындау кезінде қайтып оралмады. 1942 жылы жау нысаналарын бомбалап қайтып келе жатқан екі ауыр ұшаққа «мессершмиттер» лап қояды. Күш тең емес еді. Мұны Хворостянка селосының тұрғындары анық көреді. Қызыл әскердің екі ұшағы да от-жалынға оранады.
– Әкем соғыстан оралған соң, Біләл бауырын іздеуге бел шеше кірісті. Сол кісінің айтуымен барлық мұрағаттарға сұрау салып, алғашында құжаттарды там-тұмдап қана жинай алдық. Барлық жерден «Әскери тапсырманы орындау кезінде қайтып оралмады» деген жауаптар алдық. Яғни із-түссіз жоғалғандардың санатында болған.
Біләл ағам 1941 жылы кезекті бір тапсырманы орындап жүргенде жарақат алып, оны үйіне қысқа мерзімді демалысқа жібереді. Қан қасаптың енді басталып, әскер күші жетпей жатқан кезінде жауынгерлерді демалысқа жіберу өте сирек кездесетіні белгілі. Мұндай құрмет ерлігімен көзге түскен батырларға ғана жасалса керек. Сол келгенінде ағам Сталиннің өзі сыйға тартқан, орысша айтқанда, «именной» сағатын тағып келеді. Сөйтіп, оны қарындасы Аққазға сыйлап кеткен екен. Жарты әлемді билеген Сталин кез келгенге мұндай тарту жасай бермейді. 1942 жылы үйіне ағам туралы «қара қағаз» келеді. Содан бастап ол туралы ешқандай дерек табылмайды. Сөйтіп жүргенде, Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында, яғни 1985 жылы Ресейдің Хворостянка селосының тұрғындары қызылізшілерге 1942 жылы 14 шілдеде осы жерге Кеңес ұшақтарының құлағанын айтады. Қызылізшілер орманға, балшыққа құлаған ұшақтарды да, ұшқыштардың мәйітін де табады. Сонымен бірге олар ұшқыштардың кім екенін, қандай әскери бөлімде болғанын және олардың Берлинді алғаш бомбалағанын анықтайды. Хворостянка селосының маңында құлаған ұшақта Павел Иоффе, Иван Удовиченко мен Біләл Қалиевтің болғанын олардың мойындарындағы капсула-медальондағы мәліметтер дәлелдейді. Олардың Балтық теңізінің Е.Н.Преображенский басқарған 1-ші авиаполкінің құрамында 1941 жылы тамыз айында Берлинді бомбалағаны да белгілі болады.
Осылайша, қызылізшілер Біләл әскерге алынған Түрікменстанның Красноводск маңындағы Уфра кентіне хабар жібереді. Жерлестері «ұшқыш Біләл Қалиев – Совет Одағының Батыры» деп жар салады. Оны өз көзімен оқығандар болған. Бірақ ол құжаттар сақталмаған. Батырдың туған-туыстарын да ұзақ уақыт іздестіреді. Бірақ ешқандай хабар болмайды. Оның өзіндік себебі де бар болатын. Жоғарыда айтқанымдай, біздің отбасымыз бұл кезде Қарағанды облысына, одан кейін Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм ауданына көшіп келген еді.
Әкем Әбіл өзінің батыр інісін көзі жұмылғанша жоқтаған жаны жаралы адам еді. Талмай іздегенімен, еш дерегін біле алмай жүргенде 1989 жылы ол Уфрадағы Біләл оқыған №3 орта мектептің мұғалімі Нина Дәулетовадан қуанышты хат алады. Осы хаттың ізімен ол бізді қасына ертіп, інісінің жерленген жері Липецк облысының Хворостянка селосындағы «Бауырластар» зиратына барып, рухына тағзым жасады. Сол жерге сонау Әулиеатадан алып келген туған жер топырағын төгіп, құран оқыды. Алайда басына бөлек құлпытас орнатуға рұқсат берілмеді. Енді әкем інісінің «Кеңес Одағы Батыры» атағын қалпына келтіру ісіне кірісті. Бірақ ол ісін аяқтай алмай, 1995 жылы дүниеден озды. Анам да көзі жұмылғанша әкемнің бауырының жоғын түгендеумен айналысты. Енді бұл міндет артында қалған бізге жүктеліп отыр, – дейді Болат Қалиев ағынан жарылып.
Кейбір деректерде кезекті тапсырмадан оралмаған ұшқыштарды немістердің қолына түсті деп күдіктенген Кремль олардың барлығынан «Кеңес Одағының Батыры» атағын қайтарып алған деседі. Алайда бұл дәлелденген ақпарат емес. Дегенмен сол кездегі Кеңес билігі тұтқынға алынған немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерін халық жауы ретінде санағаны тарихтан белгілі.
– Әрине, бүгінде ағамның есімі барынша ұлықталуда. Айталық, оның есімі Түрікменстандағы ол оқыған орта мектеп пен көшеге берілсе, Жаңаөзен қаласы мен Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылында да оның атындағы көшелер пайда болды. Сондай-ақ ескерткіш тақталар орнатылып, бюсті бой көтерді. Маңғыстау облысында да жыл сайын Біләл Қалиевке арналған ауқымды кештер мен спорт шаралары өткізіліп тұрады. Бір күні тарихи әділдік орнап, оның өзіне тиесілі атағы қайтадан ораларына сенімім зор, – дейді Болат Әбілұлы.
1926 жылы өмірге келген әулеттің кенже ұлы Шілтен Қалиев 1944 жылы 18-ге толар-толмас шағында әскер қатарына алынады. Сол жерде қысқа мерзімді офицерлік курстан өтіп, Пруссия және Германиядағы майдан даласына жіберіледі. Берлинді басып алу операциясына қатысып, сол жерде жараланады. Кейін өзін емдеген Нина есімді медбикемен көңіл қосып, отау құрады. Қан майданнан кейін де барлаушылық қызмет атқарып, 1952 жылы елге «подполковник» шенімен оралады. Зейнетке шыққаннан кейін Тараз қаласына көшіп келіп, 1991 жылы көз жұмады.
Әрине, қазақ даласында жауға қарсы тұрып, көзсіз ерлік көрсеткен қаһармандар жетерлік. Олардың барлығы қандай құрметке болса да лайық. Таулардың алыстаған сайын биіктейтіні тәрізді, жылдар өткен сайын кешегі жауынгерлердің де даңқы арта түсуде. Ерлігінен өнеге алатын халқы барда олардың есімі ешқашан ұмытылмайды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.