Қалалық қоғамдық-саяси газет

Береке қонған Байзақ жері

0 440

Өр тұлғалы Алатау мен қазыналы Қаратаудан қуаттанып, арынды Таластан нәр алған Байзақ ауданы Жамбыл облысының оңтүстігіне орналасқан. «Батырлар мен ақындардың, спортшылардың елі» атанған ауданның тарихы шежіреге толы. Өңірде Кіші Бурыл тауының тасына Қобыланды батырдың жүйрігі Тайбурылдың тұяғы тигені тарихтан аян. Ырысты мекеннің топырағында 1730-1740 жылдары жауына арыстанша атылып, Абылайдың жансерігі атанған Мәмбет Күнбасұлы, қазақ-жоңғар соғысының айтулы қаһарманы, «ақ сауытты, алмас қылышты» Қосы батыр Сәмбетұлы, Сеңкібай би Қабанбайұлы, 60-қа тарта каналдар қаздырып, халқын отырықшылдыққа баулыған Байзақ датқа, әділ би атанған Мәдімар Райымбекұлы, жаужүрек Ақмолда батыр, 1937-38 жылдары «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен қоғам қайраткерлері Сыдық Абланов, Намазбай Ақшабаев, Жақаш Мамыров, Жүніс Науатовтың кіндік қаны тамған.

Байзақ ауданының құрылып, отау тіккеніне биыл 85 жыл толып отыр. 1936 жылы Қазақстанға одақтас республика мәртебесі берілуіне орай онда жаңа облыстар, аудандар құрыла бастайды. 1938 жылы 4 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облыстық советі атқару комитетінің шешімімен Мирзоян ауданынан бөлініп шыққан ауданға Свердлов есімі берілді. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 20 желтоқсандағы №2696 Жарлығымен Свердлов ауданының аты Байзақ ауданы болып өзгертілді.
Байзақ ауданы Тараз қаласына өзгелерге қарағанда жақын орналасқандықтан, тарихы Таразбен тамырлас. Тәуелсіздік алған уақыттан бері ауданда қажырлы еңбектің түйінін ағытқан мақсатты әрі нәтижелі тірліктер атқарылып, оң өзгерістерге қол жеткізуде. Ауыл еңбекқорлары Тараз қаласы тұрғындарын ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, басқа да өнімдермен қамтамасыз етіп келеді. Ауданда «Үдемелі инновациялық-индустриялық даму» бағдарламасы аясында қолға алынатын істер ауқымы арта түскендігі белгілі. Бұл орайда өнеркәсіпті әртараптандыруға бағытталған талпыныстар өз жемісін бере бастады.
Мәселен, биылғы алты айда аудан бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарымен маусым айында 3 291 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,5 пайызды құрады. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында 2023 жылға жалпы құны 3 миллиард 389,0 миллион теңгені құрайтын 50 жоба жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге оның 12-сі нақты жүзеге асқан. Ал қалған 32 жоба жыл аяғына дейін орындалады деп күтілуде. Аталған жұмыстардың нәтижесінде Жұмыспен қамтудың өңірлік картасына сәйкес, 422 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Байзақ ауданында 2020-2025 жылдарға арналған «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 58,4 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба индустриалды картаға енгізіліп, өткен жылы 6,3 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Олар: «Алель Агро» АҚ Көктал құс фабрикасы, «Kazstonebox» ЖШС, «GrandFoods Premium» АӨК, «Жабатаева Л.К.» мен «Мухиев Е.» жеке кәсіпкерлік өндіріс ошақтары.
Облыс орталығына жақын орналасуы, өндіріс пен ауыл шаруашылығы дамыған аймақ атануы Байзақты инвестиция салуға аса тартымды аудан етіп отыр. Осының нәтижесінде аймаққа қаржы салып, жұмысын жүргізуге ниеттілер саны артып келеді. Сөзімізге дәлел, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында ауданның негізгі капиталына 14 930,8 миллион теңге инвестиция салынған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,9 артық нәтиже көрсетіп отыр. Бөлшек сауда айналымы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысымен 10 027,7 миллион теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 7 002,4 миллион теңгеге жетіп отыр.
Құрылыс дегендей, аудан халқының саны артып, әл-ауқатының өсуіне байланысты Байзақта құрылыс жұмыстары қарқын алған. Мәселен, биылғы алты айдың өзінде ауданда 14 835 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,3 пайызды құрады.
Елді мекендердің әлеуетін анықтау критерийлерін бекіту әдістемесіне сәйкес, Байзақ ауданында даму әлеуеті жоғары 39 елді мекен іріктелген. Онда тұратын халық саны 106,9 мың адамды құрайды. Олардың 7-і тіректі, 32-сі спутниктік, қалған 4-і даму әлеуеті ортадан төмен ауылдар. Бүгінгі таңда елді мекендерді серпінді дамытуға әсер етіп отырған – «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Өткен жылы аталған жоба аясында Байзақ ауданында 2 миллиард 113,7 миллион теңгеге 20 жоба іске асырылды. Атап айтсақ, оның 3-і білім нысанына жанама құрылыс және газдандыруға, 4-і денсаулық сақтау саласы нысандарын күрделі жөндеуге өткізу, 2-і мәдениет нысандарын күрделі жөндеуге, 11 жоба 38,4 шақырым жолды жөндеуге қаралған.
Облыстық басқармалар арқылы Үлгілі ауылында Үлгілі орта мектеп ғимараты қасынан 100 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынды. Сондай-ақ Абай, Түймекент және Сеңкібай елді мекендерінде 20 және 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялардың құрылыстары жүргізілді. Сонымен бірге Ақжар ауылында балабақша мен С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің қазандықтары газ құбырына қосылды. Тегістік ауылындағы 90 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізіліп, Көктал ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, ондаған елді мекен көшелері орта және күрделі жөндеуден өткізілген.
Ауданда сондай-ақ мектеп құрылысына ден қойылып отыр екен. Жалпы Байзақта 44 мектеп, 52 мектепке дейінгі ұйым және 6 мектептен тыс мекеме, 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Оқушылар санының өсуіне байланысты аудан бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық жобасына 2 мектеп құрылысы енгізілген. 2024 жылға Сарыкемер ауылынан 600 орындық, Бурыл ауылынан 300 орындық жайлы мектеп құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жоғарыда айтқанымыздай, мектеп құрылысы маңызды жұмыстардың біріне айналған. Осыған орай, ауданда 2021 жылы – 3, былтыр – 2, биыл 2 мектеп ашылған болатын. Жұмыстарды жалғастыру мақсатында келер жылы – 1, 2025 жылы 5 мектеп құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Осындай нәтижелі тірліктің арқасында ауданда апатты мектептер жойылған. Айта кетер жайт, 2021 жылы Байзақ ауданындағы №5 орта мектеп төтенше жағдайдан кейін апатты мектеп деп танылған еді. 2022 жылғы қаңтар айында жаңа мектеп пайдалануға берілуі есебінен мәселе шешімін тапқан. Бұдан бөлек, аудандағы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 5 мектепке жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындау үшін қаржы қарастырылып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу алдағы жылға жоспарланған. Сондай-ақ Көктал ауылындағы «Koktal smart school» жекеменшік бастауыш мектебі оқушылар қабылдауға дайын тұр екен. Бүгінгі күнде мемлекеттік білім беру лицензиясын алуға рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс тек мектеп салумен шектелмей, ескі мектептерге жапсарлас ғимараттар салу есебінен де жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі таңда аудан бойынша 44 мектептің 8-іне спорт зал қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда 2022 жылы А.Пушкин атындағы мектепке спорт залын салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Алдағы уақытта Аққия бастауыш, Сарыбарақ негізгі мектептерінің спорт залдары жаңадан салынбақ. Ал М.Мәметова, Қосақ негізгі мектептеріне спорт залын салу мәселесі 2027 жылы жаңа мектеп салынуы есебінен шешімін таппақ.
Сол секілді, жол құрылысына да баса мән беріліп отыр. Айталық, аудан аумағында бүгінде 736,17 шақырым жол бар болса, оның 132,07 шақырымы аудандық, 134 шақырымы облыстық, 49 шақырымы республикалық маңызы бар тас жолдар. Сондай-ақ 421,1 шақырымы елді мекен көшелеріне тиесілі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша аудандық маңызы бар жолдардың жалпы үлесі 95 пайызды құраса, елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 92,3 пайызға жеткен. 2023 жылы аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 96 пайызға және елді мекен көшелерін жыл соңына дейін 92,3 пайызға жеткізу мақсаты қойылып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, елді мекен көшелері бойынша 290,8 шақырымды құрайтын 314 көше жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 130,3 шақырымды құрайтын 146 көшенің жай-күйіне көңіл толмайды.
Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жалпы 1 071,1 миллион теңгеге 56 шақырымды құрайтын 49 көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланған еді. Олардың қатарында Сарыкемер, Ботамойнақ, Мырзатай, Сеңкібай, Дихан-2, Абай, Көктал ауылдарының көшелері бар. Осы орайда былтыр жалпы сомасы 13 119,7 мың теңгеге 17 аудандық маңызы бар автомобиль жолының, атап айтқанда, 2 385 шаршы метр аумағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен абзал. Сонымен қатар, аудандық маңызы бар жолдарға 37 дана жол белгілерін орнату жоспарланып, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, мердігер ретінде «СМЭУ» ЖШС анықталды. Мердігер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, аудандық маңызы бар автожолының бойында орналасқан мектептердің алдына 8 дана жасанды жол кедергісі орнатылды.
Жолды салып қана қоймай, оның сапасын тексеру де аса маңызды. Осы мақсатта былтыр «Жол активтерінің Сапа орталығы» мен 7,529 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Аталған орталыққа жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, сол жолдардың сапасына қорытынды жұмыстарын жүргізуге аудандық сессия отырысының бюджетті нақтылау кезінде 2 миллион теңге қаражат қарастырылып, қалған 5,529 миллион теңгесі өтпелі кезеңге қалдырылған болатын.
Байзақ ауданында аудандық маңызы бар 132,07 шақырым автомобиль жолын 2022 жылға күтіп ұстау үшін жалпы сомасы 15 миллион теңгеге «Рауан» ЖШС-мен келісімшарт жасалған болатын. Қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмысына қажет 300 тонна тұз, 800 текше метр құм, 30 мың литр дизель отыны, 15 мың литр бензин дайындалған еді. Жалпы бұған 15 техника жұмылдырылады. Оның ішінде қар тазалағанға – 3 дана автогрейдер GR-215, автогрейдер MG-185, автогрейдер ЖЗ-98В001-01, 2 дана жүк тиегіш LW-500, 3 дана Камаз-65115 самосвал, 1 дана құм шаш-қыш МТЗ-82.2, 3 дана трактор МТЗ-80, 3 дана Камаз-Ко-823 арнайы техникалары дайындалып, жылы боксқа кіргізілген және инертті материалдар бастырма астына жиналған. Сонымен қатар былтыр қазан айынан бастап аудан аумағынан Шахан- Сарыкемер, Көкөзек-Сарыкемер қоғамдық көлігінің жүрісі ұйым- дастырылды.
Ауданда елді мекендерді газдандыру бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан бойынша 43 елді мекеннің барлығында тұрғындарға газ тұрақты берілуде. Айталық, Төрткөл ауылына былтыр Жамбыл облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық орта қысымды газ құбыры жүргізіліп, газ реттегіш шкафы орнатылған еді. Сонымен қатар аталған ауылдың көшелеріне газ жүйесі жүргізілді.
Электр энергиясымен қамту бағытына келер болсақ, Байзақ ауданы аумағында 18 ауылдық округ, 43 елді мекен бар. Жалпы көше саны – 434, оның ішінде 280 көше жарықтандырылған, 154 көше жарықтандырылмаған. 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен Мәдімар, Қостөбе, Бурыл, Жанатұрмыс, Үлгілі, Көктал ауылдарына көше жарықтары орнатылды. Байзақ ауданының даму жоспарында 2 мектептің аумағын жарықтандыру бекітіліп, қазіргі таңда мұндағы жұмыстар толықтай аяқталған.
Байзақтықтарды баспанамен қамтуға да баса көңіл бөлінуде. Аудан аумағында көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құрамы 12 адамнан тұратын арнайы комиссия құрылып, азаматтарды тұрғын үй кезегіне тіркеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекке 1 500-ден астам азамат тіркелген. Ал өздері үй салу үшін аудан орталығынан жер сұраушылардың саны 10 мыңнан асып жығылады. Осы орайда проблеманы шешудің бірден-бір жолы ретінде аудан орталығынан көпқабатты үйлер салу қолға алынған. Осыған орай мердігер «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4 үйдің құрылысын бастады. Бірінші үйдің іргетасы құйылып, панелдері қойылса, екінші үйдің іргетасын құю қолға алынды. 3-4 үйлердің төменгі жертөлесі қазылып, іргетасын құюға дайын тұр. Осылайша аталған 4 үйде құрылыс жұмыстары қатар жүргізілуде.
Байзақ ауданы бойынша 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспарына сәйкес, жылыту маусымына дейін 4 штаб отырысы өткен. Аудан аумағында жалпы 139 бюджеттік мекеме нысандары бар. Олардың 99-ы газбен, 40-ы қатты отынмен жылытылады. Аудан көлемінде білім бөліміне қарасты 44 білім беру нысаны орналасқан. Оның ішінде 38 нысанды қазандық қарастырылса, 4 қазандыққа «Жамбыл жылу» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қызмет көрсетуде. 2021 жылдан бастап 4 қазандыққа «Байзақ су» мекемесі қызмет көрсетеді.
Елді мекендердің бойына нәр жүгіртіп, көкжиегін кеңейту – қашанда кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі. Бұған мемлекет тарапынан да қыруар қаржы бөлініп, айрықша назар аударылуда. Соның арқасында шалғай ауылдар да инфрақұрылымның игілігін сезініп, коммуналдық қызметтің қызығына кенелуде. Бұл тұрғыда Байзақ ауданында да берекелі істер қолға алынған. Бүгінде Байзақ ауданындағы 43 елді мекеннің 30-ы ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде 27 елді мекенге «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, 3 елді мекенге «Теміржол су» ЖШС қызмет көрсетуде.
Елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, бүгінгі күні аудан аумағындағы 13 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған. Атап айтқанда, олар: Аққия, Сарыбарақ, Қосақ, Ботамойнақ, Жеңіс, Жібек жолы, Тегістік, Ақтөбе, Төрткөл, Жаңасаз, Шахан, Қайнар, Төрегелді ауылдары. Дегенмен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 9 елді мекенге ауыз су жүйесін жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 2,6 миллиард теңге қаралып, ауыз су ғимараттары мен су бұру жүйелерінің құрылыс жұмыстары басталып, 2023 жылдың маусым айына дейін ұзартылған. Қазіргі таңда аталған елді мекендерде құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Жамбыл облысындағы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, Шахан ауылын Сарыбарақ ауылы арқылы орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланған, жоспарға сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынып, Жамбыл облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданыпты.
Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан Төрткөл, Қайнар және Жаңасаз ауылдары халық саны аз елді мекен болып саналады. Өйткені Қайнар ауылында 128 тұрғын, Төрткөл ауылында 290 тұрғын, Жаңасаз ауылында 278 тұрғын қоныстанған. Осы мәселелерді ескере келе, аталған ауылдарға облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату жоспарланған. Алайда аталған елді мекендерде жылдан-жылға халық санының өсуіне байланысты орталықтандырылған ауыз су құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде.
Ал Төрегелді ауылын Жібек жолы ауылымен бірге ауыз сумен қамту бағытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұған қоса Жамбыл облысындағы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, Шахан ауылын Сарыбарақ ауылы арқылы орталықтандырылған ауыз сумен қамту көзделуде. Қазіргі таңда Сарыкемер ауылында – 3 036, Байзақта – 673, Таласта – 584, Қостөбеде – 295, Бурылда – 1 331, Жаңатұрмыста – 90, Көкбастауда – 204, Сеңкібайда – 121, Базарбайда – 180, Үлгіліде – 332, Қызыл жұлдызда 715 аула орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.
Ауданда тазалық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Байзақ ауданы әкімдігімен «Қоғамдық орындарды абаттандыру және сыртқы безендіру екі айлығын өткізу туралы» 2022 жылы 17 тамызда №324 қаулысы шығарылған. Осы қаулының негізінде аудан аумағында екі айлық 2022 жылдың 1 қыркүйегінен 31 қазанға дейінгі аралықта өткізіліп, 9 сенбілік ұйымдастырылды. Аталған қаулылардың 1-қосымшасына сәйкес аудандық штаб құрылып, 2-қосымшасына сәйкес орындалатын іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарланған абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына аудан аумағында орналасқан бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері өз үлестерін қосты. Байзақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен 2 тонна әк алынып, екі айлыққа қатысушы мекемелер мен бөлімдерге таратылып берілді.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша Экология департаментімен ағымдағы жылы жүргізілген ғарыштық мониторингі барысында аудан аумағынан 24 кездейсоқ қоқыс орны анықталған. Аталған қоқыс орындары бойынша бөлім және ауылдық округ әкімдерінің бірлесуімен санитарлық тазалау жұмыстары ұйымдастырылып, қоқыс орындары толық жойылған.
Ауылдық округтерден шығарылған қоқыс қалдықтары 2006 жылы қаңтар айында құрылған «Алди и К» ЖШС-нің полигонына тасылмалданып отырады. Жылына орта есеппен 8 мың тонна күл- қоқыс тасымалданады. Полигон Сарыкемер ауылынан 3 шақырым қашықтықта 13 гектар аумақта орналасқан. Жобаға сәйкес, полигонның сыйымдылығы – 120 мың тонна.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан IV санаттағы объектілеріне қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат құжаттары алынған. Сонымен қатар полигонда қағаз, шыны және полиэтиленді қалдықтарды бөлек сұрыптау жұмыстары жүргізіліп, қайта өңдеуге жолдануда.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.