Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бердібек Сапарбаев бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды

0 413

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген ғимараттарды аралап, жай-күйімен танысты.

Бүлік кезінде Тараз қаласындағы 6 мемлекеттік ғимарат, нақты айтқанда облыс әкімінің аппараты, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы, полиция департаменті, қалалық 3 полиция бөлімінің нысандары зардап шеккен. Сондай-ақ, Шу ауданындағы «Nur Otan» партия филиалы да қираған.

Бұдан бөлек 149 қызметтік автокөлік зақымдалып, 4 бизнес нысанына шығын келген.

Аймақ басшысы нысандардың қалпына келтіру жұмыстарын жедел әрі сапалы жүргізіп, барлық құрылыстарды ақпан айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Жауапты тұлғаларға жұмыс барысын бақылауда ұстауды, жұмысшылардың төтенше жағдай және коменданттық сағат кезінде жүріп-тұруын қамтамасыз етуді жүктеді.

Айта кету керек, шығын мөлшерін есептеу бойынша арнайы комиссия құрылды.

Алдын-ала есептеулер бойынша жалпы облысқа келген шығын көлемі шамамен 7,6 млрд. теңгені құрайды.

Бүгінгі күні зардап шеккен әкімшілік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына 35 арнайы техника, 680 жұмысшы тартылған. Жұмыстар ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін толығымен аяқталады деп көзделуде.

Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімі жедел әрекет ету штабының отырысын өткізіп, бүлікшілер мен қылмыскерлерді анықтау және құрықтау шараларын тиімді түрде жалғастыру тұрғындардың төтенше жағдай талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін баса айтты.

Бердібек Сапарбаев халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, маңызды стратегиялық нысандарды қорғауды ұйымдастыру, қоғамдық тәртіпті сақтау шараларының маңыздылығына тоқталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.