Қалалық қоғамдық-саяси газет

Белсенділер марапатталды

0 177

Жыл басында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, қала тұрғындары өз таңдауын жасаған. Қалалық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында Тараз қаласының сайлауды өткізу бойынша қорытындысы тыңдалып, науқанда белсенді жұмыс істеген азаматтар Орталық, облыстық сайлау комиссияларының және қала әкімінің марапатына ие болды.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Кеңес отырысына облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов және қала әкімі аппаратының жетекшісі Дәурен Абдукасымов қатысты. Жиынды қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Арын Асқарбеков жүргізіп, күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша баяндама жасады.
– Тараз қалалық сайлау комиссиясы бұл сайлауды ҚР заңнама талаптарымен ҚР Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес қала аумағында құрылған бірыңғай сайлау округі бойынша ұйымдастырды. Қала бойынша сайлаушылар тізіміне 255 349 азамат енгізіліп, оның 166 402-сі, яғни 65,5 пайызы сайлауға келді. Сайлау қорытындысы бойынша Елбасы жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясы өзінің көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Партиялық тізіммен сайланған Тараз қалалық мәслихат депутаттарының 50 пайызын әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмағандар құрады. Сайлауға 125 учаскелік және 1 аумақтық сайлау комиссиялары қатысып, олардың құрамында 1172 мүше қызмет етті. Жалпы 824 комиссия мүшесінің сайлау тәжірибелері болды. Сайлау алдындағы қажеттілікке орай 4 учаске жабылып, 12 учаске қайта ашылды. Орталық сайлау комиссиясының қашықтықтан оқыту жобасы бойынша 1172 комиссия мүшесі тестілеуден өтті. Сайлаушылар жедел ақпарат алу үшін Call-орталық жұмыс істеп, 564 өтінішке дер кезінде жауап берілді. Тараз қалалық сайлау комиссиясы алдағы уақытта сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастырады, – деді Арын Ильясұлы.

Отырыста облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов егемендік алған тұстан бастап сайлау процесіндегі енгізілген жаңашылдықтардың мемлекет басқару жүйесіне серпіліс әкелетінін атап өтті. Сондай-ақ шетелдік байқаушылардың комиссия мүшелері жайындағы пікірін мысал ретінде алып, сайлау процесінде учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейінің жоғарылағанын айтты.
Осыдан кейін сайлау науқанында белсенділік танытқан 73 азамат Орталық, облыстық сайлау комиссияларының және қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.