Қалалық қоғамдық-саяси газет

Белгілі нумеролог 2022 жылға болжам жасады

0 1  029

2021 жыл да аяқталуға таяу. Санаулы күндерден кейін еліміз 2022 жылға аяқ басады. Қазақтың жыл санауы бойынша 2022 жылы барыс жылы кіреді. Әр жылдың өзіндік ерекшелігі, алып келер несібесі бар. Сол себепті жыл сайын түрлі болжамдар жасалады. 2022 жыл несімен ерекше? Қазақстан үшін келер жыл қандай болады? Белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы Nege.kz порталына сұхбат берді,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі.

– 2022 жыл Қазақстан халқы үшін қандай жыл? 2022-ден не күтуге болады?

– 2022-нің жыл саны – 6. Барлық санды бір-біріне қосқанда осындай сан шығады. 6 саны – жайлылық, үйлесімділік және әдеміліктің саны. Мен келесі жылды туризм, логистика дамитын жыл деп атар едім. Қазақстанның өзіндегі туризм, халықаралық туризм, экспорт пен импорт дамиды. «Жол картасы» сынды бағдарламалар болады, жолдың құрылысына көп ақша бөлінеді. Соған байланысты халықты жұмыспен қамту, білім беру дамиды деп ойлаймын. Бұл – менің жеке болжамым.

– Биыл қуаңшылық болды, ауыл шаруашылығына орасан зиян келді. Келесі жылы қандай болмақ?

– Ауыл шаруашылығы өткен екі жылда орташа деңгейде болған. Алдағы жылы да дами қояды деген үміт жоқ. Жазда ауа райының өзі мал шаруашылығына қолайсыз болды. Сол себепті ақшаны ауыл шаруашылығына жұмсаған тиімсіз.

Өткен екі жыл халықтың әлеуметтік жағдайын өсірген жыл болды. Ал, 2022 жылы керісінше, әлеуметтік жағдай біраз түседі. Барлығы қымбаттап жатыр, алдағы уақытта да қымбаттай береді. Нарықта орта және шағын бизнес дамиды. Кәсіпкерлердің дәрежесі өсіп, сауда-саттық жақсы жүреді.

2022 жыл – Қазақстанда денсаулық саласы үшін жақсы жыл. Барлығы жақсарады деуге болады. Өйткені, 2021 жылға 13 саны түскен. Ол өзіміздегі формулық есеп бойынша түсіп отырады. Осы жылы өсу бар, инвестиция бар. Шетелдіктер біздің жерімізге келіп зауыт, тұрғын үй салуы мүмкін. Бірақ, бұл жерді алып кетеді деген сөз емес. Жыл соны қажет етеді. Қытай, Ресей, Туркияға біздің жерді жалға берсе, халық оған қарсы келмесе екен деп ойлаймын. Өйткені, ол бізді дамытады. Бос жатқан жерлерге түрік кварталдарын салсақ, сол жерде жұмыс орындары пайда болатын еді. Олар жерді алып кетпейді ғой, өзімізде қалады. Сол себепті, жерімізді дамыту үшін шетелдік инвесторларды тарту керектігін сандар ескертіп тұр. Жыл энергиясы соны қажет етеді және солай дұрыс болар еді.

Біз экспортты көп шығаруымыз керек, импорт та көп болады. Яғни, өнеркәсіп саласы дамиды. Өткен жылды дәрігерлер, әскерилер, әлеуметтік саланы дамыту жылы десек, келер жылы логистика, транспорт, туризм, жол құрылысы дамитын жыл. Сонымен қатар, бейнелеу өнері, сән жылы деп те атауға болады. 6 саны бойынша сондай жыл болады.

Менің де сәтті саным – 6. Алтылықтар маңайындағы жайлылықты жақсы көреді, сәнді үйде тұруға ұмтылады. Сол себепті, сәулет өнері де дамиды. Ақшаның көзі шағын бизнесте болса, тігінхана, киім сату, тері, былғары өңдеу істерін дамыту керек.

– Қазір халықты алаңдатып отырған қымбатшылық мәселесі шешіле ме? 2022-де экономика саласында қандай өзгерістер болады?

– Қымбатшылық бірден түседі деп айта алмаймыз. Ол бірінші, екінші жартыжылдықтар болып кете береді. Үкімет басшысы халыққа арнап бағдарламар жасап, жағдайын жақсартуға ат салысады. Бірінші және екінші тоқсан соған бағытталады. Жылдың ортасына келгенде жағдай біраз жақсарады. Ал оған дейін наурыз, сәуір айларында қымбатшылық өсе береді. Әрине, экономикалық жағдай бірден көтеріліп кете алмайды. Әлеуметтік жағдай да сол сияқты.

– Коронавирус індетінен 2022 жылы толық арыла аламыз ба? Пандемия өршіп кетпей ме?

– Індетті қазір болжау мүмкін емес. Өйткені, нумерология бойынша оған қарай алмаймыз. Ал Қазақстанның өзіне келетін болсақ, денсаулық бойынша көп шығын жоқ. Сол себепті, жақсы болады деп ойлаймын. Ақырындап тұмау ретінде бұл індет өтіп кетеді. Денсаулық жағына келгенде қазақстандықтарға қобалжудың қажеті жоқ.

– 2022 жылдың Жаңа жылын қалай қарсы алу керек?

– Келе жатқан 2022 жыл – су барысының жылы. Су барысы қара, көк түстерді жақсы көреді. Бірақ, Жаңа жылды қарсы алғанда ашық түстерді кимеу керек. Ең бастысы, аң терісінен жасалған киімдерді кимеуге тырысыңыздар. Сонымен қатар, аң аулауға тиімсіз жыл. Нумерелог ғалымдардың өзі әр жылдың болмайтын тыйымдарын тізіп келтірген. Жылды қара, көк түстермен күткен жөн.

– Демек, жылдың ең басты түстері де көк, қара түстер болады ғой?

– 2022 жылы ала, көк, қара түстер сәттілік алып келеді. Мысалы, біреу көлік сатып алатын болса, көк түсті таңдаған жөн.

– 2022 жылы билікте қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Билікте келер жылы өзгерістер жоқ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.