Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бейтаныс…

(мөлтек сыр)

0 356

«…Таң атты, ұйқыдан оянсаңшы. Сезіне білсең, өмірдің кереметтері көп қой. Ояншы. Далаға шық. Тау жақтан ескен самал бетіңнен өбіп, шашыңнан сипап өтсінші».
Әлдебір бейтаныс нөмірден ұялы телефоныма хабарлама келді. Таңғы тәтті ұйқыны қимай, маужырап, көрпені тарс бүркеніп алдым. Телефон безілдеп қояр емес. Ұйқымды ұрламай тынбас, сірә. Еріншектене қолымды создым. Қалың ұйқыдан арыла алмай тұрған көзімді уқалап, телефонды аштым. Оқыдым. Бұл не? Маған мұндай мәтінде хабарлама жіберетіндей кім бар еді? Қайтадан ұйқы құшағына еніп кеттім. Ізін ала тағы да телефон безек қақты. Тағы да аштым. Оқыдым. «…Таңғы табиғаттың ғажап әсерінен құр қалмасаңшы, оян!». Ойпырмай-ау, бұл кім өзі? Нағылған еріккен адам?
Мен ұйқыға қайта бас қойғаныммен, беймәлім жақтан үздіксіз хабарлама жіберіп жатқан бейтаныс маза берер емес. Самарқауланып, баяу басып, аулаға шықтым. Шынында да, таңғы табиғат тамылжып-ақ тұр екен. Жанға жағымды қоңыр леп есіп, сол ырғақпен тербелген жапырақтар жай ғана сыбдырлап, ән айтып тұрғандай. Оған құстардың мың құбылта сайраған дауыстары қосылып, тұмшалаған ұйқы тұманын сейілтіп, бойым сергіп қалды. Тұла бойымды беймәлім, бірақ ерекше әсерлі бір күш билеп барады. Өмірді сүйетін сияқтымын. Ертеңге асығатындаймын ба? Әлде… «Алдымда не күтіп тұр?» деген сауал келешекке құлшындырғандай ма?!
Кенет ойыма «Осындай ғажап күйге бөленуге себеп болған әлгі ұялы телефонның хабарламасын кім жіберді екен?» деген сұрақ оралды. Жылдамдата бөлмеме кіріп, телефонды іздедім. Әлгі хабарламаға жауап жазбақшымын…
«Сіз кімсіз? Неге мені оятасыз? Нағылған мазасыз жансыз?».
Оның жауабы көп күттірмеді.
«Басымызға бір-ақ рет бұйыратын өмірді ұйқымен өткізбесін дегенім ғой. Шыныңды айтшы, таңғы табиғат ұнады ғой, солай ма?».
Мен де жауапсыз қалғым келмеді.
«Ұнады. Бірақ бәрі де өткінші. Әдемінің, жақсының бәрі де баянсыз, неліктен?».
Бұл сауалым оны көп ойландырар деп ем, олай болмады. Мен іздеген жауап тез-ақ келді… «Қолда барда алтынның қадірі жоқ. Тұрақты қалса, жақсының қадірі кетеді».
Және бір өзімді жиі мазалайтын, жауабын таппай жүрген сауалымды жолдадым… «Яғни өмір әділетсіз болғаны ғой?».
Ол тағы да жауап қатуды ұзаққа созбады… «Олай дей көрмеші. Жалған фәниде бәріміз сыннан өтудеміз. Өмір әділетсіз болса, көгілдір ашық аспанын, сұлу самалын, зәмзәм суын, арайлы таңын, ару көктемін, жайдары жазын, қоңыр күзін, аппақ қысын сыйлар ма еді? Өмір – ұлы мектеп».
Мынау бір сезімтал жан болар деп ой түйдім де, оны сөзден мүдіртпекке келесі сауалымды жаздым… «Сен ақыр заманның боларына сенесің бе?».
Ойланғанмын, бұл үрейлі сөзім біраз толғандырар деп. Жоқ, бұл оған да мүдірмеді… «Фәни дүние Жаратқан Иеміздің сынақ кезеңі болғандықтан, оның аяқталуы мүмкін емес. Ақыр заман кім ауыр қайғыға душар болса, соның басына орнап, ең бір шипалы емші – уақытпен сейіледі».
Енді не десем, мұны салмақты ойға шомдырып, тосылтам деп келесі сөзді жолдадым…
«Сөздерім сандырақтай
текке кетті,
Өмір мені түңілдіріп, өкпелетті».
Ол жүйрік ойынан жаңылмады…
«Өтінемін, тек қана түңілмегін!
Сырласумен жаныңа үңілгенмін,
Бір саңылау сеземін «Үміт» деген,
Сол сәулені, өтінем сөндірмегін!»
Енді менің көкейімде мұның қандай жан екенін білсем, танысам деген қызығушылық оянды. Алайда өз ішімдегі тағатсыз құлшынысты сездірмеуге тырыстым.
Осы хабарласудан соң, ол күн сайын ұялы телефоныма хабарлама жолдаудан жаңылмады. Таң қылаң бере бастағаннан «Қайырлы таң! Жаңа күнің қуанышқа толы болсын!» десе, күн ұясына еніп, қарауытқаннан «Қайырлы кеш!», түн шымылдығын жауып, жер бетін қара мақпал көмкергенде «Түнің тыныш, ұйқың тәтті болсын!» деп ізетті тілектерін арнауды тұрақты әдетіне айналдырғандай еді. Белгісіз бейтаныс болса дағы игіліктерді тілейтін жанның бары көңілімдегі түңілістерді, жабырқау жадаулықты біртіндеп ысырып, келер күннен күтер үмітімді молайтып бара жатқандай.
Ұялы телефондағы хабарламадан өзге қарым-қатынастан ада достығымызға бір жылға жуық уақыт өткенде, онымен кездесудің сәті түсті.
Одан вокзал маңында күтіп тұрғаны жайлы хабарлама келді. Қызығушылығымның әсері ме, әйтеуір келісілген жерге қалай тез жеткенімді байқамай да қалдым. Мені ернінен уыз табы кетпеген он үштегі балғын жас күтіп тұрды.
Онымен кеңінен әңгімелесу барысында біраз мәліметтерге қанықтым. Бәрінен де таң қалғаным – өзімнен мүшел жас кіші, балғын бозбаланың кең ауқымды танымдық сөздерді айтып, мені өмір сүруге құлшындыра алған әсері еді.

Қамар ҚАРАСАЕВА,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.