Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бейнелі сөз, бедерлі ой

0 434

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы, талантты жазушы, қаламы қарымды журналист Көсемәлі Сәттібайұлының  қатысуымен «Бейнелі сөз, бедерлі ой» тақырыбында әдеби жүздесу өтті. «Жазушымен бір күн» облыстық акциясы аясында ұйымдастырылған басқосу үздік қазақстандық және өлкелік шағармаларды өңір тұрғындарына арасында кеңінен таныту, кітап оқуды ілгерлету, жергілікті ақын-жазушылар шығармашылығы мен олардың туындыларын жастар арасында насихаттауға бағытталды.

Келелі кездесуде шығармашылық пен журналистика саласының тізгінін қатар ұстап, әдебиет айдынында еркін құлаш сермеп келе жатқан қаламгердің қазақ әдебиеті мен  журналистикасына сіңірген еңбегі, ұстаздары мен шәкірттері, балалар прозасының миссиясы, шығармашылық ізденістер мен шынайы кейіпкерлер жайында ой қозғалды.

Әдеби жүздесуге қатысқан  филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәмен Құлбарақ жазушы әңгімелерінің құрылымын талдаса, Қазақстан Жазушылар мен Журналистика одағының мүшесі, журналистика мен ақындықты қатар алып жүрген қаламгер, сатирик Бақытжан Советұлы қаламгер шығармаларының өзектілігіне тоқталып, «Бүгінгі күннің Бейімбет Майлині» деген баға берді.

Ал ғасырлық тарихы бар «AQ JOL» газетінің тілшілері Ақылжан Мамыт пен Марат Құлибаев қаламгермен бірге қызмет еткен жылдардың қызықты естеліктерімен бөлісті.

Сонан соң Тараз қаласындағы «125» мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерлан Керімжанұлы жазушы шығармасынан көркемсөз оқып, көрініс қойды.

Жамбыл облыстық «АR-AI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабай Көсемәлі Сәттібайұлының қырағылығы мен алғырлығын айтып, бірге қызмет атқарғаны үшін алғыс білдірді.

Кеш соңында кітапхана қызметкері Алтынай Абдраимова «Желдірме» әнін шырқап, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.