Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бейбіт күннің батырлары

0 247

Батырлық тек қан майданда өлшенбейді. Елдің тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, сол жолда өз басын қатерге тігу де ерліктің көрінісі. Әсіресе жамбылдық ұлттық қауіпсіздік қызметі мамандарының қаһармандығын жұрт әлі күнге аңыздай қылып айтады.

2011 жылдың 12 қарашасы жамбылдық жұртшылықтың жадында жаңғырып тұр. Бұл күні тұрғындардың тыныштығын бұзуды көздеген қандықол қылмыскер шаһарда ойран салып, талай отбасыны қара жамылдырды. Солардың қатарында өз бастарын қатерге тігіп, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аға лейтенанттары Мұхтар Халиев пен Сергей Касьяненко да бар еді.
Ел үшін туған ерлер діни экстремистермен байланысы бар деген күдікке ілінген азаматқа сыртқы бақылау жүргізеді. Соны сезіп қалған лаңкес жедел іздестіру басқармасы қызметкерлеріне шабуыл жасап, ажал құштырған еді. Есіл ерлердің құрметіне еңселі ескерткіш бой көтерген болатын. Өкініштісі, өткен жылдың басында орын алған Қасіретті қаңтар оқиғасында тастұғыр саланың тағы бір сайыпқыран сардарының есімімен толықты. Сол бір қаралы күндері бүлікшілермен қақтығыс кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі Дастан Әділбай оққа ұшып, мерт болды. Батырлардың есім-сойы бүгінде шаһардағы ҰҚК мекемесінің іргесіндегі саябақта орналасқан монументке қашалып жазылған.
Осы ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болғандардың бірі облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың айтуынша, тастұғыр небәрі бір-ақ аптаның ішінде әзірленген екен.
– Сол жылы «Жеңіс» саябағының ішінен Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті бой көтерді. «Әрине, Ғазиз Әбдібекұлының жөні бөлек. Дегенмен сол қанды оқиғада қаза тапқан өзге де азаматтар бар ғой. Солардың да ерлігін неге ұлықтамасқа?» деген ой келді сол сәтте. Ол кезде мен Тараз қаласының әкімі қызметін атқарып жүргенмін. Жоғарыдағы ойымды облыс басшыларына айтып едім, олар бірден қолдап, жұмыс басталып кетті. Тез арада орнын таңдап, нобайын сызып, бар болғаны бір жетіде ескерткіш орнатылды. Осы орайда бұл ел аумағы бойынша қауіпсіздік комитеті қызметкерлеріне арналған алғашқы ескерткіштердің бірі екенін айта кеткен жөн. Әрине, туған жердегі бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтау үшін өз өмірін қиған сала қызметкерлері елі мен халқына шынайы берілген, шексіз адалдықтың үлгісі болып қала бермек. Өскелең жас ұрпақ осындай азаматтардан үлгі алуы тиіс, – дейді Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Бүгінгі әлемдік саяси ахуал күрделенген жағдайда елдің тұрақтылығы мен шекараның беріктігін сақтау зор жауапкершілікті талап етеді. Осы үдеден шығып жүрген сала мамандарының еңбегі ерен. Жалпы тәуелсіздік жылдары 700-ден астам құқық қорғау қызметкері жұмыс барысында көз жұмса, соның 30-дан астамы Ұлттық қаупсіздік органдарының маманы екен. Осының өзі-ақ олардың жұмысы қаншалықты қауіп-қатерге толы екендігін айғақтайды. Бұлар ерен ерлігімен көзге түскен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің бір парасы ғана. Өкінішке орай, олардың бұл мінсіз қызметі кейде орны толмас өкінішке де соқтырып жатады. Қалай десек те, қырағылықты қалқан, сергектікті серік еткен сала мамандарының қатарының сиремеуі басты олжа. Бейбіт күннің батырларының жанкешті оқиғалары – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ал олардың осы ерліктерін құрметтеп, жастарға насихаттау – ортақ міндетіміз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.