Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бейбіт күннің батырлары

0 679

Батырлық тек қан майданда өлшенбейді. Елдің тыныштығын кірпік қақпай күзетіп, сол жолда өз басын қатерге тігу де ерліктің көрінісі. Мұндай мысалдар құрылғанына 30 жыл толған Қазақстан полициясында жетерлік. Әсіресе, жамбылдық сала мамандарының қаһармандығын жұрт әлі күнге аңыз қылып айтады.

2011 жылдың Тараз қаласында болған қайғылы жағдай көпшіліктің әлі санасынан өше қойған жоқ. Сол қасіретті күні бейбіт тұрғындардың тыныштығын бірінші орынға қойған ІІД Жол полициясы жеке батальоны 1-взводының командирі Ғазиз Байтасов лаңкес Мақсат Кариевтің ізіне түсіп, оны ұстау барысында ерлікпен қаза тапты. Қазыбек би көшесіндегі Орталық гастроном жанында тоқтаған қылмыскер полицейлерге оқ жаудыра бастайды. Сол оқтың бірі Ғазиз Әбдібекұлын жаралайды. Алайда соған қарамастан ол лаңкестің қолындағы жарылғыш затты байқап, ұмтыла түседі. Қылмыскерді жерге құлатқан сәтте оның қолындағы граната жарылады.
Оқ пен отқа кеудесін тосқан жерлесімізге Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» ең жоғары атағы берілді. «Ерлік ескерусіз қалмайды» деген – осы.

Бұл тұста жол полициясының инспекторы Самат Алашев туралы айтпай кетуге болмайды. Ол қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасаған қылмыскерді құрықтау мақсатында Ғазиз Байтасовпен бірге жедел тапсырмамен аттанады. Сол тұста ауыр жарақат алып, ес-түссіз ауруханаға жеткізіледі. Кейін оған Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Ол бүгінде Тараз қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы болып еңбек етуде.
ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, отставкадағы полиция подполковнигі Нұрғали Омаровтың да көзсіз батырлығы кімге болса да үлгі. Тәуелсіздік алып, енді еңсе тіктеген 90-шы жылдары халықтың тұрмысы едәуір төмен болғаны шындық. Соның салдарынан тепсе темір үзетін жігіттер ұрлық-қарлыққа бой алдырып, ұсақ қылмыстар қоғамда жиі орын ала бастады. Сол жылдары, яғни 1998 жылы тамыз айында полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров өзіне бекітілген аумаққа кешкі кезекшілік жүргізіп келе жатады. Түнгі сағат шамамен 22:00-23:00-дің аралығында №9 «Мыңбұлақ» ықшамауданында орналасқан «Жібек жолы» базарында екі белгісіз азамат суық қарумен саудагерлерді қорқытып, бопсалап тұрғанын байқайды. Омаров өзінің жалғыз екендігіне қарамастан екеуіне тұра ұмтылады. Сол сәтте бұзақылардың бірі Нұрғали Омаровтың ішіне және көкірек тұсына пышақ сұғып, ауыр жарақаттайды. Соған қарамастан полицей екі күдіктіні ұстап, 1-ші ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жеткізгеннен кейін есінен танып құлайды.
2004 жылдың 17 шілдесі күні кешкілік сағат 19.00 шамасында Тараз қалалық Ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Д.Бедного көшесіндегі үйдің тұрғыны қоңырау шалып, күйеуінің қолына қару алып, үйінде айқай-шу шығарып, қорқытып жатқандығын хабарлайды. Сол сәтте оқиға орнына кезекшілікте отырған жедел-тергеу тобы мен аталған аумақтың учаскелік инспекторы Жақсылық Ержанов бірінші болып жетіп, бой тасалаған «К» есімді азаматтың соңына түседі. Оны көше бойынан тоқтатқаны сол еді, күдікті қалтасынан жарылғыш зат алып, Ержановқа лақтырады. Ұзақ ойланатын сәт емес, полицей өзгелердің өмірін ойлап бірден жарылғыш затты өзінің кеудесімен жауып құлайды. Ақырында «К» есімді тұрғын құрықталып, Жақсылық Ержанов бірнеше жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі. Расында, оның бұл ерлігі кешегі Ұлы Отан соғысында пулеметті кеудесімен жапқан бабалардың батырлығынан несі кем?! Осы қаһармандығы үшін ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталған ол бүгінде құрметті зейнеттік демалысқа шыққан.
2005 жылдың ақпан айында кезекші бөлімге Тараз қаласының тұрғыны «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін бейтаныс адамның айдап әкеткені туралы шағым түсіреді. Жедел қаладан сыртқа шығатын жолдарды бекіту туралы бұйрық беріліп, Тараз–Алматы тасжолын қадағалайтын полиция капитаны, ІІД Жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Талғат Жартыбаев өзінің қызмет көрсететін аумағына бақылауды күшейтеді. Ол Жамбыл даңғылымен келе жатып қарсы бағыттағы жолдан ұрланған автокөлік нөмірін байқайды. Жүргізушінің құжатын сұраған полицейді күдікті автомобильмен қағып, қаша жөнеледі. Өзіне төнген қауіпке қарамастан Талғат жалма-жан көлікке жармаса кетіп, алдыңғы терезесін білегімен сындырып, қылмыскерді қолға түсіреді. Арада көп уақыт өтпей ол бұл ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
2006 жылдың 30 қаңтарында Алматы–Ташкент тасжолының бойымен Қырғыз Республикасы Президентінің кортежі өтеді. Көрші мемлекет басшысының кортежін Жамбыл облысы аумағынан алып жүру полиция сержанты Қайсар Самбетовке тапсырылады. Ресми тұлғаларды өңір шекарасынан шығарып салу сәтінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Вольво» автокөлігі бұрылу маневрін сәтсіз орындап, кортежбен бетпе-бет келеді. Осы сәтте полиция сержанты көлігін жедел бұрып, «Вольво» автокөлігінің соққысын өзіне қабылдайды. Осы оқиғадан бір апта өткеннен кейін Қырғыз мемлекетінің өкілетті делегациясы жол полициясы қызметкеріне Қырғыз мемлекеті Президентінің жеке алғысын білдірсе, қызметтік міндетін мінсіз атқарудағы ерлігі үшін Қайсар Самбетов Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты.
2014 жылдың 30 тамызы, жаңа оқу жылының қарсаңы болатын. «Ауыл-Береке» базарында оқушыларға киім алуға асыққан азаматтардың қарасы қалың. Бір кезде сауда нысанының дәл ортасында тұрған қара түсті «Ауди-80» маркалы жеңіл автокөлігі отқа оранады. Тілсіз жауды бірінші болып байқаған учаскелік полиция пунктіндегі қызмет орнында отырған Тараз қаласы ІІБ 2-ПБ жедел уәкілі полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев өрт сөндіргіш құрылғысын ала жүгіріп, отты сөндіруге кіріседі. Өзгелерге залалы тимесін деп ойлаған ол автокөліктің есігін ашқаны сол еді салондағы бірнеше газ баллондары, жанармай құйған ыдыс, өзге де қауіпті заттар бірінен кейін бірі жарыла бастайды. Боранғазиев еш саспастан жанкештілікке барып, өртті уақытында сөндіреді. Қуанышқа орай базардағы және жақын маңдағы аумақтан 4000 кәсіпкер мен 1500 тұтынушы қауіпсіз жерге көшіріледі. Кейіннен анықталғандай әлдебір белгісіз топтар «Ауыл-Береке» базарының астаң-кестеңін шығарып, шаһарда дүрбелең тудыруды көздеген екен. Бірақ полицейдің қызметтік міндеттерін адал атқарып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету барысында танытқан батылдығының арқасында қылмыскерлердің бұл ойы жүзеге аспай қалды. Ғалымжан Боранғазиевке де ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалі табысталды. Қазіргі таңда Ғалымжан Серкебайұлы Жамбыл облысы ПД Тараз қалалық ПБ 1-ПБ криминалдық полиция бөлімшесі тобының жедел уәкілі болып қызмет атқаруда.
2016 жылдың 19 маусымында сағат 16:30-да өзіне тиесілі аумақты патрульдеп жүрген қалалық Ішкі істер басқармасы Жол-патрульдік полиция батальонының полицейі, полиция сержанты Бекжан Тіленчиев атыс дауысын естіп, «Талас» ықшамауданы 18 үйдің 1-подъезіне кіріп кеткен қылмыскердің соңына түседі. Ал көрші үйге басқа жағдай бойынша шақырту арқылы келген учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Данияр Зәуірбек қылмыскердің соңына түскен Тіленчиевті байқап, ол да ізінше №18 үйдің подъезіне беттейді. Сол сәтте Данияр Зәуірбек баспалдақта белгісіз тұлғаның әріптесін бірнеше жерден атып, жарақаттағанын көреді. Ол есік артын қалқан етіп, қылмыскерді екі рет атып, залалсыздандырады. Артынша жедел жәрдем шақырып, «102»-ге хабарлайды. Екеуінің жедел әрекет етуінің нәтижесінде қылмыскер құрықталады. Қос полицей де «Ерлігі үшін» медалін иеленеді. Бірақ, ең өкініштісі сол күні алған жарақатының кесірінен төсекке таңылған Бекжан Тіленчиев былтыр 5 шілдеде небәрі 32 жасында дүние салды.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.