Қалалық қоғамдық-саяси газет

Базары да, ажары да келіскен

0 269

«Бір бала туса, бір жусан артық өседі» деп бекер айтылмаған. Қазақ қашанда әр бала өз несібесін ала келеді деп сенген.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

«Ана атаулы ауырған баласын жазылғанша, жолға шыққан баласын оралғанша, кіші баласын өскенше, негізі әр баласын жүрегі тоқтағанша жақсы көреді» деген тәмсіл бар. Қазаны оттан түспей, төрінен қонағы үзілмей, ата мен ененің жағдайын жасап, өмірлік жолдасының көңіліне селкеу түсірмей, бесіктегі баланың бабын тауып, тіршіліктің барлық тұтқасын қатар ұстап жүрген көпбалалы аналар қандай құрметке болса да лайық. Осы орайда аяулы аналарға бүгінде қандай қамқорлық көрсетіліп жүр деген сұрақ бой көтерері анық.

Бүгінгі таңда Тараз қаласында жалпы саны 13 мың 335 көпбалалы ана бар.

– Тұрғын үй қатынастары бөлімінде 19661 отбасы баспана алуға кезекке тұрған. Оның 2711-і көпбалалы. 2020 жылы 219 отбасыға пәтер бөлінсе, оның 93-і көпбалалы отбасыға уақытша тұру үшін, ал екінші нарықтан сатып алынған 144 пәтер баспана ретінде берілген, – деді қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Рахымбекұлы.

Балалы үй бақыттың құшағында. Осынау бақыттың құшағында мамыражай күн кешкен көпбалалы аналардың жай-күйі қалай екенін сұрастыру үшін бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ақжаулықтылармен тілдесуді жөн көрдік.

Алты қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отағасы Ғалымжан Қалымбетов пен отанасы Ардақ Жантаева 2018 жылы Жамбыл облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары атанған. Ал 2018 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасы ретінде «Арай-2» мөлтек ауданынан 3 бөлмелі пәтер алған. Бұл үлгілі отбасының алты қыз, бір ұлы бар. Өз кіші мемлекетінің ұйытқысы Ардақ Мықтыбекқызымен әңгіме-дүкен құрған едік.
– Отбасымда 3 ағайынды болып өстім. Бірақ өзім бала күнімнен көпбалалы ана болуды арман еттім. Қазақстан Республикасының кең-байтақ жерге бай, тәй-тәй басқан мемлекетпіз. Біздің мемлекеттің бұдан дами түсуі үшін уақыт пен тәжірибе қажет. Қазақстанда көпбалалы аналарға көп көңіл бөлінеді. Дүниеге бала алып келген соң, балаға жауапкершілік күшейеді. Үкіметке қол жайып қарап отыруды ар санаймын. Бірақ Үкімет бізді жақсылықтан кенде қылған емес. «Билікке көмек сұрап барсаң қолдамайды» деп айтатындарға көп жағдайда сауаттылық жетіспейді. Балаларым мектепте оқығандықтан, білім ордасымен белсене араласамын. Сонда мектептің өзінде де ыстық тамақ тегін беріледі, лагерьден көпбалалы отбасы болғандықтан, көмек беріліп тұрады. Құжат өткізсек, 2000 теңге көлемінде қаражат түседі. Пәтер мәселесі де шешілді. Өз басым көпбалалы ана ретінде баспанаға қол жеткіздім. Сондай-ақ грантқа оқуға түсуге де жеңілдіктер қарастырылған.

Ал Индира Бекежанова бүгінде 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, аяулы жар. Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегіне сәйкес, көпбалалы отбасы ретінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 2020 жылы 15-ші мөлтек ауданнан 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізген.

– «Ай-Ару» шағын орталығында тәрбиеші болып жұмыс жасаймын. Күйеуім Ерсайын Замишов әзірге жұмыссыз. Тұңғышым 18, кішкентайым 7 жаста. Мемлекеттен балаларыма 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы аламын. Әйел адамның міндеті ана атану екенін қыз бала жастайынан бойына сіңіріп өседі ғой. Сондықтан мен де өзімді бақытты сезінемін. Әр жетістігімді балаларымның қуанышына орайластырамын. Расында, балаларымның арқасында баспаналы болғанымды мақтаныш тұтамын. Әр бөбегім көңілденіп, қуанып жүрсе, мен одан сайын күш-қуат аламын. Жер бетіндегі барлық ана ұрпағының алдында осындай шуақты күндей жетістікте жүрсе деймін. Үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасылар ертерек баспаналы болса деген тілегім бар. Балаларымның бойына ұлтқа деген сүйіспеншілікті сіңіріп келемін. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, перзенттеріміз ел ағаларынан көрген ізгілікті Отанына адал еңбекпен қайтарады. Үкіметтен алып отырған жәрдемақы, баспана сынды түрлі игілік үшін билік басындағы кісілерге алғысым шексіз, – деді Индира Балтабайқызы.

2018 жылы Жамбыл облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, «Парасатты отбасы» номинациясын иеленген Айдар Жазыбаев пен Салтанат Кадированың отбасы туралы да айтып өтпекпіз. Бұл жанұя қазіргі таңда 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп отырған шуақты шаңырақтың бірі.

– Жолдасым Айдар әскери қызметкер, өзім Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК-де бас есепшімін. Мемлекет әр бала басына жәрдемақы төлеп отыр. Балаларымның бірі биге, енді бірі жүзуге қатысады. Көпбалалы отбасы болғандықтан, футболға тегін барып, спортпен шұғылданып жүр. Жоғары оқу орнында көпбалалы отбасының балаларына жеңілдіктерді көбейтсе құба-құп болар еді. Ұлым дейтін елі болса, елім дейтін перзенттер көбейе түсер еді, – дейді Салтанат.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.