Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Баянды бағдарлама биыл да жалғаса ма?

0 173

Елімізде бұқараны баспанамен қамту мақсатымен жанданып жатқан жұмыстар аз емес. Осы бағытта облысымызда «Әулиеата жастары» жобасын қолға алынған еді.

Жоба облыс бойынша барлық деңгейде жан-жақты талқыланып, сараланып, мақұлданған болатын. Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, Астана мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Нәтижесінде, «Отбасы банк» АҚ мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарға ипотекалық кредиттеудің «7-20-25», «Баспана-хит», «Әскери баспана», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «5-10-20» және тағы басқалары секілді құралдары қарастырылып келген. Жамбылдық жастардың қуанышына орай, жаңа бағдарлама баспаналы болуды армандап жүрген талай азаматтың мақсатына жетуіне жол ашты.

Бағдарлама шарттары бойынша алғашқы жылы жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін бекітіліп, несие беру уақыты 19 жылға шақталды. Ал пайыздық мөлшерлеме – 5, бастапқы жарна 5 пайызды құрады. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және журналистика саласында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі ҚР азаматтары қатыса алатын болып шешілді. Бұған қоса, бағдарламаға қатысушы конкурсқа өтінімді толтыру кезінде облыс аумағында өзі еңбек ететін салада соңғы бір жылдан кем емес жұмыс істеуі, «Отбасы банкінде» жинақ шотының болуы, соңғы бес жылда тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы және әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 140 470 теңгеден аспауын қажет етті.

Бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында өзара келісім жасалып, бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Қатысушыларға құжат тапсыруға берілген 10 күннің ішінде 591 өтінім келіп түсіп, 21 адамнан жасақталған комиссия шешімімен барлық талапқа сай келетін 41 жас баспанамен қамтылды. Олардың қатарында Тараз қаласынан 35 жас баспана бақытына кенелді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласынан – 18, білім беру саласынан – 10, журналистика саласынан – 3, спорт саласынан – 2, мәдениет саласынан 3 жасқа баспаналы болу бақыты бұйырды.

Ал 2023 жылы баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатымен жергілікті бюджеттен – 1 миллиард теңге, «Отбасы банкінен» 1 миллиард теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар бағдарлама талаптарына да бірқатар өзгерістер енгізілді. Нақты айтқанда, қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгеге дейін көтеріліп, алдыңғы 5 салаға дін қызметкерлері қосылды.

Нәтижесінде, өтінім қабылдаудың төрт кезеңі бойынша 677 өтінім түсіп, комиссия шешіміне сәйкес 226 қатысушыға «Отбасы банкіне» жолдама берілді. 451 өтінім талаптарға сай келмеуіне байланысты бас тартылған. Берілген 226 жолдама бойынша 82 қатысушы банк іріктеуінен өтпей, 144 азамат тұрғын үй алды. Бағдарламаның екінші кезеңі бойынша көне шаһардан 132 адам баспана кілтіне қол жеткізген. Тарқатып айтсақ, денсаулық сақтау саласынан – 69, білім беру саласынан – 21, журналистика саласынан – 18, спорт саласынан – 10, мәдениет саласынан – 9 және дін саласы бойынша 5 азамат өз үйінің иесі атанды.

Алайда, бағдарламаның екінші кезеңі аяқталған соң ел арасында «2024 жылдан бастап «Әулиеата жастары» тоқтайды екен», «Бағдарлама «Отбасы банкіне» тиімсіз болыпты» деген сынды әңгіме шыға бастады. Бұл хабар алдыңғы жылдары іріктеуден өте алмай, бар үмітін биылға артып отырған талай жастың көңілін су сепкендей басып тастады. Өйткені үй кезегіне тұру үшін белгіленген санаттардың ешқайсысына кірмейтін, қолма-қол қаражатқа пәтер алуға жағдайы жете қоймайтын азаматтарға тиімді шарттармен баспаналы болуына мүмкіндік берген бағдарламаға қатысуға ниеттілердің қатары қалың-ақ. Дегенмен, былтыр бұл күдіктің күлі көкке ұшып, баянды бағдарлама өз жалғасын тапты.

– Былтыр жоба арқылы жергілікті бюджет пен «Отбасы Банк» АҚ есебінен бөлінген 2 миллиард теңгеге 140-тан астам жасты баспанамен қамту жоспарланған еді. Соған орай бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, алдыңғы жылдардағыдай салалар бойынша шектеу алынып тасталып, өңірде тұратын жасы 35-жасқа дейінгі жастардың барлығына бірдей мүмкіндік берілді.

Осылайша, бағдарлама шеңберінде өткен жылдың қазан айының 1 мен 10 күндері аралығында e-jambyl.kz сайты арқылы жалпы саны 479 өтінім қабылданды. Оның ішінде 41 өтінім қатысушылар тарапынан кері қайтарылды. Қалған 438 өтінім комиссия қарауына ұсынылып, 134 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-ға жолдама берілсе, 78 өтінім резервтік тізімге алынды. Ал құжаттары талапқа сай келмеген 26 өтінімнен бас тартылды.

Ағымдағы жылы да баянды бағдарламаны жалғастыру жоспарланып отыр. Алайда оның шарттары мен талаптары нақты белгіленген жоқ. Дегенмен, былтырғымен салыстырғанда аса көп өзгерістер болмайды, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Қайнар Амантай.

Мемлекет тарапынан жастарға үнемі қамқорлық жасалып жатқаны – шүбә келтірмейтін шындық. «Әулиеата жастары» бағдарламасы – соның айқын көрінісі. Жастарды баспанамен қамтуға арналған жоба өз жемісін беруде. Бұл сөзіміздің айқын дәлелі ретінде 3 жыл ішінде «өз үйі – өлең төсегіне» ие болған 300-ден аса азаматтың бақытын келтіруге болады. Солардың қатарында былтыр 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізген Ерік Мұсахан да бар.

– Қазір бір баспанаға зар болып жүрген жастар өте көп. Өзім де бірнеше жыл пәтер жағалап, тұрғын үй тауқыметін сезіндім. Қазіргідей нарық қос бүйірден қысқан заманда пәтер жалдау тұру оңайға соқпайды. Сондықтан осындай бағдарламалар сол олқылықтың орнын толтырып, көпшілікті шаттыққа кенелтуде. Іріктеуден іркілмей өтіп, баспаналы болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл үшін облыс басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Отбасым да жаңа жылды жаңа үйде қарсы алғандарына шексіз риза, – деп ағынан жарылды 2 баланың әкесі.

Халықты баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бұл мәселе ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында да үнемі көрініс тауып келеді. Қорыта айтқанда, Жамбыл жастарын жарылған жарқын жобаның ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз!

Гүлдана ЖҰМАДІЛ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
6В03212-«Конвергентті журналистика»
білім беру бағдарламасының
4-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.