Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бауырлас қалалармен байланыс берік

0 387

Тәуелсіздік жылдары еліміздің қалалары алыс-жақын мемлекеттердің бірқатар шаһарларымен өзара ынтымақтастық орнатып, бауырлас қалалар мәртебесіне қол жеткізді. Бұл өз кезегінде рухани һәм мәдени байланысты берік етіп, экономикалық тұрғыдан да жаңа жетістіктерге жол ашты. Осы тұста Қала күніне орай көне Тараз шаһары қандай қалалармен бауырлас екенін оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.

2000 жылдық тарихы бар Тараз шаһарының тамыры тым тереңде. Көне шаһар осы күнге дейін әлемнің бірқатар қалаларымен бауырластық орнатып, халықаралық достықты нығайтуға үлес қосып келеді. Әулиеата жеріне АҚШ-тың Фресно және Манси, Италияның Тревизо, Моңғолияның Ховда, Венгрияның Кечкемет, Қытайдың Сиань, Ресейдің Челябі, Өзбекстанның Самарқан және Қырғызстан мемлекетінің Талас қалалары бауырлас қалалар болып табылады. Біз көне шаһармен бауырлас қалалардың тарихына да үңілдік. Мысалы, бауырлас қалалардың тарихы мен мәдениетінде де ұқсастық көп. Тараз қаласы мен Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Сиань қаласы туыстас қалалар болып есептеледі. 2015 жылы сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкрекбаев бастаған бір топ делегация Сиань қаласында болған еді. Мұнда он сегізінші сауда-инвестициялық көрмесі мен «Жібек жолы» жәрмеңкесі өтті. Сол сапарда Жамбыл облысы әкімдігі мен Шэньси провинциясының халықтық үкіметі арасында ауыл шаруашылығы, медициналық, туристік және басқа салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту келісілді.

Сиань

Ал Италияның Тревизо шаһары Венето әкімшілік аймағына қарасты Тревизо аймағында орналасқан. Тревизо шаһары дегенде, ел есіне алдымен әйгілі «Бенеттон Групп» компаниясы түседі. Компанияның негізін қалаған Бенеттондар отбасы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында кедей отбасыларының бірі болған. Отбасы мүшесі Лучиано 14 жасында мектептегі оқуын тастап, алдымен Тревизо шаһарының теміржол бекетінде газет сатады. Лучиано кейіннен әртүрлі шаруалармен айналысып жүріп, киім тігетін орын ашады. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында Бенеттондар отбасы үлкен нәтижеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда «Бенеттон Групп» компаниясының бөлімшесі өзге мемлекеттермен қатар, Қазақстан жерінде де тірлігін дөңгелетуде.
Тағы бір бауырлас қала – Кечкемет. Бұл шаһар Венгрияның орталығындағы Оңтүстік Альфельд ауданында орналасқан. Тарихтан белгілі, қала орнындағы көне қонысты ХІІІ ғасырда моңғолдар қиратады. Алайда қала сауда жолында орналасқандықтан, жылдам қарқын алып дамиды. Ал 1348 жылы І Ұлы Людовик Кечкеметке қала дәрежесін берген соң, XVІ-XVІІ ғасырларда бүкіл Орталық Венгрия секілді Кечкемет те Осман империясының қол астына өтеді. XVІІІ ғасырда қала маңында мал шаруашылығы жақсы дамыса, ХІХ ғасырда қала тұрғындары оның орнына жүзім бағын баптаумен айналысады. Сөйтіп Кечкемет қаласы сауда орталығына айналды.
Ал қазақ тарихында Ресей Федерациясындағы Троицк қаласының орны бөлек. Бұл қала Челябі облысына қарайды. Географиялық жағдай бойынша бұл шаһар Үй өзені мен Увелька өзенінің тоғысқан жерінде орналасқан. Мұнда мал дәрігерлік интернаты, машина жасау, станок шығару, газ тазарту қондырғыларын жасау заттары, тері өңдеу, аяқ киім фабрикалары мен сүт комбинаторлары бар. Негізі Троицкінің алғашқы іргетасы 1743 жылы бекініс ретінде қаланған. Ал 1750 жылы мұнда Орталық Азия және Шығыс Түркістанмен сауда жүргізу мақсатында жәрмеңке ашылған. Ол жерге Орта және Кіші жүз қазақтары жылқы айдап әкеліп, Қамбар ата түлегін өзге тауарларға айырбастап отырған деген де деректер бар. Ташкент пен Бұхарадан келген көпестер де осында жиі келетін болған. Ал ХІХ ғасырдан бастап Троицк қаласы қазақ ұлтының мәдени өмірінде елеулі рөл атқара бастады. Мұнда татар зиялыларының қолдауымен «Расулия», «Уазифа» атты медреселер ашылды, бұл жерде қазақ балалары білім алды. Ал ХХ ғасырдың басында аталмыш медреселер жәдиттік оқу тәсіліне көшкен. 1907 жылы «Қазақ» газетінің, 1911-1915 жылы «Айқап» журналының жарық көруі – ұлтымыздың ұлы тарихындағы айрықша оқиға. Ұлт ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың Троицкіде білім алуы да мәдени құбылыс.

Фресно

Сондай-ақ Тараз қаласымен бауырлас қалалардың бірі – Самарқан. Әйгілі шаһар Өзбекстан Республикасындағы ежелгі қала, өзі аттас облыс орталығы. Зеравшан өзенінің аңғарында орналасқан. Біздің заманымыздан бұрынғы ІV ғасырда Марканд деген атпен белгілі болған. Ал біздің заманымыздан бұрынғы 330 жылдары әйгілі Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жаулап алып, өз мемлекетінің құрамына кіргізген. Ал көне замандарда Кушан патшалығының ірі сауда орталығы болған. ІV ғасырдан VІ ғасырға дейін Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы болды. Самарқанды VІІІ ғасырдың басында арабтар, ІХ ғасырда Самани әулеті, ХІ ғасырда Қарахан әулеті, одан кейін түрік салжұқтары, ал ХІІ ғасырдың орта шенінде қидандар басып алған. Самарқанның тарихы аса бай. Кезінде Самарқан Әмір Темір мемлекетінің астанасы да болған. Шайбани мемлекетінің, Бұхар хандығының құрамында болған сәттері де тарих. Самарқанда Жалаңтөс Баһадүр салдырған «Ширдор» медресесі өзінің тарихилығымен, көркемдігімен ерекшеленеді.
Ал 2017 жылы көрші жатқан Қырғыз Республикасының Ош қаласы Тараз қаласының рет саны бойынша оныншы бауырлас қаласы атанды. Бауырлас қалалармен облыс орталығы әлеуметтік-экономикалық даму даңғылын айқындап алған. Ол қалалардың тарихында өзінің қолтаңбасын айшықтап үлгерді.
Міне, осылайша 2000 жылдан аса тарихы бар Тараз қаласы он шаһармен бауырлас атанып отыр. Бұл, сөз жоқ, еліміздің мәдениеті мен рухани жаңғыруына жаңа леп әкеліп жатқаны анық.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.