Қалалық қоғамдық-саяси газет

Батыр мұрасы – ұрпаққа ұлағат

0 522

Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Бауыржан Момыщұлының көптомдық шығармалар жинағының 31-32 томдарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мадиева, жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Сәмен Құлбарақ, аталған оқу орнының «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев және кітапхана оқырмандары қатысты.

Алғаш болып сөз алған Сара Қабылбекқызы аталған шараның мән-маңызына кеңірек тоқталды.

– Қаһарман атамыздың былтыр 30 томдығы оқырманға  жол тартқаны белгілі. Осы жинақты шығарар кезде «Бауыржан Момышұлының еңбектері 30 томнан асар ма екен?» деген күдік аралас сауал тұрғаны жасырын емес. Алайда бүгін ұлт мақтанышының шығармалары теңіздей телегей екеніне көзіміз жетіп отыр. Келешекте бұл жинақты 100 томға дейін жеткізу  жоспарлануда, – деген басқарма басшысының орынбасары көптомдықты шығаруға атсалысқан барша азаматқа алғысын білдірді.

Әрі қарай сөз сабақтаған шара қонақтары жауынгер жазушының туындылары, оның  ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі төңірегінде орамды ойларын ортаға салды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.