Қалалық қоғамдық-саяси газет

Батыр атағына лайық еді

0 270

Қазақ «құралайды көзге атқан», «сұрмерген», «атқан оғы мүлт кетпеген» деген теңеуді мергендерге қарап айтса керек. Жаугершілік заманда жасанып келген жаудың талай батыры мергендердің қолынан мерт болған. Аштық, жұт жайлаған замандарда мерген ағайын-туысын, қала берді ауыл-аймағын атып алған аң-құспен асырап, ажалдан аман алып қалатыны бар. Содан болар мергенді ел-жұрт батыр санаған. Қазақтың дастан-жырында мергендердің есімі батырлармен қоса аталатыны бар. Ендеше, мерген ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен заманда батырға бағаланған.

Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары Жамбыл жерінен майданға аттанған Ыбырайым Сүлейменов еңіреген ердің бірі, құралайды көзге атқан мерген екен. Ол оны майдан даласында дәлелдеп, атақ-даңқы бүкіл майданға тарады. Бір өзі снайперлік винтовкамен немістің 120 солдаты мен сардарының көзін жойды. Осы жерде келетін ой: Ыбырайым әскер қатарына қарапайым колхозшы ретінде алынған қысқа мерзімді мергендер дайындайтын курстан өткен. 1942 жылдың күзінен соғысқа кірген. Мергендік курсында мыңдаған солдаттар даярланды. Алайда қарапайым қазақ жауынгері Ыбырайымның нәтижесіне жете алмады. Неге? Біздіңше, қанында бар қасиет сол қиын-қыстау кезеңде атойлаған-ау шамасы. Өйткені қолына қару алған Ыбырайым баяғы батыр бабаларша дүр сілкініп, жауға қырғидай тиді. Оның майдандағы ерлігін Қазақстанның Халық жазушысы, майдангер қаламгер Әзілхан Нұршайықов былай суреттеген еді: «…Мен 1941 жылдың аяғында Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасының құрамында болып, бригада 1943 жылдың аяғында 1-ші атқыштар дивизиясы болып қайта құрылғанға дейін сонда қызмет істедім. 76 мм-лік артиллерия дивизионында зеңбірек командирі болдым.

Ыбырайым Сүлейменовпен майданда таныстым. Жамбылдық жігіт бригаданың капитан Ушаков басқарған екінші батальонының мергені еді. Бригада ең алғаш неміс фашистерімен шайқасқа кіріскен 1942 жылдың 25 қарашасынан бастап Ыбырайымның даңқы шыға бастады.

Ол кезде мен өлең шығаратын едім. Өлеңдерім бригада, майдан газеттерінің беттерінде, елдегі республикалық, облыстық газеттерде басылып тұратын. Негізгі қызметім зеңбірек командирінің үстіне жұрт мені «бригада ақыны» деп те айтатын. Ыбырайыммен танысып, біліскеннен кейін мен оған «Өшпенділік қыраны» деген өлең арнадым. 1943 жылы наурыз айында бригадалық «Сталин үшін алға» газетінде жарияланды.

1943 жылы наурыз айының орта кезінде біздің бригада жауынгерлері мен командирлерінің атынан Қазақстанға хат жазылды. Хат қазақ халқының ұлы ақсақалы Жамбыл Жабаевтың атына жіберілді. Бұл хат 100-ші атқыштар бригадасының қазақ халқына жолдаған жауынгерлік рапорты іспетті болып, онда фашистермен шайқаста бригада батырларының көрсеткен ерліктері баян болды. Бұл хатты бригада басшыларының тапсыруы бойынша мен жаздым. Сол құжатта бригаданың даңқты батырларының қатарында Ыбырайым Сүлейменовтің есімі де аталды. Онда былай делінді:
Қырағы қырдың қыраны,
Даланың ұшқыр құланы,
Таудың жүйрік бұланы,
Фашистерді екі жүз
Отыз тоғыз өлтірген
Сүлейменов Ыбырайым – қазақтың батыр ұланы!
Бұл өлеңге Жамбыл атамыз «Жүз жасаған жүректен» деген жауап жазып, онда бригада батырларының есімдерін былай деп толғады:
Бимурзин мен Бұрышев
Жауған оқтан таймаған.
Танктермен ұрысып,
Нажағайша ойнаған.
Ыбырайым, Мырзаби
Жау қыруға тоймаған.
Кезегенге боп қырғи
Көрінгенді қоймаған.
Кеңес етіп соны ылғи
Күндіз-түні ойланам.
Сол батырлық болып күй
Өлеңімді қозғаған.
Бұл екі өлең сол кезде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, барлық майдандық газеттер беттерінде жарияланды. Жамбыл Жабаевтың содан бергі шыққан кітаптарының бәрінде басылып келеді.
Біздің бригадалық газетіміздің редакторы Қасым Шәріпов өзінің «Қатардағы қаһарман» деген кітабының тұтас бір бөлімін «Снайпер Сүлейменов» деп атап, Ыбырайым батырдың сол кездегі ерлігіне арнады. Ал ол өзінің «Қаруластар» кітабында Сүлейменов батальонының командирі капитан Ушаковтың Ыбырайым туралы мынадай диалогын келтіреді:
« – Сізге Сүлейменов керек болса, ол әлгі жігіт. Білуші ме едіңіз?
– Білгенде қандай! Ол жігіт туралы өзіңіздің пікіріңіз қалай?
– Біздің Сүлейменовке ешкім тең келмейді. Отан соғысында қазақта Сүлейменовтен асқан мерген жоқ. Біздің Сүлейменов Совет Одағының Батыры болады. Көрерсіңдер, солай болады, – деді капитан Ушаков».
Бұл кітабының да бірнеше бетін аталмыш автор Сүлейменов ерлігіне арнаған.
Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов 239 фашисті жойған кездің өзінде-ақ сөзсіз Совет Одағының Батыры болуға лайық еді. Бірақ оның сәті түспеді. Ал үш жүздей жауды жайпап, ер өлімімен өлгеннен кейін де ол Батыр атағына ұсынылуы тиіс еді».
«Асқан мерген Ыбырайым Сүлейменов «Халық қаһарманы» болуға әбден лайық».
Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті (№36-38, 17 наурыз, 2005 жыл)

Бұл ерлік былтыр Астана қаласында жарық көрген «Ұмытылған қаһармандар» атты кітапта да жарияланды. Оған қоса 3-ші тегеурінді әскердің қолбасшысы, генерал-лейтенант Галицкий мен Армия әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор Литвиновты, армияның штаб бастығы, генерал-майор Зуевтің Ыбырайым Сүлейменовтің асқан ерлігіне орай «Совет Одағының Батыры» атағына ұсынғаны жайлы құжат алғаш рет жарық көрді. Ыбырайымның соңғы ерлігі былай аяқталған: «100-ші жеке атқыштар бригадасының 2 жеке атқыштар батальоны снайпер-бақылаушысы Ыбырайым Сүлейменов 1942 жылдың қараша айынан бастап әскер қатарында. Бір жылдың ішінде, 1943 жылдың қараша айына дейін ол жаудың 239 жауынгерлері мен офицерлерін жойды. 1943 жылғы 16 қарашада Невель қаласынан батысқа қарай, Изоча станциясында 173,3 биіктікте үлкен қақтығыс болды. Биіктіктің сол қаптарында аты аңызға айналған батыр Мәншүк Мәметова пулеметтен оқ атса, оң жаққа Ыбырайым Сүлейменов ие болған. Ол екі шеткі орындарға винтовкалар, ал ортаңғы орынға автомат пен екі граната қалдырды. Жаудың бірде-бір солдаты оның қырағы көзінен таса болмады, оларды бірден мергендік винтовкамен көзін құртты. Дұшпанның екі шабуылы қайтарылды. Ыбырайым 12 фашисті жойды. Бірақ бұл уақытта біздің жаяу әскеріміздің оқ-дәрісі таусылды. Сол себепті жауынгерлер шегінуге мәжбүр болды. Кешке биіктікте тек Мәншүк Мәметова мен Ыбырайым Сүлейменов қана қалды. Олар өмірлеріне қауіп төндіріп, өз жолдастарының шегінуін қамтамасыз етті. Мәншүк пулеметінің дауысы үнсіз қалды, құтқаруға келіп қалған жауынгерлердің «Ура» деген дауыстары естілді, оқ-дәрісі таусылған старшина қоян-қолтық ұрысқа шықты… Сол сәтте оған жаудың оғы тиді.
Ыбырайымның екі траншеясынан бірде-бір оқ табылмады. Мылтық пен автомат қираған, үшінші траншеядағы винтовка жауға қарай бағытталған бетте брустверде жатыр. Сол маңнан шамамен 30-дан астам жаудың өлігі табылды. Осылайша, Ыбырайым Сүлейменов өзінің есебін 289 адамға жеткізіп, нағыз қаһарманша соңғы тынысы қалғанша күресіп қаза болды».

Соғыс жылдарының тарихына жетік жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жоғарыда келтірген әділ бағасы халықтың берген бағасындай еді. Өйткені қазақтың батыр ұлының өшпес ерлігі жоғары жақ елемегенмен, халық ескерді. 1943 жылы қарашада Еңбекшілер депутаттары атқару комитеті Невель қалалық кеңесінің қаулысымен қазақ қызы, пулеметші Мәншүк Мәметовамен бірге Ыбырайым Сүлейменовтің есімін Невель қаласының көшесінің бірін атау туралы шешім қабылдаған. Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысының қаһарманы, жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменов жайлы деректер баршылық. Оның майданнан елге, туған-туыстарына жолдаған хаттары да бар. Қазір Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесі бойында еңіреген ердің ескерткіші орнатылған. Ерлік ұмытылмайды. Ол қашанда халықтың жүрегінде сақталады.

Әділбек БАҚҚАРАҰЛЫ,
Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің архивисі

Мен батырдың ұрпағымын!

Мен, Айман Сүлейменова Тараз қаласындағы №32 орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Жас ұрпаққа білім мен тәрбиені ұштастырып, бағыт-бағдар беремін. Бүгінде көпбалалы анамын, бейбіт өмірде батырмын. Өйткені мен батырдың ұрпағымын!

Менің аталарым – Сүлейменовтер: Сүйіндік – тылда еңбек етсе, Ысқақ, Ыбырайым, Смайыл – Ұлы Отан соғысында ерлік жасаған хас батырлар!

Ыбырайым Сүлейменов атамызды бүгінде білмейтін қазақ жоқ шығар.Құралайды көздеген, атақты «Сұрмерген» деген атпен 300-дей фашистің көзін жойған, ел аузындағы халық батыры. Сонау сұрапыл соғыс жылдарында қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың өзі атамыздың ерлігін дәріптеп, жырға қосқан.
«Халық қаһарманы» атағына ұсынылып, белгісіз себептермен берілмей қалған. «Алтынды тот баспас» дейді қазақ халқы. Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Тараз қаласында орталық көшелердің бірі Ы.Сүлейменов есімімен аталады. Жеңістің 70 жылдығына орай көшенің қақ ортасына ескерткіш орнатылды. Қалада 80 жылдық тарихы бар №37 орта мектеп Ы.Сүлейменов атымен аталады. Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылындағы мектепке атамыздың аты берілді. Мұның бәрі батыр ерлігіне деген құрмет деп білемін.

Мен аталарымды мақтан етемін! Бабалар рухына бас иемін! Мен батырдың ұрпағымын! Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын! Енді соғыс болмасын!

Айман Сүлейменова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.