Танымал актриса Дариға Бадықова жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Экспресс К.
Бұл туралы актриса өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. «Келінжан» сериалында Айсараның рөлін сомдап, көпшілікке кеңінен танымал болған актриса өзінің бір ажалдан аман қалғанын айтады. Сарыағашқа күйеуімен барған Дариға қайтар жолда апатқа ұшырапты.
Күні кеше Сарыағашқа іс-шараға бардық. Өз машинамызды Шымкенттегі қонақ үйдің алдына қойып, демалып барайықшы деп, басқа машинамен бардық. Той керемет өтіп жатты. Жолдасым елдің арасында аттың басын жіберіп биледі, — дейді Дариға.
Қайтар жолда актриса мінген көліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кеткен.
«Жолдасым алдында отырды. Ұйықтамай-ақ келе жатқанбыз. Сарыағашқа келгенде жүргізушіміз қарсы бағытқа шығып кетті. Жан дауысым шықты. «Үлгермейсің, кір ішке» дедім. «Үлгерем» деген ойы болды-ау, үлгермей екі машина қарама-қарсы соғысты. Қарама қарсы келе жатқан машинаны көру сұмдық екен. Дауысымды шығармай өлдім болды дедім», — дейді актриса.
Актриса көліктің дөңгелегінің ұшып бара жатқанын көзімен көрген. Терезесінің әйнектері бетіне, шашының арасына кіріп кетіпті.
«Алдында отырған күйеуіме қарасам, үні шықпайды, қатып қалған. Басынан қан кетіп жатыр екен. Өзімді тез жинап, ең құрғанда біреуіміз қорғанайық дедім. Қорғануға тырыстым. Артық еш жерден ұстамай, басымды бетімді, орындықтың астына қарай тыға бердім. Машина тоқтай алмады», — дейді актриса.
Көлік тоқтағанда айналадағы адамдар актрисаға «түс, түтін шығып жатыр» деген. Ал көліктің дөңгелектері ұшып кеткен.
Дарханның басынан қанның су сияқты аққанын көру қиын екен. «Скорый» деп жатты. Дарханның жан дауысы шығып тұр. «Қолымнан ұстамаңдар» дейді. Анықтап барып қарасам, оң қолы салбырап тұр,
Жедел жәрдем көлігі дереу жетіп, ауруханаға апарған.
Дарханды бірінші жібердік бізге қарағанда жағдайы ауыр болды. Әйнек кірген шекесін шыңғыртып тұрып тікті. Қолын рентгенге түсірді. «Жағдайы өте ауыр. Морт кеткен. Операция жасаймыз» деді, — дейді актриса.
Дарханның қолына гипс салып берген. Операцияны Алматыда жасатуға кеңес беріпті. Қалаға келгеннен кейін науқасты бірден жатқызған. Ал актрисаның бетіне зақым келген. Кеудедегі жүйке талшықтары қысылып қалған.
Мынадай жол апатынан, мыжылып қалған машинадан аман қалғанымызға Жаратушыға мың бір шүкір,
Актриса «кинода ойнаған рөлі қайталанды ма, әлде мүшел жас па» деген ой мазалайтынын жазған. Ал әлеуметтік желі қолданушылары оған шипа тілеген.