Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Басылымның алғашқы бюджеті 300 мың теңге ғана болған»

0 397

«Газет – халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ ел басқа газеті бар елдердің қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді». Ахмет Байтұрсынов- тың ғасыр бұрын айтылған бұл пікірі өзінің маңыздылығын толықтай сақтап қана қоймай, бүгінгідей ақпарат ағыны дамылсыз дамыған заманның талабын анықтап беріп отыр. Əрине, қазіргі қазақ баспасөзі бұл талаптарға сай болудың қамын жасап, үлкен жұмыс жасауда. Нəтижесінде, бұл межені абыроймен еңсерген басылымдар саны жыл санап артып келеді. 27 жылдық белесіне аяқ басқан «Jambyl-Taraz» газеті солардың қатарында.
Газеттің алғашқы саны оқырман қолына 1996 жылдың 16 ақпан күні тиген. Əрине, бірнеше адам жиналып, газет шығара салмасы анық. Басылымның толыққанды ақпарат құралына айналып, жүйелі түрде жарыққа шығып отыруы үшін оған редакция қызметкерлері орналасатын кеңсе алғашқы қажеттіліктердің бірі ғана. Сондай-ақ материалдық-техникалық базаcын құру секілді мəселені де шешу аса маңызды. Бұл ретте басылымның аяққа тұруына 1995-1998 жылдар арасында Тараз қаласын басқарған Болат Жылқышиевтің қосқан үлесі зор болған. Ал газеттің тізгінін қолға алып, алғаш редакторы болған – белгілі журналист Дархан Байтуов. Ол шақты белгілі журналист былайша еске алады:

            Д. Байтуов

– Көне шаһардың бас басылымы «Jambyl-Taraz»-дың ашылуына сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов тағайындаған Жамбыл қаласының әкімі Болат Жылқышиев себепкер болған еді. Бұл азамат біздің өңірге Оңтүстік Қазақстан облысынан келген болатын. Содан болар, Болат Әбжаппарұлы «Шымкент келбеті» секілді аузы дуалы әрі бәсекеге қабілетті қалалық басылым құру идеясына мықтап кірісті.
Ол шақта қала әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болып Нұрғали Әбілдаев қызмет ететін. Ол азаматпен мен қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Журналистика» факультетін тәмамдай салысымен «Жамбыл таңы» газетінде бірге қызмет еткенім бар еді. Қала әкімінің газет ашу туралы бастамасын қолдай кеткен Н.Әбілдаев маған жаңа басылымды ашуға атсалысып, басқаруға ұсыныс білдірді. Бұл 1996 жылдың қаңтар айы болатын. Нәтижесінде, басылымды тіркеу, жазылым индексін алу секілді міндетті шараларды атқару үшін сол кезде Баспа және бұқаралық ақпарат министрлігі орналасқан Алматы қаласына бірнеше рет барып, бұл жұмыстарды да ретімен іске асыр- дық, – дейді Дархан Қыстаубайұлы.
Осы тұста «Басылым неліктен «Жамбыл-Тараз» аталды?» деген сұрақтың туындауы орынды. Жаңа газетке берілетін атау туралы ой да, ұсыныс та көп болған. Сол шақтарда облыс орталығына көне Тараз атауын қайтару туралы әңгіме болып жатқан. Алғашында басылымды «Тараз таңы», «Тараз» деп атау туралы ұсыныстар болған екен.
– Сол шақтағы шаһар басшысының басты талабы – жаңа газеттің атауы қазақ жəне орыс тілдерінде де бірдей аталатын, аударылмайтын болуы керек еді. 1996 жылы Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қалбүбі Мақажанова «Жамбыл-Тараз» атауын ұсынды. Бұл ат көптің көңілінен шығып, ресми түрде бекітілді. Ең қызығы, ол жылы облыс орталығы əлі де Жамбыл аталатын. Алайда араға жыл салып, 1997 жылдың 8 қаңтарында Президенттің Жарлығымен қалаға тарихи атауы қайтарылды. Бұған газеттің əсері болды ма, жоқ па, əйтеуір бұл жайт ел аузында сəйкестік ретінде əлі айтылып жүр. Сондықтан басылым «Жамбыл-Тараз» атанды.
Басылым банкте есеп-шотын ашқан соң, қала әкімшілігі (ол кезде әлі әкімдік аталмай тұрған еді) онда 1 АҚШ доллары 60 теңгеге тең бағаммен 300 мың теңге аударды. Яғни газеттің алғашқы бюджеті 300 мың теңге ғана болған. Осылайша барлық жұмыстарды осы қаражатқа атқардық. Басылым тізгінін қолға алған соң, журналистер тобын жинап, жұмысты бастадық. Ол кезде қала әкімшілігінің қуықтай ғана бөлмесінде отыратын едік. Одан кейін біршама уақыт Жамбыл мен А.Пушкин көшелерінің қиылысындағы мал дәрігерлік мекеменің ғимаратында орналастық. Кейін келе Жамбыл мен Е.Ниетқалиев көшелерінің қиылысқан тұсында орналасқан тұрғын үй шаруашылығы тресінің ғимаратында біраз уақыт тұрақтадық. Түрлі жылдары «Глобус» сауда үйінің, «Қазпоштаның» ғимараттарын да мекендедік.
Ол уақытта компьютер деген атымен болған емес. Мақалалар баспа машинкасында теріліп, облыстық баспаханаға жеткізілетін. Дегенмен алдында бөлінген 300 мың теңге газетті аяғына тік тұрғызуға толықтай жетті. Оның құпиясы – баспа өнімдерін таратумен айналысатын жекеменшік мекемелермен жұмыс істеуімізде еді. Осылайша газеттің алғашқы саны 10 мың дана таралыммен жарыққа шықты. Оның барлығын әр данасына 4 теңгелік бағамен жергілікгі нарықта тараттық. Ал газеттің келесі саны 20 мың данаға бір-ақ жетті. Сол себепті, ешкімнен қаражат сұрамай, өз-өзіміздің шығынымызды жабуға жұмыс істедік, – дейді басылымның алғашқы бас редакторы.
Газет тарихында 22 мыңдық таралыммен басылған кездері де болған. Өзекті мəселелерді көтеріп, орамды ойларымен оқырмандарды тарта білген басылымды сол уақытта тіпті еліміздің өзге қалаларынан да жазылып, оқитындар болған. Бүгінде осынау еңбектің лайықты жалғасын көрсетіп отырған газет бүгінде аймағымыздағы белді ақпарат құралына айналды. 2021 жылы заман ағымына сәйкес атауын «Jambyl-Taraz»-ға ауыстырып, алғаш қадам басқан жылдардағы алған бетінен қайтпай, қарқынына қарқын қосып еңбек етіп келеді.

Мұратхан Әлімхан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.