Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты талап – рәмізге құрмет

0 189

Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен №5 мектеп-гимназияның қабырғасында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалану, орнату және насихаттау мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жиынға қала аумағындағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Кеңес барысында еліміздің бас рәміздерінің қалыптасу тарихы және олардың мемлекеттік мекемелерде дұрыс қолданылу ережелері талқыланды.

Рәміздердің белгіленген стандарттарға сай келуі мен орналасу тәртібі аса маңызды. Олар мемлекеттік ұйымдардың барлығында болуы шарт. Қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік рәміздегі жалпы авторлардың идеясы, мазмұны сақталады. Мемлекеттік мекемелерге талапқа сәйкес мемлекеттік рәміздерді орнатуға 1 жұмыс күні беріледі. Егер осы уақыт ішінде ауыстырылмаған болса, айыппұл салынады. Семинарда мектеп директорларының орынбасарларына мемлекеттік рәміздерге ұқыппен қарап, уақтылы ауыстырып, ескірген болса, жою жұмыстарын жүргізуге үлкен жауапкершілікпен қарау керектігі айтылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Шынар Қашқынбек жан-жақты мәлімет беріп өтті.

– Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дұрыс пайдалануды реттейтін ең бірінші құжат – Конституция. Конституцияның 34-бабының екінші тармағында: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», – деп жазылған. Заң бойынша мемлекеттік рәміздер, оның ішінде Ту мен Елтаңба әрбір мемлекеттік мекеменің маңдайшасына немесе кіреберісіне орналастырылады. Өлшемі, биіктігі – барлығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысында нақты жазылған. Ескеретін тағы бір жайт, түнгі уақытта ғимарат маңдайшасында орналасқан рәміздерге жарық түсіп тұруы тиіс, – деді спикер.

Сонымен қатар баяндамашы рәміздерге енген өзгерістер туралы да аз-кем ақпарат беріп өтті. Мысалы, Елтаңбадағы «Қазақстан» сөзі қазір латын қарпінде жазылады. Мұның да өзіне тән стандарттары бар.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің пайдаланылуын реттейтін заңнамаларда төл нышандарды дұрыс пайдаланбаған жағдайда қолданылатын жаза түрлері нақты жазылған. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 458-бабында: «ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып, ҚР Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», – делінген. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ ҚР заңнамасының талаптарын бұза отырып, ҚР Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау – елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша ҚР Мемлекеттік рәміздерін қорлау екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімде қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және де сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады. Тиісті ереже бойынша жалпы орта, кәсіптік бастауыш, кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнекті орынға Мемлекеттік Ту тігіледі, Мемлекеттік Елтаңба не олардың бейнесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады.

Осы ережелердің барлығы жан-жақты түсіндірілген жиынға «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Жамбыл филиалының директоры Асқар Мыңбаев, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облы-сы бойынша департаментінің бас маманы Асқар Бейсенбаев қатысып, рәміздерді пайдалану стандарттары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.