Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты талап – біліктілік

0 324

Білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ғылымды жетілдіру мен инновациялық-педагогикалық технологияларды жаңғырту мәселесі кеңінен қозғалған. Еліміздегі педагог кадрларының біліктілігін арттыру маңызды мәселелердің санатында келеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суретті түсірген Ю.Ким

Осыған орай, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Жамбыл облысы бойынша филиалында ашық есік күні өтті. Институт қызметкерлері білім саласының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлерді, «Нұр Отан» партиясының мүшелерін «Өрлеу» БАҰО-ның жұмысымен таныстырды. Шараға Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов, ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбекұлы, ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков арнайы қатысты. Ашық есік күні аясында облыстық білім басқармасы мен Жамбыл облысындағы білім бөлімдері үшін жаңартылған оқыту мазмұны бойынша екі күндік семинар ұйымдастырылды. Семинарды инновациялық технологиялар және жаратылыстану пәндерін оқыту әдістемесі, тұлғаны тәрбиелеу мен әлеуметтендіру, мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру, сондай-ақ басқару және білім сапасы тақырыптары бойынша арнайы мамандар жүргізіп, нәтижесінде барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмаларға сәйкес педагогтердің жалақысын көтеріп, мәртебесін биіктету бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналып отыр. Ұстаздар жоғары жалақыға ие болу үшін кезең сайын арнайы біліктілікті жоғарылату курстарынан өтіп, білімдерін шыңдауы тиіс. Аймақтағы педагогтерге осы мүмкіндікті беретін «Өрлеу» орталығы 2012 жылы құрылып, мұғалім абыройын арттыруға барынша қызмет етуде.


– Жамбыл облысында «Өрлеу» БАҰО 2012 жылдың 17 ақпанынан бастап жұмыс істеп келеді. Ұйым толықтай мемлекет қарамағында болғандықтан, барлық акциялар ҚР Білім және ғылым министрлігіне тиесілі. Еліміз бойынша 16 филиал ұстаздарға қызмет көрсетуде. Жамбыл облысындағы филиалда 5 ғылым докторы, 16 кандидат, 2 философия ғылымдарының докторы, 34 магистр қызмет атқарады. Орталықтың миссиясы – өңірде, сондай-ақ елімізде сұранысқа ие жаңа тұрпатты педагогтердің біліктілігін арттыру және оларды қайта дайындауда үздіксіз және жүйелі жұмыс жүргізу. Институт мемлекеттің білім саласындағы стратегиялық міндеттеріне сәйкес білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуды көздейді. Осы миссия институттың рухани, эстетикалық және ғылыми құндылықтарға негізделген жұмыс тәжірибесінің және корпоративтік мәдениетінің негізінде жүзеге асырылады, – деді филиал директоры Гүлшат Медетбекова.


2016-2018 жылдар аралығында институт жаңартылған білім мазмұны бойынша 10000 педагогті қамтыған 350-ге тарта жылжымалы курстар ұйымдастырған. Оның 2790-ы Тараз қаласының ұстаздары. Мұғалімдердің пәндік білімін жетілдіруге бағытталған курстың қорытынды бөліміне арнайы үш тілде оқыту мақсатында Кембридж университетінен білікті маман шақырылған. Жиын барысында сөз алған ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков ұстаздардың біліктілігін арттыруда орталықтың аймақтағы беделіне тоқталып өтті.


– Қоғам әрдайым заманауи үрдістерге сақтықпен қарайды. Алғаш ашылған жылдары мұндай жағдайлар біліктілікті арттыру институтында да орын алған болатын. Бүгінгі таңда «Өрлеу» ұлттық орталығының білім беру сапасына ешкім күмән келтірмейді. Әлбетте, ұйымда мекеменің тарлығы, қажетті техниканың жетіспеуі сынды бірқатар мәселелер де баршылық. Бірақ кез келген мәселенің шешілетін тетігі барын ескере отырып, алдағы уақытта бұл орталықтың жаңа деңгейге көтерілетініне сенімдімін, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.