Нұрбол ӘБДІҚАЛЫҚ,
№56 орта мектебінің директоры.
Тараз қаласы
Бүгінде бейбіт заманның батырлары мен қаһармандары еліміздің түпкір-түпкірінен шығып жатқаны белгілі. Бірі өртке оранған үйден адамдарды құтқарса, енді бірі суға батып бара жатқан балаларды құтқаруда. Сонымен қатар биік ғимарат терезесіне шыққан бүлдіршінің аман қалуына септігін тигізуде. Міне, осындай азаматтарды бейбіт заманның батырлары десек, қателеспегеніміз болар. Ал бұл азаматтар кешегі батыр бабалардың ұрпағы емес пе?!
1941-1945 жылдары болған Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаншама азаматымыз ел үшін, жер үшін, келешегіміздің азаттығы үшін деп от кешті, жанын қиды. Олардың арасында денесі майдан даласында табылмай, хабар-ошарсыз қалғаны қаншама… Ал елге аман оралғандарының саны бүгінгі күні саусақпен санарлықтай аз қалды. Бұл ретте оқушылардың бойына адамгершілік тәрбиемен қатар патриоттық тәрбиені беру мақсатында батырларымызды құрметтеу, олардың ерлігін келешек ұрпаққа аманат ету, насихаттау – біздің міндетіміз.
Осы орайда мектебімізде Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шара өткізу бойынша жоспар әзірленді. Жоспар аясында батыр бабалар ерлігіне мектептің барлық оқушылары эссе, тілектер топтамасы, хаттар жинағы, ашық хаттар жинағын әзірлеуде. Сондай-ақ жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тәрбие сағаттары, танымдық сабақтар өткізу, ескерткіштерге топ серуенге шығу, тақырып аясында мұражайларға бару, әскери спорттық ойын түрлерінен жарыстар мен ашық турнирлер, тақырыпқа сәйкес қысқаметражды бейнероликтер түсіру, кездесулер, ардагерлердің үйінде тазалық жұмыстарын жүргізу, өнертапқыштардың көрмесі, кітап көрмесі, жетістіктер шеруі, асфальтқа сурет салу, TEDx форматындағы ашық ой алаңы, пікірсайыс секілді жоспарланған шаралар өз кезегімен жалғасын табуда.