Қалалық қоғамдық-саяси газет

Басты мақсат – балалар қауіпсіздігі

0 459

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар қауіпсіздігіне баса мән беру керектігін үнемі айтып келеді. Ел Президенті республикалық педагогтар сьезінде сөйлеген сөзінде де осы мәселеге арнайы тоқталған болатын.

– Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдардың мектепке кіруіне жол беруге болмайды. Сондықтан, білім ошақтарының бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп мектептердің қауіпсіздігін толық тексеруі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс. Мемлекет те өз кезегінде баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Соған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оқу процесін цифрландыруға мүмкіндік беретін жүйелер енгізілген Тараз қаласындағы білім ошақтарын аралап, пилоттық жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Әуелі аймақ басшысы «Ұлы дала» (15) шағынауданындағы №64 орта мектепке барды. Бұл білім беру нысанына «Отан Мектеп» ақпараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. 1 200 балаға шақталған ғимарат өткен жылы бой көтерген. Бүгінде екі ауысымда 2 285 оқушы білім алуда. Мектепте 132 педагог қызмет етеді. Білім беру нысанында 56 оқу бөлмесі, 6 компьютер, 2 лингафон, 1 мұғалімдер кабинеті бар. Сондай-ақ 1 мәжіліс залы, 2 спортзал, асхана, кітапхана, 4 шеберхана мен 3 зертхана қарастырылған.
Бұдан соң облыс әкімі «Арай» алқабында орналасқан 600 орындық №63 орта мектептің жұмысымен танысты. Аталған білім ошағына «Алақан» жобасы пилоттық режимде іске қосылған. Айта кетейік, бұл пилоттық жобалар аясында ата-аналар баласының мектепке кіріп-шыққанын, асханаға қай уақытта барып, қанша қаражат жұмсағанын ұялы телефоны арқылы бақылай алады. Бұдан бөлек, білім ұясындағы барлық кітаптар жүйеге енгізіледі әрі оқулықтарды пайдалануға алған оқушыны анықтау оңайға соғады.
Мектеп директоры Медет Жантелиевтің айтуынша, қазір 38 педагог 481 балаға білім беруде. Нысанда 26 оқу бөлмесі, 4 компьютер, 3 модификация кабинеті, 4 шеберхана, мәжіліс залы, спортзал мен асхана бар.
Ербол Қарашөкеев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда тұрғанын атап өтіп, жауаптыларға пилоттық жобалардың тиімділігін жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Ұтымды жобаның тәжірибесі өңірдегі басқа да мектептерге таратылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.