Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспаналы болғандардың қатары артуда

0 576

Бүгінгі таңда еліміздегі жастардың басты мәселесінің бірі – баспана. Енді оған жастар санатындағы азаматтардың жас шегі бұрынғы 14-29 жастан 14-35 жасқа дейін өскенін қоссаңыз, оларды баспанамен қамту мәселесінің бұрынғыдан да күрделене түскені сөзсіз. Елімізде жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар баршылық.

Осы орайда 2022 жылдан бастап республика көлемінде біздің өңір 2-ші болып пилоттық жоба негізінде облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске асыруда. Былтыр аталған бағдарламаға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас баспанамен қамтылды. Оның 35-і Тараз қаласына тиесілі.
Ағымдағы жылы аталған бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы 2 млрд теңге қаражат бөлінді. Осының нәтижесінде жобамен биыл 130-дан астам жасты баспанамен қамту жоспарлануда. Былтырғымен салыстыр- ғанда, биыл бағдарлама талаптарында бірқатар ерекшеліктер бар. Біріншіден, қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге өскен. Екінші, еңбек өтілі бойынша биыл балл қойылмайды және қатысушының банкке енгізген бастапқы жарнасының сомасы бойынша балл белгіленбейді. Үшіншіден, заңды некеде тіркелген әр жыл үшін бір балл беріледі. Сондай-ақ отбасындағы әр бала үшін 1 балдан қойылады. Тағы бір ерекшелігі, төлем қабілеттілігін растау үшін «Отбасы банкке» құжат жинақтау уақыты 10 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне ұзарған.
Осы тұста жастарды тұрғын үймен қамтуға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасының тиімділігі байқалуда. Жобаның басты ерекшелі- гі – жылдар бойы тұрғын үй алуды көздегенімен, мемлекеттік бағдарламаларға заң жүзінде қатыса алмайтын жастарға үміт сыйлап отыр. Демек, тиімділігі байқалған бағдарламаларды қаржыландыру жағы ақсамаса, баспанасыз жүрген біраз жастың мәселесі көп ұзамай шешілетіні сөзсіз.
Бағдарлама аясында өтінімдер облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан әзірленген «e-jambyl.kz» платформасы арқылы қабылдануда.
Ағымдағы жылы өтінім қабылдаудың үш кезеңі бойынша 562 өтінім қабылданып, комиссия шешіміне сәйкес 179 қатысушыға «Отбасы банк» АҚ-на жолдама берілді. Ал 383 өтінім талаптарға сай келмеуіне байланысты бас тартылды.
Берілген 179 жолдама бойынша 75 қатысушы банк іріктеуінен өтпесе, 11 қатысушы банк іріктеуінен өткен. Ал 23 азамат үй іздестіруде, қалған 70-і тұрғын үйге қол жеткізіп үлгерген. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша 66 жас баспаналы болды.
Жастарды қолдауға арналған мұндай бағдарламалардың қолға алынып, іске асып жатқаны қуантарлық жағдай. Сондықтан бағдарлама әрі қарай өз жалғасын үздіксіз таба беруіне тілекшіміз.

Гүлназ Сматилдаева,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.