Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана іздеп бармақ тістеген көп

0 238

«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді дана халқымыз. Бүгінде баспанаға қол жеткізе алмай, пәтерден пәтерге көшіп жүрген азаматтар қаншама. Қазір жалдамалы пәтер табудың өзі – үлкен мәселе. Өйткені бірі алаяқтарға алданса, енді екіншісі риэлторлардың қақпанына түсуде.

Жалдамалы пәтер іздеп табан тоздырып шаршаған жандар үшін бүгінде әлеуметтік желіде арнайы сайттар бар. Олар: «Крыша» және «OLX». Иә, мұнда керектінің бәрі бар. Бірақ қол жеткізу оңай ма? Біз де пәтер іздеп, арнайы сайттар мен қосымшаларға кіріп көрдік. Саулап тұрған түрлі суреттер көздің жауын алады. Қалтаңа қарай таңдау да жоғары. Содан не керек, 35 мың теңге деп тұрған ең әдемі үйге хабарласып көрдік. Владислав есімді орыс азаматы тұтқаны көтеріп тілдескенімен, «пәтерді көруге болады ма?» деген тұста ол алдын ала төлем жасау керектігін айтты. Көрмеген дүниеге неге төлем жасайтынымды сұрағанда, әлгі азамат ашуға булықты. «Алмайтын болсаңдар, мазалап хабарласпаңдар. Без вас хватает арендаторов», – деп тұтқаны қоя салды. Сұраған сомасы – 1 мың теңге. Иә, көп те емес шығар, бірақ әр хабарласқан пәтерге мың теңгеден төлеп отырсаң, 1 айлық жалақыдан айырылатының анық. Бұл тек бастамасы екен. Одан әрісі одан да қызық болды. Үйді жалға берушіге хабарласып, ұнаған пәтерді өзгеге беріп қоймау үшін кездесуге келістік. Жұмыстан шығып, кешкі алтыда уәделескен жерге келдік. Жалға беруші жоқ, телефоны сөндірулі. Ұнаған үйіміз өтіп кеткен шығар деп ойлағанымызбен, үмітті үзбей, ертесіне тағы хабарландырулар бойынша үй іздеуге кірістік. Сайттан көңілден шыққан пәтерлерге хабарласудамыз. Бірі өшірулі, енді бірі тұтқаны көтермейді. Бір кезде пәтерін жалға беруші бір азамат тұтқаны алды. Ол бірден үйге кезекке тұрғандар көп екенін және алдын ала есеп-шотына ақша салмасам, ақпарат бермейтінін айтты. Содан сұраған 5 мың теңгесін «Kaspi Gold» арқылы тастадық. Көңілім орнына түсіп, кешқұрым үйді көруге бардым. Мен сияқты пәтер іздеп келген 7 адамды көріп, алданғанымды түсіндім. Содан не керек, азаматтарды сөзге тартып едік, әр пәтер іздеушінің өз мәселесі, кездескен қиындықтары бір дастанға татиды.
– Мен осымен 3 ай бойы пәтер іздеп келемін. Сайттарға кіріп, біріне қоңырау шалсам, базаны сатып ал деді. Ондай да болады екен деп айтқан базасын 10 мың теңгеге сатып алдым. Одан не керек, базасын ашып көрсем, сол сайттағы хабарландырулар. Кінә өзімнен, бірақ далаға кеткен есіл ақшаға ішім ашыды. Одан «OLX» сайтында енді жарияланатын хабарландыруларды реттеп, алдын ала біліп отырады деген жігітті тауып, сонымен келістім. Бар ойым – жақсы үй болса, бірінші болып алу. Оның да құны 10 мың теңге екен. Нар тәуекел, ақшаны бердім. Бірақ менің қалауымдағы үйлер әлі табылмады. Суретін жылтыратып, ең әдемі пәтерлерді жарнамалайтын алаяқтардан шаршадым, – дейді қала тұрғыны Дәулетбек Алтынбеков.
Ал Дана Тукенова есімді азаматша риэлторлардан мезі болғанын айтады.
– Пәтер іздеудің қамымен жүргеніме біраз болды. Ұнатқан үйді алуға барсаң, суреттегі хабарландырумен айырмашылығы жер мен көктей болып тұрады. Содан риэлторлардың қызметіне жүгіндік. Оларға әр ақпарат үшін ақша бересің. Одан қалды олар үй иесінен үйді жарнамалап, өткізіп бергені үшін де қомақты қаржы алады. Екі ортада үйдің бағасы әлдеқайда қымбатқа шығып кетеді. Тіпті ел аузынан естігенім, бір аптаға жалға алынған үйді өзінің үйі етіп өзге адамға арендаға беріп, алдын ала 2-3 айлық төлемақысын алып, табанын жалтыратып кететіндер де бар екен. Бұл – нағыз алаяқтық. Соңғы тиынын беріп, далада қолған қаншама жан бар десеңізші, – дейді Дана Тукенова.
Иә, бүгінде Қазақстанда бір ғана қызметі үшін бірнеше миллион теңге ақы алатын мамандық иелері бар. Бірақ әңгіме брокер не заңгерлер емес, риэлторлар туралы. Бұл кәсіп өкілдері үй сатушыдан да, сатып алушыдан да ақы талап етеді. Риэлторлық қызметтің бір ұшы қылмыспен ұштасып жатқаны жасырын емес. Ондайларды «қара риэлтор» деп атайды. Азаматтардың үйін арзанға не тегін алу үшін бұл қаскүнемдер психотроптық заттарды қолданудан арланбайды. Сондай-ақ азаматтар атына несие ашып, борышы үшін үйін тартып алу схемасы да пайдаланылады екен.
Өткен жылы Алматыда қайтыс болған және өз әрекетіне жауап беруге қабілетсіз жарымжан жандардың баспанасын тартып алып, миллиондап пайда тапқан қылмыстық топ анықталды. Бір жыл ішінде олар алты пәтерді заңсыз қолға түсірген. Құқық қорғау қызметкерлері жолын кеспегенде, бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Қылмыстық топқа 49 жастағы полиция подполковнигі жетекшілік еткені белгілі болды. Ол Алматының Криминалды полиция басқармасының ерекше маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі болып қызмет атқарған. Ол жалғызбасты азаматтар туралы мәліметтерді риэлторларға беріп отырған. Бұл тек бір мысал. Ал ашылмай жатқан қылмыс қаншама.
Бұл тұста риэлторлардың жұмысын реттейтін заңның керектігі айтпаса да түсінікті. Мысалы, Өзбекстанда, Ресейде осындай бөлек заңдар бар. Екіншіден, нотариус, ЖСО-лар секілді риэлторлар қызметінің бірыңғай тарифін не шекті межесін бекіту қажет. Оларды тек бір тараптан ақы алуға міндеттеген жөн. Үшіншіден, барлық жылжымайтын мүлік агенттігіне, риэлторларға жаппай тексеріс жүргізіп, тіркеуге алу керек. Төртіншіден, сала мамандарының қатарын «қара риэлторлардан» тазартқан маңызды. Бесіншіден, риэлторларды лицензиялаған жөн. Тиісінше, егер заң бұзса, қылмысқа барса, лицензиясынан айырылады. Мысалы, Өзбекстанда арнайы заңға сәйкес, осы делдалдар қыз-меті лицензияланады. Бұл қызметпен айналысу үшін маман риэлтордың біліктілік сертификатына ие болуы шарт. Бұған қоса, әр риэлтор азаматтық жауапкершілігін сақтандырып, полис алуға міндетті. Нәтижесінде, егер ол тараптардың біріне материалдық шығын келтірсе, лицензиясынан айырылады, ал залалын сақтандыру компаниясы өтейді.
Бәрін нарықтың реттеуіне жіберіп, көш ілгері дамыған елдерге жалтақтай бермей, кейде іргедегі елдің ілкімді, ізгі үлгісін өзімізге қолданған дұрыс-ау. Бәлкім, сонда алаяқтарға алданбай, риэлторлардың құрған қақпанына түспейтін шығармыз.

Зере Қуаныш

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.