Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана – бақыт шамы

0 507

Бүгінде баспана мәселесі халықтың арқасын аяздай қарығаны соншалық отау құрған жастар да ең әуелі ертең дүниеге келер ұрпағының қай жерде тұратынын ойлап алаңдайды. «Өз үйім – өлең төсегім» дейтін қазақ үшін баспана қонақ күтетін құтханасы, қара шаңырағы, ал қазіргі заманда әлеуметтік дәрежесін көрсетер индикаторы саналады. Сондықтан да тұрғын үй мәселесі бүгінгі күннің басты тақырыбы болып отыр.

Баспана мәселесі Астана, Алматы секілді ірі қалаларда көп кездеседі. Айталық, «Public Policy Research» орталығы жүргізген зерттеуге сүйенсек, Алматыда тұратын, жасы 30-ға толмаған азаматтардың 54.3 пайызы жеке меншік пәтер жалдап күн кешсе, 18.6 пайызы жатақханаларды паналапты. Ал 25 пайызы ата-анасының, туыстарының үйінде тұруда екен. Тіпті, жұмыс орнын мекен еткендер де бар.
Еліміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – халықты қолжетімді және сапалы тұрғын үй мен қамтамасыз ету. Осы мақсатта 2003 жылы қазіргі «Отбасы банкі» құрылған болатын. Сондай-ақ тұрғын үйге қол жеткізу процессінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Baspana.kz порталы әзірленді. Ол құрылыс компаниялары мен мемлекеттік органдар туралы деректерді бір тұғырнамаға біріктірді. Сол арқылы салымшылар порталда өздері құрылыс нысанын таңдап, мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтінім бере алады.
Егер сіз банк арқылы баспаналы болғыныз келсе, тұрғын үй-құрылыс жинақтары туралы келісім шартыңыздың болуы міндетті. Сондай-ақ жинақ сомасы 20-50 пайыз аралығын, салымның ең төменгі мерзімі 3 айды құрауы қажет.
Бүгінде халықты баспана бақытына бөлеу мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы. Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтініш берушіде жинақ шарты болуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны Астана, Алматы, Атырау қалаларында 180 мың теңгеге дейін, қалған өңірлерде 140 мың теңгені құрайды.

Нұрсәуле Мырзағалиева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университеті «Конвергентті
журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.