Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана – бақыт шамы

0 537

«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді халқымыз. Сол себепті баспана мәселесі әрқашан өзекті. Егемендік жылдарында халықты тұрғын үймен қамту мақсатында көптеген бағдарламалар қабылданып, ілкімді істер қолға алынды. Облысымызда да бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес.

Айталық, бүгінде шаһардағы №15 ықшамауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 62 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Оның ішінде 42 үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, 3-і қабылданған. Ал қалған тұрғын үйлердің ағымдағы жылдың соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ 20 жаңа тұрғын үйдің сараптамадан оң қорытындысы алынса, 10 кредиттік үй бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, мердігерлер анықталған. Ал 10 каркасты тұрғын үйдің жобасы экспертизадан өтуде екен. Нәтижесі белгілі болған соң, мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылатын болады. Сонымен қатар қалған 9 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамалары толығымен жинақталып, жобалаушы мекеме ретінде «ГермесКом» ЖШС анықталған. Қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптамаға шілде айының соңында жіберілмек.
Әлбетте, бұл тұрғын үй тапшылығын шешу бойынша тындырылған тірліктердің бір парасы ғана. Себебі шаһарда қоныс тойын тойлап, баспана бақытына кенелгендердің қарасы артып келеді. Солардың бірі – Жұлдыз Аширалиева. Ол мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз баспанасына қол жеткізген.
– Бірнеше жыл бойы пәтер жалдап тұрдым. Өз баспанамның жоқтығы, тапқан табысымның жартысынан көбі пәтерақыға кетіп жатқаны мені қатты толғандыратын. Сол үшін тәуекелге бел буып, «Отбасы» банкінен жинақ шот аштым. Оған үзбей ақша салып, бастапқа жарнасын жинадым. Соның нәтижесінде баспаналы болдым. Пәтердің бөлмелері кең, жарық. Қазақта «Өз үйім – өлең төсегім» деген қанатты сөз бар. Пәтер кілтін қолыма алғанда, осы сөздің қадірін жете түсінгендеймін. Алайда, бір айта кетерлігі, аулада балалар ойын алаңы, асфальт жолдың жоқтығы, қоғамдық көліктердің аздығы, маңайда емхана, мектептердің салынбағаны алаңдатады. «Көш жүре түзеледі» демекші, кезең-кезеңімен бұл мәселелер шешімін табарына үмітім зор, – дейді Жұлдыз Қасылбекқызы.
Шаһарда тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу де қарқын алуда. Мәселен, былтыр республикалық бюджеттен 2 691 888 000 теңге және қайтарым қаражатынан қосымша 247 190 000 теңгеге 57 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртудан өткізіліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңғыртудың игілігін көрген Динара Төлепбергенова жасалған жұмыстардың сапасына көңілі толатынын айтады.
– Мен тұратын үйдің бой көтерге-ніне жарты ғасырға жуықтаған. Содан болар, жыл өткен сайын тозығы жетіп, көркі қаша бастады. Әсіресе жертөледен шыққан иіс қолқаны қауып, қолайсыздық тудыратын. Әркім өз пәтерін жөндегені болмаса, жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген еді. Осы мәселені бірнеше рет көтердік. Содан былтыр базынамыз биліктің құлағына жетіп, тұрғын үйіміз күрделі жөндеуден өтті. Бір жаздың ішінде шатырынан бастап жертөлесіне дейін жаңаша кейіпке еніп шыға келді. Сапасына көршілерім де дән риза, – дейді көпбалалы ана.
Осылайша, мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көпшіліктің қуанышы еселенуде. Бұл да билік пен бұқара арасындағы байланыстың беріктігін көрсетері сөзсіз.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.