Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баспана бөлуге бақылау керек

0 261

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттен баспана бөлу тізімін зерделеу жұмысы барысында кейбір пәтерлерде ешкім тұрмайтыны, кейбірінің жалға берілгені анықталды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев мәлімдеді. Нақтылай айтқанда департамент қоғам белсенділерімен бірігіп, Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты құрылыс басқармасының Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөліміндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жұмыстарын жүргізіп, бірқатар заңсыздықтарды анықтаған. Тұрғын үй қорын басқару саласындағы мемлекеттік басқару Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі міндеттерінің бірі болып табылады. Бүгінгі күні Тараз қаласы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 18 565 адам тұр, оның ішінде: 1954 – жетімдер, көп балалы отбасылар – 1784, тұрғындардың әлеуметтік осал тобына жататындар – 8953, мемлекеттік қызметішілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері мен әскери қызметшілер саны 5874 адамды құрайды.
Департамент басшысының орынбасары өз сөзінде мемлекеттен баспана бөлуге байланысты комиссия отырыстары ашық әрі әділ өтуі тиіс екенін айтты.
– Тұрғын үй комиссиясының мұқтаж азаматтарға мемлекеттен баспана бөлу туралы шешімін лауазымды тұлғалар бақылаушылардың қатысуынсыз қабылдайды, яғни жұмыстың ашықтығы қамтамасыз етілмеген. Бейне және аудио жазбаның жүргізілмеуі де комиссия мүшелерінің шешім қабылдаудағы жауапкершілігіне кері әсер етері сөзсіз. Осыған байланысты, тұрғын үй комиссиясы отырысының міндетті түрде бейне және аудиотаспаға жазылып, әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілуі қажет.Кезектегілердің тізімін зерделеу, ағымдағы жылдың 3 мамырында пәтер алған кейбір азаматтардың 2017 және 2018 жылғы кезек тізімінде жоқтығын көрсетті. Мемлекеттік қордан бөлінген кейбір пәтерлерде ешкім тұрмайтыны, кейбірінің жалға берілгені анықталды. Жергілікті атқарушы орган тарапынан мемлекеттік қордан бөлінген тұрғын үйлердің пайдаланылуы бойынша шаралар қабылданып жатқан жоқ, – деді Равиль Қуанышбайұлы.
Құрылыс басқармасына жүргізілген талдау Тараз қаласының 15 ықшам ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысына 11,1 миллиард теңге бөлінгені және ондағы бір типті әрбір үйге жекелей жобалық-сметалық құжаттама әзірленетінін көрсетті. Жобаның тапсырыс берушісі Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі. 80 пәтерден тұратын 5 қабатты үйді тұрғызу үшін 890 миллион теңгеге жуық қаражат кетеді, бір үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау құны шамамен 8 миллион теңге. Қазіргі уақытқа дейін осы ауданда 80 пәтерден тұратын 5 қабатты 19 үй салынып бітті. Олардың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін әр үйге 8 миллион теңгеден жалпы сомасы 152 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты жұмсалған.
Сондай-ақ, брифинг барысында жүргізілген талдау нәтижесімен, сыбайлас жемқорлық көріністерінің пайда болу себептерін жою мақсатында тиісті жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар берілгені айтылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.