Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған облыстық ақпараттық топтардың өкілдері өткен аптада бірнеше мекеме қызметкерлерімен кездесіп, бас құжатты насихаттады.
Зере Қуаныш
Жалпы облыстық ақпарат тобының мүшелері жан-жақа бөлініп, белгіленген кесте бойынша әр түрлі сала қызметкерлерімен кездесті. Сондай кездесудің бірі – облыс әкімдігі білім басқармасының ұжымы өтті. Жиында ақпараттық топ мүшесі, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры міндетін атқарушы Махметғали Сарыбеков ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туған міндеттер жайында сөз қозғады.
– Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім-ғылым саласын дамыту мәселелеріне тұтас тарау арналды. Стратегиялық құжатта ең әуелі 2025 жылға дейін 3-6 жастағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемелермен толық қамту қажеттілігі айтылған. Меніңше мұнда бір кездегі «Балапан» секілді мемлекеттік бағдарламаның баламалы нұсқасы жасалуы қажет. Дәл осы бағдарлама арқылы кезінде мектепке дейінгі мекемелермен қамту ісінде жекеменшік механизм оңтайлы кәдеге жарағаны есте. Президент пәрменімен білім берудің орта буынындағы ең басты жаңалық – ұстаздардың жалақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 25 пайызға көтеру. Бұл мақсатқа 1 триллион 300 миллиард теңге бөлінді. Одан соң қарапайым мектептер мен инновациялық мектептер арасындағы айырмашылықты жою мәселесінің де өзектілігін ешкім жоққа шығара алмас. Қазіргі таңда салалық министрлікпен «Қарапайым мектептерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жобасы жасалып жатыр. Заман ағымына сай жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да өзгерді. Ендігі кезекте олар арнайы мамандық бойынша кәсіби білім беріп ғана қоймай студенттерді үлкен өмірге дайындау қажет, –деді М.Сарыбеков.
Өз сөзінде ақпараттық топ мүшесі «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін білім берудің барлық буынында оқыту, ғылым мен бизнестің арасында тығыз әріптестік байланыс орнату мәселелерін де көтерді.
– М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті республикадағы ең ірі патент иеленуші саналады. Мұнда 781 патент иеленуші бар. Алайда бұл ғылыми жаңалықтың екеуі ғана өндіріске енгізілген. Сондықтан да ғылымды коммерцияландыру мәселесі әлі де басы ашық күйде қалып отыр. Меніңше мұнда облыс әкімдігі кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының жанынан ғылымды коммерцияландыру бөлімін ашып, ғылым мен бизнестің арасында тығыз қарым-қатынасты орнатуға күш салған жөн секілді, –деді Махметғали Нұрғалиұлы.
Кездесу соңында жиналғандар ақпараттық топ мүшесі, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры міндетін атқарушы Махметғали Сарыбековке білім саласына Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыру жайына байланысты сұрақтарын қойды. Сонымен қатар 14-16 қазан аралығында «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамның Жамбыл облысы бойынша филиалында, Әскери госпитальде, Жамбыл көлік прокуратурасының ғимаратында, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мәжіліс залында, Тараз қалалық сотында, Жамбыл облыстық көп бейінді аурухана мен Жамбыл облыстық қан орталығында да Жолдауды насихаттауға арналған ақпараттық топ мүшелері жиын өткізді. Әр ұжымға бекітілген спикерлер саяси құжатты жан-жақты түсіндіріп, көпшілік тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.