Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бас санитар дәрігердің қаулысы шықты

0 145

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтіп, коронавирус індетіне қарсы бас санитарлық дәрігердің қаулысы таныстырылды.

Қаулы Жамбыл облысы аудандарының әкімдері мен Тараз қаласының әкіміне тікелей бағытталып, бірқатар шектеу шараларын ұсынып отыр. Облыстық санитария- лық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаевтың айтуынша, 17 қаңтардан бастап қаулы өз күшіне енген.
– Шыны керек, жыл басынан бері елдегі эпидахуал күрделі болып тұр. Бүгінде республиканың бірқатар өңірлері «қызыл» аймаққа кіріп, «Омикрон» штаммының елге келгені белгілі болды. Біздің өңірдегі жағдай да мәз емес. Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 17 қаңтардағы «Жамбыл облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы» №1 қаулысының негізінде, өңірде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бірнеше шектеулер қойылды. Бұл орайда тойлар мен жиындар, концерттер мен көңіл көтеретін іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ цирк, театр, филармония сынды мекемелер өз жұмысын тоқтатады. Мешіттерде жиналып намаз оқуға, діни шараларды өткізуге болмайды. Түнгі клубтар мен караоке, ән мен би билеуге болатын дәмханалар жұмысына шектеу қойылып отыр. Қоғамдық тамақтану орындарында 1 орындықта әр отбасының 4 адамына дейін тамақтануға рұқсат бар. Вакцина алған, «Ashyq» қосымшасында жасыл статусқа ие, ПТР- тесті теріс нәтиже көрсеткен (7 күн) тұрғындар 10 адамға дейін қоғамдық орындарда топтасып тамақтануға болады. Және кинотеатрлар 30 пайыз сыйымдылығымен («Ashyq» жобасына қатысушылардың) жұмыс жасай береді, – деді Бағлан Жарылқасынұлы.
Бүгінде қоғамдық көліктердегі адамдарды топтастыр- мау бойынша да тасымалдаушы автопарк иелерімен жиын өтіп, қарбалас уақытта автобус санын көбейту бойынша жұмыстар қолға алынған. Сонымен қатар облыс, қала әкімдіктерінің бөлімдерінде жұмыс істейтін азаматтарды сараланған жұмыс кестесіне ауыстыру ұсынылып отыр. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен коммуналдық шаруашылықты қоспағанда, қызметкерлері COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудан өтуіне қарамастан, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), ұлттық компаниялардың, кәсіпорындардың әкімшілік персоналының кемінде 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшпек.
Сенбі-жексенбі күндер сауда орындары мен базарлар, қоғамдық тамақтану орындары қаулыға сәйкес санитарлық талаптарды сақтап, «Ashyq» қосымшасында жасыл статусқа ие, вакцина алған тұрғындарға қызмет көрсетеді. «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеу өлшем шарттарына сәйкес «қызыл» аймақта барлық объектілерінің жұмысына: жұмыс күндері – «Ashyq» жобасына қатысушы барлық объектілер үшін сағат 00.00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары үшін – сағат 02.00-ге дейін рұқсат етілсе, демалыс күндері – қызметкерлер мен келушілерде жасыл мәртебе болған жағдайда (вакцинация, сынама алған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР-тест, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, ауырып, жазылған адамдар соңғы 3 ай ішінде) рұқсат берілген. Егер мемлекеттік нысан, орта және шағын кәсіпкерлік иелері карантиндік талаптарды бұзса, 700 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды.

Арайлым  Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.