Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барыс жылының басты тағамы қандай?

0 425

Жаңа жылдың басталуына санаулы күндер қалды. 31 желтоқсан күні жайылатын дастарқанға көп мән беретініміз рас. Әдетте нәзікжандылар «Жаңа жыл молшылығымен келсін» деген ниетпен сол күні түрлі тағамдар жасап, дастарқанда бос орын қалдырмауға тырысады. Ал биылғы жылдың басты символы Барыс жылында ас мәзірінде не болуы керек?

Шектеусіз арақ-шарап пен аста-төк тамақ – жаңажылдық дастарқанның басты сәні емес. Мерекелік ас мәзіріне қатысты мамандар осындай пікір білдіріп отыр. Олардың айтуынша, бұл экономикалық дағдарыстан туған шектеу емес, ең алдымен адамның өз денсаулығы үшін маңызды. Сондықтан дастарқанда көкөніс, ет, ұлттық сусын секілді ағзаға пайдалы тағамдар болғаны жөн.
Барыс жылындағы басты тағам, әрине, ет болады. Бұқтырылған, гриль, барбекю, кәуап дастарқанның сәнін келтірмек. Егер ет 2022 жылдың негізгі жаңажылдық тағамы болса, онда жолақты жыртқыш бөлісуді ұнатпайтынын есте ұстаған жөн. Сондықтан мерекелік үстелге жабайы аңның еттерін дайындамаған абзал. Бұл орайда елдің сүйіктісіне айналған холодецті де қоймау керек.
Жаңа жылға дастарқан дайындау — жағымды әсер сыйлайтын және шығармашылықты қажет ететін іс. Дастарқанға қойылатын тағамдарды ойластырудан бөлек, жалпы үстелді ерекше стильде безендіруге болады. Ол отбасыңызға және қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Ендеше, дастарқанды қалай безендіруге болады?
Қызыл және жасыл түстер Жаңа жылмен байланыстырылады. Сондықтан декорға осы екі түсті немесе екеуінің біреуінен тұратын торлы принтті пайдалануға болады. Мысалы, қызыл торлы принтті дастарқан сатып алыңыз. Алайда мұндай дастарқанға қоятын ыдыстарыңыздың ешқандай артық суреті болмағаны жөн. Керісінше жасап, бір түсті дастарқанға торлы принтті детальдар қоюға да болады. Ол торлы майлықтар және аксессуарлар болуы мүмкін.
Тіктөртбұрышты үстелдің қақ ортасына ұзынынан тізбек жасауға болады. Оны шырша ойыншықтарынан, шырша бүршіктерінен немесе бұтақшаларынан жасап, моншақтармен немесе шамдармен толықтырған абзал.
Қазір ғаламтордан майлықты қалай Жаңа жыл стилінде, мысалы, шырша етіп жасауды оңай табуға болады. Сондай-ақ әр қонаққа майлықтың қасына тәтті сыйлық қалдырсаңыз жөн.
Үстелге гүлі бар ваза қойсаңыз, ол дастарқанды бірден жайнатып жібереді. Жаңажылдық дастарқанда қарапайым гүлді шырша бұтақшалары мен бүршіктеріне ауыстыруға болады. Сондай-ақ әйнек вазаның ішін шырша ойыншықтарымен толтырсаңыз да, ол ерекше әдемі көрінеді.
Кей үй ханшайымдары мерекелік дастарқанға жеміс-жидектерді, соның ішінде мандариндерді ыдысқа салмай-ақ, дастарқанның үстіне әдемі етіп жайып тастайды. Осылайша дастарқанды жемістермен де безендіруге болады.
Тағы бір дастарқанға көрік беретін басты дүние – жеміс-жидек. Қала базарларындағы жемістер бағасы күн санап өсіп жатыр. Мандариннің үш түрі бар саудада. Бағалары да әртүрлі. 550 теңгеден бастап 1500 теңгеге дейін барады. Таңдаңыз да, ала беріңіз. Қыс басталысымен жететін тәтті құрмалардың бағасы бүгін тағы 100 теңгеге қымбаттаған. Келісі 400 теңгеден. Жаңажылдық дастарқанның келер жылдың иесінің бітім-болмысына сай келуі маңызды. Ал Барыс етті жақсы көргендіктен, еттің бағасы Жаңа жыл келмей-ақ қымбаттады. Алда әлі көтерілуі мүмкін. Дегенмен қазақ дастарқанын етсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан ас мәзірінде бұл тағамның алар орны ерекше. Жылқы еті базарда 2500-3500 теңгеден болса, қазы келісіне 2500 теңгеге сатылып жатыр. Ал сиыр етінің келісі – 2000-2400 теңге. Қазақтың етінен өзге, мерекелік дастарқанның сәнін келтіретін – шұжық пен ірімшік, тауық аяғы мен бұқтырылған балық. Барлығының құны бұрынғыға қарағанда 20-30 пайызға қымбаттаған. Ақбалық пен ақсеркенің бір келісі – 6500-7000 теңге. Ал Өзбекстаннан тікелей жеткізілетін өрік-мейіздің сөрелерде түр-түрі тұр. Сапасына қарай құны да жоғары. Келі- сі – 2500-3500 теңгеден жоғары. Осының барлығын саралай келе, бір шағын отбасының жаңажылдық дастарқанына қажетті азық-түлік пен жеміс-жидектің ең төменгі құны шамамен 50-80 мың теңгеге шығатыны белгілі болды. Бұл басты тағамдар болса, сіз бұл тізімге салаттарға қажетті азық-түліктерді және сусындарды қосыңыз.
Десе де, Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, әркім барын салып қарсы алатыны анық. Сондықтан дастарқандарыңыз дәмге толып, босағаларыңызға бақыт паналасын деп тілейміз.

Зере Қуаныш

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.