Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барын бағалай білген ел озады

0 786

Бірлік – береке бастауы. Ынтымақ – елдің құты. Құты қашқан ел – ел болмайды. Бұл – ертеден келе жатқан қоғамдық қатынастардың сүрлеуімен қалыптасқан өмірлік қағида.

Расында, кез келген елді қарусыз жаулаудың бір түрі – іріткі салу. Сонда ол ел өз ішінде іріп, бір-бірімен қырқысып жойылады. Мұны тарих та көрсетіп отыр. Өзге мемлекеттерді алмағанда, өз еліміздің аумағында өмір сүрген ерте кездегі ұлы хандықтар мен мемлекеттердің трагедиялық тағдырына ішкі алауыздық, тақ талас себеп болған. Сондықтан да еліміз тәуелсіздік туын көкке желбіретіп, қайта жандық, қайта түледік дегеннен-ақ үнемі елдікті, ынтымақты айтып келеді. Бұл үрдіс әсіресе күні кеше өткен қаңтар оқиғасынан кейін де жиі айтылады. Дегенмен «қан аңсайтын» қанды ауыздар ел ішінде жоқ емес.
Тұрмыс тапшылығы, қымбатшылық елдің ашу-ызасын келтіреді. Ал ашу дегеніміз – артық әрекеттерге апаратын дұшпан. Ашу үстіндегі адам адамдық бейнесінен кетеді. Қазір ызалы адам көп. Бір нәрсеге өкпелі, өмірі дүниесі түгел емес.
Қазір, өкінішке орай, бардың заманы ғой. Жоқ адам не істейді?! Рухы азбаса, жоғын табу үшін өзін қамшылайды. Ал рухы жұтаңдар, қызғаныштың отымен өзін жалмайды. Содан да болар, елімізде психологтар көбейіп кетті. Бұрындары бұл рөлді зиялылар, сапалы әдебиет, жоқ дегенде үйіңдегі салиқалы қартың атқаратын. Олар қоғамның дертін басар шипалы сөз айтатын, сабырға шақыратын. Қазір «шипалы» сөз жоқ. Сөзге тоқтау жоқ. Әркім бас пайдасымен жүргенін аңғарамыз. Сөзінің өтімді болуы санасу, сатысудың болмағанынан, сол кезеңдегі отбасылық иерархияның бұзылмай, әр буын өкілдері өз рөлін дұрыс атқарғаннан деп білемін. Бүгінгі күнде де бұл заңдылық сақталған орталар әлі күнге дейін өз биіктігін жоғалтпаған.
Шерхан Мұртазаның мына сөзі еріксіз еске түседі: «Асыл адамдар болмаса, жердің үсті, аспан асты тек күнкөріс үшін жүрген бейшара пенделер мекені ғана болар еді. Адамдар арасында асыл дәнекер болмаса ажырасу, араздасу, азып-тозудан көз аша алмас еді». Бұл сөз ертеректе айтылыпты. Ал қазір ше? Қазір Шерхан айтқан асыл адамдарымыз қайда кетті деген ой келеді? Неге қоғамда эгоизм басым?
Эгоизм – қазақ ұлтына жат мінез. Одан қазақ қоғамы үнемі арашалады. Эгоизмді тәкаппарлықтың дәні деп, оны Жаратушысы жақтырмайды деп, кішіпейіл мінезді ұрпағының бойына сіңдіріп отырды. Қазір біздің ұрпағымызды кімдер тәрбиелейді? Тамырынан үзілгісі келмегенімен, тіршіліктің күйбеңімен «нан табумен» ғана жүретін ата-әже, әке-шешенің барлығының қолы бос емес. Шаршайды, олар да ғаламтордан көрген әдемі өмірді аңсап, бәрін ұмытқысы келеді. Сондай сәтте ес кірмеген баласына дейін телефон ұстатады. Ал онда «YouTube» бар. Ондағы көретін 95 пайыз контент шет мемлекеттікі. Сондықтан да олар шетелдің құндылықтарын туар-тумастан бойына сіңіре бастайды. Өзегі өзге мемлекетке байланған бала ес кіргенде уақытында көңіл бөлмеген ата-ананы тыңдаушы ма еді?! Отаны туралы ұғымы болмаған соң, оны қайдан сүйсін?!
Бүгінде ғаламтормен көз ашқан балалардың жасының алды жиырмадан асты. Бұл ойланарлық жағдай!
Бұл сөзімізді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында да қуаттай түсті және оның шешімін тағы да айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді экономикалық және рухани дағдарыстардан алып шығар тоғыз ұсынысын айта келіп, өз сөзінде былай дейді: «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бейберекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс. Дәл осы кезеңде ұлт зиялыларының ұстанымы және белсенділігі айрықша маңызды».
Иә, бір сәттік танымалдық, жеңіл олжа біздің аға буын өкілдерін де сайқымазаққа айналдырды. Ал сайқымазақты кім сыйламақ?! Бала түгіл көшедегі итке де күлкі болған заман… Одан кейін баяғы ашу, ыза… жауапкершіліктен қашып, өзгені кінәлау. Мұндайда артық сөз де көп айтылады. Арты – соқпақ. Мұндай сорлыларды пайдаланып, отқа тастайтындар әр сәтті бағып-ақ тұр. Өкінішті… Себебі сенім кетеді. Сенім жоқ жерде, ел болу қайда?! Баяғы өзін байлап бергеннің айтқаны дұрыс екен, тура келді деп, өз елін одан бетер жау көреді. Әркімнің басты жауы өзі екенін тағы ұмытады. Бұл жайында қазақ философтарының бірегейі Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:
Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс өлгенше!
Қазіргі қазақ қоғамына сөзбен жаңалық ашудың қажеті жоқ. Бәрі де айтылып, жазылып кеткен. Тек сол барымызды бағалап, айтылған өсиетті орындау қажет.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.