«Ауыл-Береке» базарының аумағындағы №3 ауданның тұрғындарына қала әкімі Айтқазы Қарабалаев және қала әкімдігі департаменттерінің мамандары қоғамдық қабылдау өткізді. Қала әкімдігіне тұрғындар атынан 143 өтініш түсіп, жергілікті атқарушы органдар қабылдау барысында таңертеңнен кешке дейін 23 шағымды қарады.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен Абжапаров
№3 аумақтық аудан – облыс орталығындағы ең үлкен аудандардың бірі. Мұнда 35 мыңнан астам адам тұрады. Тараз қаласы әкімінің бас инспекторы Болат Баудиновтың айтуынша, бұл ауданға үш жазғы коттедждер, «Ауыл-Береке» базарының айналасындағы көшелер, автовокзал алаңы және «Төңкеріс» және «Телеорталық» массивтері кіреді.
– Қала әкіміне көкейіндегі сауалды жолдап, ойын жеткізуге жиналған қауымның қарасы қалың. Пандемияға байланысты бүгінде тұтынушының да саны азайған. Оның үстіне қоғамдық көліктің қатынасы шектелгеніне байланысты базар қызметін тұтынушылар да көп емес. Бұл аймақтың тұрғындары үшін күні бүгін ең басты проблема – қоғамдық көліктің қатынауы болып тұр, – деді инспектор.
Иә, тұрғындар бір ауыздан қоғамдық көліктің қашан толыққанды жүретініне асық екендіктерін білдіріп, осы сұрақты көтере берді.
– Мен облыстық филармонияда жұмыс істеймін. Осы аймақтың тұрғынымын. Бір жерден екінші жерге қатынау қиындық тудырады. Себебі осы аймаққа қатынайтын №34 автобустың өзі аз жүреді. Оның үстіне мен жұмыс жасайтын филармонияға бармайды да. Такси жалдай беруге қалта көтермейді, ал мына күннің ыстығында жаяу қатынау мүлдем қиын. Қала әкімі осы мәселені шешуге көмектесуге уәде бергенімен, маршруттың нақты өзгеретінін немесе жаңа қоғамдық көлік қосылатынын нақты айтпады, – деді Үмітжан Заурбекова.
Сонымен қатар тұрғындар су мәселесін де алға тартты. Судың құбырға келу қарқыны бәсең болғандықтан, тұтынушыларға қолайсыз.
– «Төңкеріс» аймағындағы Жылысбаев көшесінің тұрғынымыз. Су келетін құбырлар ауыстырылғанымен, әлі де су келуі баяу, сондықтан судан тапшылық көреміз. Әйтпесе, құбырлар модернизациядан өтіп, пластикаға ауыстырылған еді, – дейді осы аймақтың тұрғыны Сәуле Ескендірова.
Қала әкіміне бұл мәселе туралы тұрғындар жақында ғана қайырылған екен. Алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.