Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барамын десеңіз, қалада бассейн аз емес

0 305

Тараз қаласында ашылған «Zerbulaq» мәдени-сауықтыру демалыс аймағы талайды тамсандыруда. Орта Азияда баламасы жоқ деп бағаланған кешенге бүгінде ағылған жұрттың қарасы қалың. Балалардың бірі биіктен су сырғымасынан сырғыса, үлкендер теңіздегідей жасанды толқыны бар бассейнде тынығуда.

Жалпы ауқымды жоба өңір туризмін дамыту бағдарламасы шеңберінде қолға алынған. Құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын демалыс аймағы 1,9 гектар аумақты алып жатыр. Сыйымдылығы бір мезетте 4 000 адамды қамтуға қауқарлы. «South Holiday» ЖШС-нің басшысы Айбек Оршубековтің айтуынша, Орталық Азиядағы ірі аквапарктердің бірі саналатын бұл кешенде алдағы уақытта бес жұлдызды қонақ үй, ойын-сауық және өзге де сервистік орталықтар іске қосылмақ.
– Бұл құрылыстың бірінші кезеңі ғана. Қазірдің өзінде кешенде төрт бассейн, түрлі әткеншектер, биіктен сырғитын сырғыма сияқты орындар жұмыс жасап тұр. Қондырғының барлығы Түрік елінен әкелінген. Қауіпсіздігі өте жоғары. Бассейндегі су халықаралық стандартқа сай келеді. Әрбір екі сағат сайын ауыстырылып тұрады.
Енді екінші және үшінші кезеңде сервистік кластерімізді дамытамыз. Бес жұлдызды қонақ үйлер мен түрлі тынығу орындары келушілерге қызмет көрсететін болады, –дейді «South Holiday» ЖШС-нің басшысы Айбек Оршубеков.
Бүгінгі таңда кешенде демалу құны ересектерге 5 мың, балаларға 4 мың теңге болып белгіленген. Алайда бұл бағаны қымбатсынғандар бар. Бірақ бұл оймен бәрі бірдей келісіп отырған жоқ. Бұл тараздықтар үшін жасалған теңдессіз тарту дейтіндер аз емес.
– Тараз қаласында «Зербұлақ» мәдени-сауықтыру отбасылық демалыс аймағының пайдалануға берілгені шаһар тұрғындары үшін теңдессіз тарту болғаны анық. Халықаралық деңгейдегі кешен туризмді дамыту бағытына жасалған үлкен қадам болып отыр.
Себебі мұнда үлкендерден бастап, балаларға арналған түрлі әткеншектер мен толқынды бассейн секілді заманауи құрылғылар қызмет көрсетуде. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен қонақтарының еркін демалуына бар мүмкіндікті туғызып отыр.
Шыны керек, бұрындары отбасыңмен демалу үшін Алматы немесе Шымкент қаласындағы демалыс орындарына көз тігіп, аңсарымыз ауып отыратын. Енді міне, өз қаламызда осындай теңдессіз кешеннің ашылуы көне шаһарымыздың дамудың даңғыл жолына түскенін айғақтауда.
Қазір кешеннің бағасына қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Алайда қалада демаламын десең, өзге жиырмадан аса бассейн бар. Қалауыңа қарай тыныға берсең болады. Ал «Зербұлақ» кешені біздің брендіміздің бірі болып тұрғандықтан, қызметіне бағасы сай деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Гүлнар Каримсакова.
Әрине, кешен кәсіпкерлік нысаны болғаннан кейін ішкі жұмысына ешкім араласа алмас. Десе де, «Зербұлақ» демалыс аймағынан бөлек, Тараз қаласында 18 бассейн халыққа қызмет көрсетіп отыр. Бұл жайында қала әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі баян етті. Мамандардың сөзіне сүйенсек, барлық басссейндер кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен ашылған. Оларға кіру билеттерінің орташа құны – 3000 теңге. Яғни қала тұрғындарына «Зербұлақ» демалыс аймағынан басқа да бассейндер қызмет көрсетуге дайын. Ал бәсекелестік орта болғандықтан, жекеменшік демалыс орындарындағы билеттердің құны заң аясында реттелмейді.
Міне, байқап тұрсақ, тараздықтардың қала шеңберінде демалуына барлық мүмкіндік жасалған екен. «Зербұлақ» демалыс аймағынан бөлек, 18 бассейннің қайсысында болмасын шамаңа қарай мүмкіндік жасалған. Сондықтан қайда демаламын десеңіз де өз еркіңізде!

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.