«Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» дейді қазақ. Сондықтан да халқымыз елім, жерім дейтін жас ұрпаққа жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруге әрдайым баса назар аударып келеді.
Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Дана халқымыз «Бала – артта қалған ізің» деп ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген. Жер бетіндегі қай халық болмасын Отанының тыныштығы мен ұрпағының амандығын, саулығын алғашқы орынға қояды. Сондықтан Халықаралық балаларды қорғау күнінің маңызы зор, мәні терең.
Айшықты мерекеге орай Д.Карбышев атындағы №16 орта мектебінің жанынан ашылған «Қарлығаш» лагерінде шығармашылық-дамытушылық бағыттағы ұлттық құндылықтарға негізделген «Бар жақсылық – балаларға!» атты ашық есік күні өтті.
– ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған жазғы демалыс кезіндегі балалардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуын, сауықтырылуын ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдамалар негізінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Қазақ елі», «Бауырсақ-Fest», «Құрт-Fest», «Жас сарбаз», «Жаз, Кітап, Мен – достармыз» секілді түрлі шаралар өткізілді. «Балаларды махаббатпен қорғайық!» ұранымен ұйымдастырылған ашық есік күні өз нәтижесін беріп, жазғы демалыстың қызықты, пайдалы әрі қауіпсіз болатынына сенеміз, – дейді оқу ошағының директоры Мадина Бисенғалиева.
Шара соңы жеңімпаз отрядтарды марапаттаумен және мерекелік іс-шарамен жалғасып, балаларға тәтті балмұздақтар таратылды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ