Қалалық қоғамдық-саяси газет

Банкроттық банктегі берешектен құтқара ма?

0 252

Елімізде несие алып, несібесінің жартысын банктерге «бөліп» беріп отырғандар саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатқаны баршамызға белгілі. Күнделікті қажеттілік үшін қаржылай қарыз алатындарды есептемегенде, түрлі тұрмыстық техника сатып алуға, той-томалаққа жұмсауға керексіз кредит алушылар саны соңғы жылдар ішінде күрт көбейген. Тіпті бір несиесін жабу үшін екінші мәрте банкке борыштар болатындар да жетерлік. Нәтижесінде, берешектің бұл түрі бойынша қазақстандықтар 6,8 триллион теңге қарызға кірген. 2017 жылы 2,7 триллион болған бұл көрсеткіш 5 жылда 2,5 есеге өскен.

Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 90 пайызының несиесі бар екен. Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде тұтынушылық несие алушылар саны соңғы 1 жыл ішінде 27,3 пайызға артқан. Өз кезегінде, қазақстандықтардың несие есебін жүргізетін «Бірінші кредиттік бюро» жалпы қарызын бірнеше айдан бері өтемегендер саны 1,5 миллионға жуықтап, қарыз көлемі 995 миллиард теңгеге жеткенін айтып отыр. Оның ішінде төленбеген жалпы несие көлемі 13 пайыздан асып жығылған.
Әрине, қарыздың «қамытын» ешкім еріккенінен кимейтіні анық. Алайда «алмақтың да салмағы барын» естен шығармаған жөн. Алғанда «күліп келетін» кредит төлейтін кезде «жылай-жылай шығатыны» тағы бар. Осыдан келіп айлығы шайлығынан артылмайтын қатардағы азамат ай сайынғы төлемін кешіктіріп, ақыры былыққа белшесінен батып жатады.
Бұл жайттың әлеуметтік және саяси түйткілге айналғанын айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәселені шешудің жолдарын шұғыл қарастыру керектігін жеткізген еді. Нәтижесінде, өткен жылдың аяғында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заң қабылданған болатын. Ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, яғни биылғы 3 наурыздан бастап күшіне енетін құжат банктегі қарызын өтей алмай отырған еліміздің азаматтарына банкроттық жариялау арқылы борышкерлер қатарынан шығуға жол ашпақ.

Алайда бұл жаңалықты құлағы шалған берешегі бар жандар заңның қабылдануын кредитті кешіру деп түсініп, «банкроттыққа өтініш берсем болды, бар қарызымнан құтылады екенмін» деген ойдың жетегіне түсіп жүрген көрінеді. Аталған жайттың анық-қанығын анықтау мақсатында «Заңның борышкерлер үшін қандай тиімділігі бар?», «Заң талаптары қандай?», «Банкрот деп жариялау банк алдындағы берешектен құтылуға мүмкіндік бере ме?» деген секілді сұрақтардың жауабын іздеп көрген едік.
Жалпы заң азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуды, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және қаржылық сауаттылықты арттыруды, қарызын өтеуді ынталандыруды мақсат етеді. Бұл үшін соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру секілді 3 түрлі рәсім ұсынылып отыр.
Соттан тыс банкроттық жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттік алдындағы қарызы 5 миллион 520 мың теңгеден аспаған жағдайда қолданылады. Ол үшін өтініш берушінің атында мүлкі болмауы тиіс. Сондай-ақ қарызын 12 ай төлей алмаған және берешек мерзімі өткен күннен бастап 18 ай ішінде несие шарты бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуы қажет. Бұдан бөлек, өтініш берілген күні 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуы керек.
Айта кетер жайт, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін 12 айлық мерзім берешекті өтемеу уақыты қарастырылмайды. Сонымен қатар 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін мүліктің бар болуы және қарызы 5 миллион 520 мың теңгеден аспау шарттары жүрмейді.
Сот арқылы банкроттық жариялау рәсімін қарызының сомасы 5 миллион 520 мың теңгеден асқан жеке тұлғалар қолдана алады. Бұл рәсім аясында қарыз алушының мүлкі сатылады. Алайда несие берген ұйым азаматтың жалғыз баспанасы кепілде тұрмаса, алып қоюға ешқандай құқығы жоқ.
Сот арқылы банкроттық рәсімін кәсіби бухгалтерлер, заң бойынша кеңесшілер, аудиторлар жүзеге асырады. Олардың қызметіне ақы борышкердің мүлкі есебінен төленеді: 2023 жылы – бұл 70 мың теңге. Ал әлеуметтік осал топтағы, мүлкі жоқ тұлғаларға қызмет тегін көрсетіледі.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолданып, қарызын 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін иелене алады. Жалғыз шарт – қарыз көлемі борышкер мүлкінің құнынан аспауы тиіс. Қалпына келтіру шаралары мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды. Сауықтыру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураны пайдаланған адам «банкрот» мәртебесін алмайды.
Бұдан бөлек, өзін банкрот деп жариялаған азаматтарға қойылатын бірқатар шектеу бар. Мәселен, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолданғысы келген борышкерлер 5 жыл бойы қарыз және микронесие ала алмайды, 7 жылда өзін қайта банкрот деп жариялауға тыйым салынады. Сонымен қатар оның қаржы жағдайына 3 жыл бойы мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.
Банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі туралы кеңесті жергілікті мемлекеттік кірістер органдарынан және «1414» (қосымша нөмір 3) нөміріне хабарласу арқылы алуға болады.
Осы ретте барлық үш рәсімді жүргізуге тек борышкердің өзі ғана бастамашы бола алатынын айта кету керек. Яғни несие беруші немесе өзге де кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Олар өзіне қарыз азаматты талап-арызбен банкрот деп тану үшін өтінім бере алмайды.
Әрине, жеке азаматтардың несиесін кешіру Үкімет үшін де, экономика үшін де тиімсіз екені белгілі. Өйткені дамушы қоғамда мұндай жайт республиканың сыртқы инвестициялық климатына әсерін тигізеді. Сондықтан жеке тұлғалардың банкроттығына мүмкіндік беріп отырған мемлекет оның талаптарының орындауын да қатаң қадағалауға алады. Яғни сіз өзіңізді банкрот деп жариялап, кейін заң нормаларын бұзатын болсаңыз, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Мәселен, азаматтың кредиторлар алдында өзінің міндеттемелерін орындаудан жалтару мақсатында банкроттық туралы арызбен әдейі өтініші үшін 690 мың теңге (200 АЕК) көлемінде айыппұл көзделген. Сондай-ақ соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы шеңберінде жалған мәліметтер бергені немесе мүлікті жасырғаны үшін 345 мың теңге (100 АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Сонымен қатар сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тәртібін бұзғаны үшін қаржы басқарушысына жауапкершілік енгізіледі. Мұндағы айыппұл 15-100 АЕК (51 750-345 мың теңге) мөлшерінде қарастырылады.
ҚР Қаржы министрлігінің жариялаған мәліметіне сүйенсек, 7 миллионнан астам отандасымыздың берешегі бар екен. Олардың қатарында несие, микрокредиттік агенттіктер алдындағы қарызы, коммуналдық төлем мен алимент бар. Ал банктер мен микрокредиттік агенттіктердің алдында 1,5 миллион адам берешек. Дегенмен бұл осыншама қазақстандық жуық арада банк алдындағы берешегінен құтылады деген сөз емес. Өйткені бұл шараларды банк алдындағы берешекті басы бүтін кешіру деп түсінуге болмайды. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов: «Банкрот мәртебесін алса, қарызы кешіріледі деген түсінік – қате. Соттың шешіміне сәйкес, банкрот болған борышкердің міндетін өтеу мерзімі өткен деп саналады. Кредиторлар борышкерден қарызын өтеуін талап ете алмайды. Борышкерге айыппұл салу және сыйақы есептеу автоматты түрде тоқтатылады. Әрине, банкрот болған борышкерге несие алу, кепіл қою және өздігінен мәміле жасауға тыйым салынады», – дейді.
Сондай-ақ өтініш берушінің сұранысын мақұлдамас алдында оның жоғарыда аталған талаптарға сай келу-келмеуі де тәптіштеп тексеріліп, мәселесі майшаммен қаралады. Демек, аталған тұлғалардың біршама бөлігінің мойнында несиелік борышы әлі де қала бермек.
Қазақ қарыз алу-беру мәселесіне аса мұқият қараған. «Көшуден бұрын керуен басыңды сайла, қарыз алудан бұрын береріңді ойла», «Қарыз алдың – қайғы алдың», «Қарыз алушы – арыстан, қарыз беруші – тышқан» дегендей жалғасып кете беретін мақалдар соның дәлелі болса керек. Өсімге алған қарыздан қарның қампаймайтынын назарға алсақ, керексіз шығындарға несие алып, берекетімізді қашырғанша, адал еңбекпен тапқан тиыннан теңге құраудың қарекетін жасағанымыз абзалырақ шығар…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.