Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балық шаруашылығының бабы қандай?

0 162

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі туралы баса айтқаны белгілі. «Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс» – деген еді бұл жайында Президент.

Осының арқасында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Нәтижесінде аймақта балық шаруашылығын дамыту мықтап қолға алынған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар аясында облысымызда тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыруға назар аударылып, 2025 жылға дейін өнім көлемін еселеп өсіру мақсаты қойылған еді. Биыл аталған бағдарламаның іске қосылғанына бесінші жыл толды. Осы уақыт аралығында аталған салада қандай өзгерістер болды? Жоспарланған нәтижеге қол жеткізе алдық па? Жалпы, Жамбылдағы балық шаруашылығының бабы қандай?
Аймақтағы балық өсіру ісін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бақылауда ұстайды. Мекеменің жануарлар дүниесін қорғау және балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Балтаевтың айтуы бойынша, басқарма алдына Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамыту жөнінде нақты тапсырма қойылған.
– Жамбыл облысының балық шаруашылығы әлеуетін дамыту мақсатында 2020 жылы «Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Аталған құжатқа сәйкес, облыста 2025 жылы тауарлы балық өсіру көлемін 1 276 тоннаға, 2030 жылы 8 000 тоннаға жеткізу көзделген.
Бағдарлама аясында 2023 жылы 867,6 тонна балық өсірілсе, өткен жылы облысымыздың аумағында 900 тонна тауарлы балық өсіру көзделген болатын. Алайда жоспар артығымен орындалып, өңірдегі 24 кәсіпкер 1 510,9 тонна тауарлы балық өсірді. Оның 1 083,4 тоннасы – форель, 371,5 тоннасы – тұқы тұқымдас, 50 тоннасы – жайын тұқымдас, 6 тоннасы бекіре тұқымдас балық. Ал биыл аймақтың балық өсіруші кәсіпкерлері 1 276 тонна тауарлы балық өсіреді деп күтілуде, – дейді басқарманың бас маманы.
Балық өндірісінің ұлғаюы салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн. Бұл ретте шаруалар жем құнының бір бөлігін және шабақтарды, дәрі-дәрмектерді және бағалы балық түрлерінің аналығын сатып алу құнын жабатын субсидияларға сенім арта алады. Мәселен, 2024 жылы жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 200 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджеттен балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 130,1 млн теңге, балық отырғызу материалына 65,9 млн теңге және балық өсіру-биологиялық негіздеме (БӨБН) алуды субсидиялауға 4 млн теңге бөлінген.

– Бұдан бөлек, былтыр «Kezekte.kz» ақпараттық жүйелер платформасының «Balyqşy» ақпараттық сервисі арқылы акваөсіруге 22 өтінім берушіден балық азықтарын сатып алу, балық өсіру материалын сатып алу және балық өсіру-биологиялық негіздеме сатып алу шығыстарын өтеу субсидияларына өтінімдер түсіп, сатып алу шығыстарының өтеу субсидиясының сомасы 189,157 млн теңгені құрады.
Ағымдағы жылы да акваөсіруді субсидиялауға жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Оның ішінде балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 122,7 млн теңге, балық отырғызу материалына 73,3 млн теңге және балық өсіру-биологиялық негіздеме алуды субсидиялауға 4 млн теңге беріледі, – дейді Р.Балтаев.
Аталған қолдаулардың арқасында салаға бет бұрушылар қатары жыл сайын артып келеді. Әсіресе, сазан өсіруге ниеттілер көп. Мәселен, «Жанболат» шаруа қожалығы бір жылда – 25 тонна, «Бағдатбек» шаруа қожалығы – 2 тонна, «Тоба» шаруа қожалығы – 40 тонна, «Жуалы и К» ЖШС – 117 тонна, «Сандель-Агро» ЖШС – 5 тонна, «Арслан» ЖК – 5 тонна, «Алтын бұлақ» шаруа қожалығы 50 тонна сазан өсірген.
Форель тұқымдас балық өсірушілер де көбейіп келеді. Мысалы, «Атамекен» шаруа қожалығы бір жылда 20 тонна форель, «Ислам» шаруа қожалығы – 50 тонна, «Сүйіндік» шаруа қожалығы – 45 тонна, «Саурамбаев» ЖК – 6 тонна, «Меридиан» ЖК 10 тонна форель өндіргені. «Янтарь» ЖК – 90 тонна, «Айжан» ЖК – 95 тонна, «Қордай балық» ЖШС – 220 тонна, «Балық өнеркәсібі» ЖШС – 2,6 тонна, «Тараз Эко Фиш» ЖШС 20 тонна форель өсіріп, көл-көсір пайда көріп отыр.
Балықтың бұл түрін өсірумен айналысып отырған Жуалы ауданындағы «Ислам» шаруа қожалығы балық шаруашылығын дамытуды 2021 жылдан бастап қолға алған. Бұл кәсіпке ден қойған Қанат Жұманов Диқан ауылының сыртындағы тоғанға бассейн салып, алғашқыда оған форель балығының 1-2 айлық шабақтарын жіберген. Ол үшін Алматы облысының Есік қаласынан 5 мың данаға жуық форель балығының шабақтары әкелінсе, кейінгілері Тараз қаласы, Шайқорық ауылындағы «Алтын бұлақ» шаруа қожалығынан тұрақты алынып отыр.
– Қожалық 1990-шы жылдардың аяғында құрылған. Негізінен мал бағып, егін егеміз. Отбасыммен ақылдаса келе, балық шаруашылығымен айналысу туралы тоқтамға келдім. Сөйтіп, әкімдікке барып жер сұрадым. Жергілікті атқарушы органдағы азаматтарға балық шаруашылығымен айналысқым келетінін айтып, жоспарыммен бөлістім. Олар бірден менің бастамамды қолдап, маған Диқан ауылының бір шетінен жер бөліп берді. Ол жерден бассейін құрылысын жүргізіп, Алматы облысынан 35 мыңдай шабақ әкеліп, бассейнге жібердім. Ал балықтарға берілетін қоректік заттарды Алматыдан алдырамын. Форель балығына берілетін тамақтар әртүрлі бағада. 950 теңгеден басталып, келісі 2 мың теңгеге дейін барады. Бір барғанда балықтың бір апталық, екі апталық қорегін бір-ақ алып келемін. Форель балығы таза суды жақсы көреді. Бассейннің суы 18 градустан төмен болмауы керек. Егер су ластау болса, ондай жерде балық тұрақтамайды. Қазіргі бассейнге келіп жатқан су бір жағынан құйылып жатса, екінші жағынан сыртқа ағып жатыр. Сонда су күнделікті тазаланып тұрады. Форель балығының екі айлық шабақтары күзде сатылымға шығаруға жарап қалады, – дейді Қанат Жұманов.
«Ислам» шаруа қожалығы форель балығын өсіру бойынша Жамбыл облысындағы екінші шаруашылық екен. Біріншісі – Жамбыл ауданының Жасөркен ауылындағы «АрНұр» ЖК-нің жаңа форель шаруашылығы. Кәсіпкер Руслан Сауранбаев 2019 жылдан бастап кәсіптік балық өсірумен айналысуда. Мұнда жылына 90 тонна тұқы тұқымдас тауарлы балық өндіріледі екен.
Ал Тұрар Рысқұлов ауданындағы Аманжол Шіндебаевтың «Номад» шаруа қожалығында 2022 жылдан бастап балық шаруашылығы қарқынды дами бастады. Осы уақыт ішінде мұнда 200 тонна форель өндірілген. Аманжол Шіндебаев балықтың ішкі нарықта сұранысқа ие екенін айтады. Мұнда өндірілетін балықты шетелде де жақсы қабылдайды.
Сол секілді Меркі ауданындағы «Bester Yard» ЖШС жамбылдықтарды көптен бері африкалық жайынның етімен қамтамасыз етіп келеді. Бұл – жылуды жақсы көретін балық, сондықтан бассейндегі температураны 26 градустан сәл жоғары ұстау керек. Уылдырықтың сау болуын қамтамасыз ету үшін көбейту процесі жасанды түрде жүргізіледі. Шаруашылықта жылына 20 тоннаға жуық африкалық жайын өсіреді. Өнімдер жергілікті нарықта сатылады.
Бұдан бөлек, аймақтағы су айдындарында да балық шаруашылығын дамытуға баса назар аударылып отыр. Алайда бұл істің дамуына браконьерлердің тигізіп отырған залалы көп көрінеді. Сол себепті Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Жамбыл облысы бойынша балық инспекциясы аймақтағы айдындардағы тәртіптің сақталуын қатаң қадағаға алған.
– Көктемгі-жазғы мезгілде балықтардың уылдырық шашу кезеңінде Жамбыл өңірінің климаттық ерекшеліктеріне байланысты «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жануарлардың мекендейтін ортаны қорғау, олардың көбею жағдайларын, өріс аудару жолдары мен олардың шоғырлану орындарын ұйымдастыру арқылы балық ресурстарын және басқа да су жануарларының уылдырық шашу кезеңіне байланысты балық аулауға тыйым салынады. Мәселен, биыл 1 наурыз бен 1 шілде аралығында Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзеніне және оның құймаларына, 15 сәуірден 31 мамырға дейін Шу-Талас бассейнінің басқа су айдындарына және 15 сәуірден 30 маусымды қоса алғандағы аралықта «Тасөткел» су қоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзеніне қармақ салуға болмайды, – дейді инспекция бөлімінің басшысы Жамбыл Усипберлиев.
Аталған шаралар «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясын ұйымдастыру туралы ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің 21.02.2025 жылғы №01-06/34 бұйрығына сәйкес қолға алынып отыр. Осылайша құзырлы органдар мен мекемелер және балық шаруашылығы субъектілерімен арнайы жұмысшы тобы құрылған. Аталған топ заңсыз балық аулау, сату, сатып алу, иемдену, өткізу, тасымалдау деректеріне жол бермеу, сондай-ақ тыйым салынған балық аулау құралдарын заңсыз саудалау деректерін анықтау және үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бірлескен профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізумен айналысады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Жамбыл өңірі балық шаруашылығын дамытуға өте қолайлы аймақ саналады. Ал кәсіптің бұл саласынан түсетін пайданың көл-көсір екені айтпасақ та белгілі. Демек, бұл – облыстың экономикасына қосымша түсім түсірудің оңтайлы жолдарының бірі. Ол үшін, әрине өңірде балық өсіріп, кенжелеп қалған шаруашылықты алға бастыруға күш салып жүрген кәсіпкерлерге қолдау ауадай қажет. Бұл тұрғыдан келгенде Жамбыл облысының балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасы едәуір нәтиже беріп келе жатқанын аңғаруға болады. Балық шаруашылығын тартымды табыс көзіне айналдыру, арнайы бағдарламаны көбейту нәтижеге бастар қадам екенін ескерсек, салаға серпін берген бағдарламаның шарапаты әлі талай шаруаға тиеді деп сенеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.