Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балуандардың байрақты бәсекесі

0 240

«Тараз-Арена» спорт сарайында еркін күрестен ересектер арасында Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Байрақты бәсеке алдағы Олимпиада ойындарында ұлттық құрама сапында белдесетін спортшылардың бабын байқатты. Ел біріншілігінде көзге түсіп жүрген балуандар Ресей, Моңғолия, Грузия, Беларусь, Болгария, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің үздіктерімен бақ сынасты. Спортшылар 57-ден 125 келіге дейінгі 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады.

Республика деңгейінде алғаш рет 2007 жылы жалауын желбіреткен турнир 2012 жылдан бастап әлем мықтыларының басын түйістіруде. Биыл дәстүрлі турнирге 150 спортшы қатысса, соның ішінде 17 балуан ел мерейін үстем етті. Қазақстандықтардың қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 10 қола медаль түсіп, командалық есепте ресейліктерден кейінгі екінші орынға жайғасты. Құрамадағы 65 келі салмақ дәрежесінде белдескен мықтылардың бірі Дәулет Ниязбеков финалдық бәсекеде Мейіржан Ашировке жол беріп, күміспен күптелді. Азия чемпионатында алты рет жүлдегер атанған Дәулет қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алған.
– Д.Қонаев турниріне өте жақсы дайындықпен келгенбіз. Әлем чемпионатындағы қатемді қайта баспау үшін белдесу керек те еді. Финалға дейінгі қарсыластарымды айқын басымдықпен жеңіп отырдым. Осы жарысқа келгенде белімде жарақатым болатын. Жаттықтырушылар жарақаттан сақтанып, мұқият күрес деген соң тәуекелге бара алмадым. Бапкерлер осы жарыстағы қателіктерімді бақылап отырды. Ендігі кезекте дайындық залында шыңдалатын боламыз, – деді Дәулет Ниязбеков.
«Дінмұхамед Қонаев тарихты басқа арнаға бұра білген қазақтың біртуар азаматы болған. Біз үшін дәстүрге айналған турнирдің маңызы зор. Осы жарыс арқылы елімізде еркін күресті серік еткен жастарымыз көбеюде. Бүгінгі жарыстың бас демеушісі «ALTAIS GROUP» компаниясына алғыс білдіреміз», – деді облыс әкімінің бірінші орыбасары Бекболат Орынбеков.
Жарысқа Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, облысымыздың грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы басшылық етті.
– Тараз төрінде он екінші рет өтіп жатқан жарыстың біз үшін маңызы зор. Бұл жолғы жарыста белсенділік танытқан көршілес Ресейден алты бірдей құрама қатысты. Қарсыластар осал болмағандықтан, ұлттық құраманың намысын қорғап жүрген барлық спортшыларды жарысқа қостық. Сондай-ақ ересектер арасында жаңадан өнер көрсетіп жатқан жас балуандар да көзге ілікті, – деді еркін күрестен ұлттық құраманың басшысы Әділхан Өмірзақов.
Жарыста қарсылас шақ келтірмеген спортшылар 4 мың АҚШ долларымен марапатталып, жеке бапкерлері де ақшалай сыйлықтан құр қалмады. Ақтық сәтте бағы жанбаған 2 және 3-ші орын иегерлері де қаржылай сыйақыға ие болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.