Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баласағұн қаласының құпиясы қандай?

0 2  060

Тарихтың ақтаңдақ беттерінде ақиқаты әлі күнге ашылмаған орындар аз емес. Оның бірінде түрлі археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатса, енді екіншісі құпия «құлпына» таңылып отыр. Міне, сондай жердің бірі – ежелгі Баласағұн қаласы. Көне қалашықтың орны мен оның тарихы ғалымдар арасында бүгінгі күнге дейін түрлі пікірталас тудыруда. Алайда ел ғалымдары ғылыми тұрғыда қалаға түрлі зерттеулер мен қазба жұмыстарын жүргізуде. Сонда Баласағұн қаласы қай дәуірде өмір сүрді? Онда кімдер тұрып, қандай тұрмыс кешті? Қала атауының өзі нені білдіреді? Есте жоқ ескі заманнан жеткен құнды құжаттар мен ғалымдар болжамы мен байламына зер салып, зерделеп көрсек…

Жалпы Баласағұн қаласы орта ғасырдағы түркі халықтарының ірі мәдени-тарихи орталығы болған. Өзінің мыңжылдықтардағы даму барысында көптеген шапқыншылықтар мен қақтығыстарды бастан өткеріп, әртүрлі қағанаттар мен мемлекеттердің саяси ордасына айналған. Қала іргесі сонау Түріктер дәуірінде қаланғанымен, оның мәдени жаңғыруы мен өркендеуі Қарахандар заманында жоғарғы дәрежеге жеткен. Тарих толқынында Баласағұн түргештердің, қарлұқтардың, қарахандықтардың және қарақытайлардың астанасы болып, Жібек жолы бойындағы ірі қалалардың біріне баланды. Қай кезеңде болмасын қаланың мәдени және экономикалық дамуы билік құрып отырған мемлекеттің әл-ауқатына тығыз байланысты болған.
Осы таңға дейін аталған қаланың орны мен атауы жөнінде ғалымдар түрлі болжам мен байламды алға тартты. Тарихшылардың бір шоғыры Баласағұн қаласының орны Қырғыз еліндегі Бурана қаласы десе, енді бір ғалымдар ол қаланың тарихтағы орны Баласағұнға сай келмейтінін айтты. Ал тарихты тереңнен зерттеген ойшылдардың бір тобы қазіргі Шу ауданындағы Ақтөбе ауылының қасындағы көне қалашықты «Баласағұн» деп дәлелдеуде.
Ақтөбе қалашығында 30 жылдан астам археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген Уахит Шалекеновтің зерттеулеріне сүйенсек, ол осы маңда Баласағұн қаласы бой көтергенін табылған құнды жәдігерлермен айғақтауда. Тағы бір айта кетерлігі, қалашық ерте ортағасырлық дәуірлерден бастап барлық шығыстық және батыстық деректерде кеңінен жазылып қалған. Қала жайлы алғашқы дерек Қытай елінің саяхатшысы Цзя Даньның «Төрт бағыттағы жол туралы естеліктері» атты көне жазбасында сақталған. Онда: «Тау аңғарын жағалап біраз жүргенде Суйаб өзені жазыққа шығар аузына жетеді, осы арадан 80 ли жерде Пэйлоцзянцзюнь (Баласағұн) қаласы бар», – деп суреттейді. Бұл Баласағұн қаласының Пэйлоцзянцзюнь атауымен Қытай жазбаларында бірінші рет кездесуі болатын. Мұндағы алдыңғы «Пэйло» сөзі «Бала» сөзінің қытай тіліндегі дыбыстық аудармасы, ал «Сағұн» – мансап аты. Яғни «Цзянцзюнь» сөзінің дыбыстық аудармасы «Қолбасшы» дегенді білдіреді.
Ал бұдан көне деректі ортағасырлық ғалым М.Қашқари береді. Ол өзінің «Түркі сөздігі» атты еңбегінде Баласағұн жайлы кең хикаятты жазып қалдырған. Аталған кітабында Түріктердің Шу хақаны жайлы айта отырып: «Зұлқарнайын Самарқандтан асып, түрік қалаларына қарай беттеген кезде, түріктердің Шу есімді бір жас хақаны болған екен. Ол үлкен қосынның иесі еді. Шу қаласын Шу хақан басып алып, Баласағұнды өзі салдырған. Баласағұндағы сарайының алдында күн сайын бектер мәртебесіне үш жүз алпыс бес рет дабыл қағылып тұрған……», – дейді ғалым еңбегінде. Осы дерекке қарап отырсақ, көне Баласағұн қаласы б.д.д. 300-ші жылдары өмір сүрген деген байлам жасауға болады.
Шыңғысхан дәуірі кезінде де қаланың өз дәргейінде дамып, гүлденіп тұрғаны айтылады. Шыңғысханның бас бітікшісі және жұлдызнамашысы болған ұлты қидан, қара көк хан тұқымынан шыққан Елюй Чуцайдың Шыңғысханмен бірге Орта Азияға жасалған жорыққа қатысып, көрген-білгендерін жазған «Батысқа саяхат естелігі» дерекнамасында: «Батысқа қарай жүргенде Иле деген үлкен дария бар. Дарияның батыс жағында Хусыволудо (Баласағұн) деп аталатын қала бар. Бұл қала бұрын батыс Ляо мемлекетінің астанасы болатын. Қаланың айналасында неше ондаған қалалар мен кенттер орналасқан. Одан батысқа қарай жүргенде неше жүз ли жерде Тараз қаласы бар», – деген жазбасы өткен күннен құнды мағлұмат беріп тұр. Қытай жазбасында Баласағұнның «Хусыволудо» деп жазылуы сол дәуірдегі қаланың атауының өзгергенін білдірсе керек. Бұл сөз – «Хус (Құз)» – «Орда» деген атауының қытайша айтылуы болатын.
Баласағұн мен оның жанындағы Арғу шаһарларында тұратын халықтар тілінде «ұлұш» сөзін «шаһар» дейді. Содан барып Баласағұн шаһарын «Құз ұлұш» деп атаған. Ордұ – Баласағұнға жақын қала. Баласағұнды да «Құз ордұ – Құз орда» дейді. Осылайша тарих Баласағұнның екінші атауының болғанын дәлелдей келе, ертеректе көне шаһар «Баласағұн» емес, «Құз орда» деп аталғанын нақтылай түседі. Бұл кезеңде қала гүлденіп, қарахандықтардың ұлы ордасына айналып тұрғандықтан, ел оны «Құз орда» деп атаған. Бірақ, бір өкініштісі, қала 100 жылдан кейін өзінің өмір сүруін тоқтатып, моңғолдардың шапқыншылығынан күйреп, қирағаны белгілі.
1263 жылы Мөңкенің жарлығы бойынша Қарақорымнан аттанып, хан інісі Құлағу ханға кездесіп қайту үшін Батыс Азияға жолға шыққан Лю Юй мен Чан Дэ атты елшілердің «Батысқа елшілік сапардан естеліктер» атты еңбегінде: «Ақпанның 24 жұлдызында екі таудың ортасынан өткеннен кейін кең жазықтың шетіне іліндік. Мұнда халық өте тығыз қоныстанған. Біз сапар үстінде бұл маңнан егістік жерлерді, айқыш-ұйқыш қазылған арықтар мен тоғандарды, күл-талқаны шығып күйреп жатқан ескі қалалардың қирандысын жиі кездестіре бастадық. Ондағы жергілікті тұрғындардан кей жайларды сұрастырғанымызда, олар бұл жер бұрынғы қидандардың ескі жұрты екендігін айтты», – деп жазады елшілер естеліктерінде. «Қидандардың ескі жұрты» деп тұрғаны астанасы болған Баласағұн қаласын айтып тұрғаны дау тудырмайтын ақиқат. Өйткені Баласағұн қалашығы 90 жылдан аса қарақытайлардың астанасы болғаны тарихи шындық. Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде осы жайлы айта келіп: «Беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп атайды. Оны өте жоғары мақтаған. «Мажма ат-тауарихта» («Тарих жинағы») былай деп жазылған: «Баласағұн қарақытай заманына дейін Афрасиабтың ұрпақтарының билігінде болған. Қарақытай Гурхан Баласағұнды Илек ханнан тартып алды, ол Афрасиаб нәсілінен еді. Содан оны өзінің астанасы етті. Тоқсан бес жыл бойы Баласағұн қарақытайдың астанасы болып келді. Жейхуннан бергі, оның шығысында жатқан барлық ел мен өлкелер түгелдей оған салық төлеп тұрды. Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған», – деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулати.
Көріп отырғанымыздай, Баласағұн қаласы орта ғасырда үлкен мәдени иеліктің ортасы болған. Оны көптеген тарихи жазбалар растауда. Енді осы Баласағұн қаласы атауының шығу тарихына келсек, көне қалашықты 30 жылдан аса зерттеген У.Шалекенов өзінің «Қазақ мәдениеті» атты кітабында былай дейді: «Қашқари еңбегінен Баласағұн қаласының этимологиясын анықтадық: «Сағұн»: Қарлұқ жұртының мықтыларына берілетін ат, лақап. Түрік тәуіптерін Ата сағұн дейді». Қаланың аты екі сөзден құралған. «Бала» деген түрік сөзі баршаға мәлім болса, «сағұн» – хакан, хан, князь. Олай болса, «Бала + хакан», «бала + князь», «бала + хан» болып, «Баласағұн» деген ұғымды құрайды. Яғни «Балахан» немесе «Қарлұқ хақанының қаласы» деген ұғымды білдіреді», – деп өз ойын түйіндейді.
Ал С.М.Сыздықов өзінің «Қарлық – Қарахан мемлекеті» атты монографиясында: «Ал осы қала атының әуелгі екі түбірі бары байқалады. Олар: «бола» және «сағұн». Этимологиялық талдауда: біріншісі – «боло» «було», яғни тайпа аты, ал екіншісі «соғұн», «сағұн» болып, қарлық тайпасының көсемі атағын білдіреді. Қытайдың Хань жылнамаларында түркілер ғұндардың «со» (Сорхы) аталатын атақты тайпасының ұрпағы ретінде көрсетіледі. Сонда бұл лауазымның өзі «со» және «ғұн» деген екі түбірден құралады деуге негіз бар. Бұл жағдайда барлық түбірлерді қосқанда: «Бол-со-ғұн» құрылымы, ал генеологиялық тәртіппен орналастырсақ: «ғұн-со-боло» болып шығады. «Со» түбіріне семантикалық тұрғыдан көне сары ұйғырлардың Соқалық, Саоқозымен, хакастардың ақ сохы, көк сохы, хара сохысымен, ал қазақтың Арғын құрамындағы ақ сопы, қара сопы, тәнбі софы этнонимдері сәйкес келеді. Сонымен, бір сөзбен айтқанда, Баласағұн қарлықтардың басты бір – моуло, яғни болат тайпасының көсемі тұратын ордасы деп ұғыну керек», – деп тұжырымдайды.
Бұл ойға тарихшы-түркітанушы Асылжан Дулатидің де зерттеулері саяды.
– Қала атауы екі негізден тұратыны айқын. Бұл атауды «Балауса және ғұн» деп алсақ та болады. «Балауса» сөзі көне түріктің осы күнге дейін мағынасын жоғалтпай сақтап келе жатқан ежелгі сөзі. Ол «жас» дегенді білдіреді. Ал «ғұн» Орта Азиядағы ежелгі ұлы тайпалардың бірі екені белгілі. Сонда «Жас ғұн, яғни жас немесе балауса ханзада» дегенді білдіреді. Қалай болғанда да бұл қаланы ғұндардың жас патшасы салдырғаны немесе билегені осы атаудан-ақ байқалады. Сонымен қатар «Бала сақ ғұн» деп алсақ та болады. «Сақтың ұрпағы ғұннан шыққан бала патша» дегенді білдіреді.
Қазір ғалымдар Баласағұн қаласы 6-13 ғасырлар арасында дәуірлегенін айтады. Осы аталған жас хақан Баласағұнды да өз заманында салдырған болар?! Ал енді қаланың орналасқан орнына келсек, тағы да көне деректерге жүгінейік. М.Қашқари өз кітабында: «Арғу – екі таудың арасы. Тараз (Талас) бен Баласағұн арасындағы шаһарларды «Арғу» дейді. Өйткені ол жерлер екі тау арасында жатыр. Енді осы айтылған жерлерді анықтап көрейік. Баласағұн қаласының оңтүстік жағында Қырғыз Алатауы орналасқан, одан Шу өзеніне барып құятын Шарғау, Ақсу, Қарабалта, Тоқташ атты өзендер шығады. Осы өзендердің Шуға құятын төменгі ағысындағы жері тегіс, құнарлы, суы мол және ауасы таза алқабында Баласағұн қаласы орналасқан. Ал солтүстік-шығысын Жайсан тауы қоршап жатыр. Осындағы екі тау арасындағы кең жазықтық, егістік жерлер, қазылған арықтар мен тоғандарды саралай келе қазіргі Баласағұн қаласының орнына сай келетінін анық көруге болады. Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде: «Моғолстандағы бірсыпыра қалалардың аттары беделді кітаптарда жазылған және ол қалалар турасында көптеген түсініктер берген. Солардың бірі – «Баласағұн» деп ашып жазады. Ал Уахит Шалекеновтің «Қазақ өркениеті» кітабында: «Махмуд ибн Уали (1595) Иранның ортағасырлық белгілі мемлекет қайраткері, географ ғалымы Хамдаллаһ Мустауфи Казвиниге (1281-1349) сүйене отырып, Баласағұнда жұма намазын оқитын 40 мешіт, күнделікті намаз оқитын 200-ден астам мешіт, 20 ханака және 10 медресе болған», – деген деректерді алға тартады. Осыған қарап-ақ Баласағұнның орта ғасырда қандай ірі қала болғанын аңғару қиын емес, – дейді тарихшы-түркітанушы Асылжан Дулати.
Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері, PнD докторы Ералы Ақымбек те Баласағұн қаласы туралы көп зерттеген. Оның айтуынша, Баласағұн қалашығы жер көлемі мен табылған жәдігерлердің саны жағынан еліміздегі ең құнды мұралардың бірі екен.
– Баласағұн қалашығына 2001 жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Ақтөбе қонысының жанындағы ежелгі қала үш бөліктен тұрады. Цитадель, шахристан және рабад. Аталған үш бөлікте қала мен әскер басшылары және шаруашылық аймақты қоныстанған қарапайым халық тұрған. Оның сыртынан екі қорғаныс қабырғасы өтеді. Ішкі қабырға 15 шақырым болса, сыртқысы 18 шақырымдай аумақты алып жатыр. Оған қоса, өзен жағында тағы да қосымша қабырғалар болған. Бір таңғаларлығы, Баласағұн қаншалықты ежелгі болғанымен, бұл жерге ауызсу қазіргідей су құбырлары арқылы келген.
Мен мұнда келгеннен кейін араға алты жыл салып, қаланың сыртқы қақпа маңынан шарап жасайтын шеберхананы құмнан аршып шығардым. 2008 жылы ІХ-ХІ ғасырларға жататын бірнеше тұрғын жай бөлмелерін таптық. Бір жылдан соң маған дейін де зерттелген мұнараның біз білмейтін қырлары анықтала бастады. Осыдан үш жыл бұрын сол мұнараның айналасынан бірнеше бөлме бой көрсетті. Ол ХІ ғасырдың басына жатады. Қазіргі кезде оның тек іргетасы ғана сақталған. Іргетасының жерге көмілген бөлігінің өзі 2,5 метр болады. Ал 2015 жылы сол замандағы кірпіш күйдіретін пеш табылды. Одан кейін қалашықтың сыртқы қорғаныс қабырғасының маңынан табылған керамикалық пеш те археологиялық қазба жұмыстарының жаңалығы болды. Бір сөзбен айтқанда, Баласағұн қаласын зерттеген сайын оның бізге беймәлім әлеміне еніп кете бересің, – дейді Ералы Шардарбекұлы.
Негізінде, Баласағұн қаласының орны жөнінде алғашқы пікірді 1938-1939 жылдары ресейлік ғалым Л.Н.Бернштам Қырғызстандағы Тоқмақ қаласының оңтүстiк батысында орналасқан ортағасырлық Ақбешiм қаласының орнында кiшiгiрiм қазба жұмыстарын жүргiзiп, қолға түскен азғантай деректерге сүйенiп жариялаған болатын. Осы пікір ұшқынымен қырғыз ағайындар әлі күнге әйгілі Бурана мұнарасын Баласағұн орны деп жарияға жар салып жүр. Әрине, Баласағұн шаһары екені нақты дәйектер мен ғылыми тұжырымдар негізінде дәлелденіп жатса құба-құп. Алайда айыр қалпақты ағайын Бернштамның пікірінен басқа нақты тарихи дәлел келтіре алмауда. Ал Баласағұн қаласының орны Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Ақсу және Қарабалта өзендерінің аңғарындағы Ақтөбе қонысы екенін ел ғалымдарының зерттеуі ғана емес, тарихи жазбалар айғақтап тұр.
Қалай дегенде де, Баласағұн қаласына қатысты деректер әлі де зерттеу мен зерделеуді қажет ететіні анық. Ол енді болашақ ұрпақтың еншісіндегі дүние.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.