Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баланың тілі дұрыс шығуы үшін не істеу керек? – Логопед-дефектологпен сұхбат

0 264

Былдырлап сөйлей бастаған балаға түрлі сөздер үйретіп, қызықтап жүретініміз бар. Алайда, ата-ана да, ортасы да байқамайтын, баласының тілі кеш шығып жатқанын уақыт өте білетін жайттар аз емес. Логопед-дефектолог Назгүл Шәйкенова turkystan.kz тілшісіне берген сұхбатында оның бірнеше себебін атады.

«Бүгінде баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер ететін және оны бұзатын себептер жетіп артылады. Сондықтан ата-аналар логопед көмегіне жиі жүгінеді. Бала тілінің кеш шығуының екі түрлі себебін айта кетейін. Біріншісі – түрлі жұқпалы аурулар, вирустар немесе тұқым қуалаушылық. Ол баланың дамуына теріс әсер етіп қана қоймай, сөйлеу мен психикалық дамуының артта қалуына түрткі болады. Екінші – бірқатар фактордың жиынтығынан туындайды. Атап айтқанда, пренатальды бұзылулар-құрсақішілік инфекциялар, антибиотиктер мен тыйым салынған дәрілік заттарды қабылдау, ананың созылмалы аурулары, туу жарақаты, асқынған акушерлік анамнез-шала туу, гипоксия, ұрықтың асфиксиясы, вакцинациядан кейінгі асқынулар, құлақ мүкістігі. Осындай жағдайлардан кейін баланың тілі кеш шығады», – деп түсіндірді Назгүл Шәйкенова.

Логопед маманның айтуынша, баланың сөйлеу тілінің дамуы оның жеке ерекшеліктеріне де қатысты болады. Бір бала бірнеше сөз айта алса, екінші бала оншақты сөзді ғана қолданады. Бұл баланың соматикалық жағдайына, нерв жүйелерінің түріне, тәрбиесіне және т.б. байланысты.

«Бала 5-6 айында былдырлап сөйлей бастайды (ба-ба-ба, ма-ма-ма, па-па-па, т.б.). 7-8 айында ересектердің сөйлеу тіліне еліктейді. 10-11 айында сөздің өзіне реакция береді. Бір жасқа толғанда жекелей сөздерді айта бастайды. Баланың сөздік қорының дамуы 2-3 жастың арасында белсенді болады. 1 жас 6 айда 10-15 сөз, 2 жастан асқанда шамамен 300 сөз, 3 жасқа қараған шағында 1 000 сөздің көлемінде айтып үйренеді. 3 жаста сөйлеу тілі қалыптаса бастайды», – дейді логопед-дефектолог.

Назгүл Шәйкенова баланы қандай жағдайда және неше жасында маманға көрсету керек екенін айтты.

«Қазір ата-аналар балаларына логопед қажет пе?» деген сұрақты жиі қояды. Бірақ баланың 2-3 жасында сөйлеуді дамытуы ең қолайлы кезең екенін көбі біле бермейді. Дәл осы уақытта логопедпен кеңесу керек. Егер бала 2 жасында сөйлемейтін болса немесе оның сөздік қоры 10 сөзден аспайтын болса, 4 жастан асқанда кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмаса логопед көмегіне жүгіну қажет. Ол уақытқа дейін бүлдіршінде фонетикалық жүйе толық қалыптасуы тиіс. Ал балада ауытқу болса, бірінші дыбыс пен буындарды қайталаса (тұтығу), 6 жастан асқанда өлең жаттаудан, мәтіннің мазмұнын айтып беруден қиналса, жазудан қате жіберсе, оқудан қиналса логопедке барған дұрыс», – дейді Назгүл Серікқызы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.