Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Баламды медресеге біл деп бердім»

0 451

Раббымыз Алла Тағала білім алудың артықшылығы туралы «Зумар» сүресінің 9-аятында: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ала ма?», – деп білімді адамның дәрежесінің жоғары екенін айқындайды. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Бесіктен қабірге дейін білім алыңдар», – деп бұйырған екен. Әрине, асыл дінімізде білім алушы ғана емес, оны өзгелерге таратушы, үйретуші де сауапқа кенелері хақ. Бұған ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларына ілім үйретіп, оған сай амал етуді насихаттағаны дәлел.

Ел тарихында зиялыларымыздың сауатын ашып, таным көкжиегін кеңейтуде медреселердің рөлі зор. Медресе – діни ағартушылық ордасы. Ислам дінінің алғашқы төрт ғасырында медресе міндетін мешіт атқарды. Ардақты пайғамбар Медина қаласына көшіп келгенде, ең әуелі қолға алған жұмысы – мешіт құрылысы еді. Әлімсақтан бері мешіт қызметі тек құлшылық мекені ретінде шектелген емес. Бес уақыт намаз өтелетін киелі орын болуымен бірге, қоғамдық маңызға да ие болып, үлкен-кіші мәжіліс өткізілетін және делегацияларды қабылдайтын резиденция қызметін атқарды. Қажет кезінде өзекті қоғамдық мәселелерді талқыға салып, шешу үшін халайық мешітке жиналатын. Шариғат негізінде өмір сүрген пайғамбар дәуіріндегі қоғам үшін бұл қалыпты жағдай еді. Сонымен бірге білім мен ғылымның пікірталас алаңы да мешіт болды.
Мешіттің өзіндік рухани ахуалы болғандықтан, біздің заманымызда да бастапқы діни білімді мешітте үйрету тұрақты жүргізіліп келеді. ХІ ғасырдан бастап діни медреселер өздігінше дербес орталықтарға айнала бастады. Медресеге қарасты арнайы қызметкерлер ғимараты, медресені қамтамасыз етіп тұратын шағын кәсіпорын немесе сауда дүкендері болды. Ал оқу тегін жүргізілді. Діни пәндермен қатар медреседе математика, грамматика, поэзия, тарих сынды пәндер де оқытылды. Бұхарадан білім алып келген ахундар мен хазіреттер Қазақ даласының шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде медреселер ашты. Соның ішінде хазірет Сұлтан, хазірет Мүсірәлі сопы, Науан хазірет, Нұрпейіс хазірет, хазірет Досжан (Досмұхаммед) ишан секілді діни қайраткерлер атымен тығыз байланысты медреселер бар.
Медреселердің басты міндеті – ағартушылық. Хакім Абай: «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деп айтқандай, бүгінгі таңдағы мектептің қызметін жүргізді. Кешегі қазақ зиялыларының барлығы дерлік медреседен тәлім алды. Сондықтан медресенің тұтас халықтық идеологияны қалыптастыруда өзіндік салмағы болды. Халықтың руханиятын қаз қалпында ұстап тұратын темірқазық еді. Патшалық Ресей де Қазақ елінің руханиятын әлсіретуді мешіт-медреселерді жоюдан бастады. Кеңес Одағы орнауымен бірге, сол сұрқайы саясат жалғасын тапты. Бір ғана Кентау қаласының маңайында Қазан төңкерісіне дейін жиырмаға жуық медресе болған. Бұл жолы «Дін – апиын» деген ұранмен мешіттермен қатар, медреселер де қиратылды. Арабша және шағатайша сауат ашқандарды «сауатсыз» деп таныды. Осылайша солақай саясат қазақ руханиятымен қатар, емілесін де, шағатай, араб және парсы тілдерінде жарық көрген кітаптарын да біржолата жоюға әрекет етті.
Жоғарыда айтылғандай, қазақ даласында қаншама ғалымдар, білімді, данышпан тұлғалар медреселерден шариғи тәлім-тәрбие алған. Тарих беттері мен әдебиеттерден оқып-біліп жүргеніміздей, Алаш қайраткерлерінің, көзі ашық, көкірегі ояу, ел-жұртқа жол нұсқаған зиялылардың ауыл молдаларынан білім алғанын, сауат ашқанын көреміз. Бұл тізімнің басында Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар тұр.
Мәселен, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының басым көпшілігі білім алған «Ғалия» медресесінде Мағжан да білім алған. Аталған медресенің түлегі. Мағжан Жұмабаев ауыл мұғалімінен хат танығаннан кейін Қызылжардағы медресеге 1905 жылы түсіп, оны жақсы аяқтап, білімін жетілдіргісі келеді. Осылайша талаптанып, білім іздеп Уфаға аттанып, осындағы «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. Бейімбет Майлиннің өмір жолында оның да осы «Ғалия» медресесінде оқып, шәкірттермен бірге білімін шыңдап, әдеби үйірмелерге қатысып, «Садақ» журналын шығарғаны айтылады. Осы «Садақ» журналына өзінің танымал болған, оң баға алған «Шұғаның белгісі» туындысын жариялайды. 1906 жылы ашылған Уфадағы осы «Ғалия» медресесі талай қазақ балаларының білім алатын ордасы болып қана қоймай, зиялылардың тырнақ алды шығармаларының жарық көруіне, шабытының шыңдалуына да себепкер орта бола білді. Бұл медреседе тек ислами ілім ағана емес, геометрия, алгебра, физика, химия, орыс тілі, педагогика сияқты ілімдерді де оқыту жолға қойылған еді. 1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте оқу» атты қазақша оқу кітабы жарық көрді. Осы жылы медреседегі қазақ шәкірттерінің көмегімен Ғұмар Қараштың «Өрнек» атты кітабы да басылып шықты.
Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, 1906-1919 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде жалпы саны 154 қазақ ұланы білім алған. Ақпаратқа сүйенсек, әйгілі Мұхтар Әуезов «Ғалия» медресесінде оқыған жастарды «қазақтың ерте оянған тобы» деп бағалаған еді.
Мағжаннан басқа көрнекті ұлт зиялыларымен, башқұрттың талантты ақын-жазушылары Шайықзада Бабич және Сайфи Құдашпен бірге оқыған қазақ жазушысы – Бекмұхамед Серкебаев. Ол қазақ, татар, башқұрт, шәкірттерін оқу-ағарту, әдебиет, мәдениет істеріне тарту мақсатында «Шымытыр» атты қолжазба журнал шығып, өзі оның редакторы болады.
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың әкесі Әлімбаев Әлімбай да осы медреседен сауат ашқан. Ол «Ғалия» медресесін бітірген соң өзі туып-өскен Павлодар облысы, Маралды ауылына мектеп салып, балалардың сауатын ашуға септігін тигізген.
1917 жылы Семейде жаңадан құрылған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, «Алаш ұранын» жариялаған, медреседе оқыған қазақтың ағартушы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесінде білім алады. Сол кезеңдерде науқас болғандықтан, толық білім ала алмаса да ақындыққа ден қояды. Жалынды ақын «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты очеркі мен «Қамар сұлу» романын жазады.
Қазақ халқының ертеңіне алаңдаған «Алаш» партиясының құрамына кірген қазақ зиялыларының білімін шыңдап, жанашырлық сезімін оятуда медреселердің орны ерекше болды. Сонымен қатар шығармашылықтарын дамытып, елге таратуда рухани орта тапты деуге болады. Жалпы қазақ зиялыларының медреседе білім алуы, ең алғаш шариғи сауатын ашуы олардың әділ шешім қабылдауына, елге дұрыс жол көрсетуіне зор септігін тигізді.
«Баламды медресеге біл деп бердім» деп жырлаған хакім Абай да «Ахмет Риза» медресесінен тәлім алғаны тарихтан мәлім.
Сонау Абай оқыған медресенің тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Оның бастапқыдағы орналасқан жері бұрынғы (Солдатская) Қызыләскер деп аталатын көшенің бойында еді. Кейіннен Қазақстан Министрлер кеңесінің шешімі және Мәдениет министрлігінің арнайы хаты бойынша «Ахмет Риза» медресесі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің аймағына 1993 жылы көшірілді. Қасында орналасқан мешіт ғибадат орны болған. 1949 жылы өртеніп кеткен мешіттің мұнаралы бөлігі 1995 жылы қалпына келтірілді. Сол заманда Семей қаласындағы медреселердің ішінде ең ірісі Ахмет-Риза медресесі болған. Абай осы медреседе үш жылдай оқиды.
– Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы – Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды.
…Абайдың өз бетімен оқитын кітаптары – араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұралары.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай Семей қаласындағы «Приходской школға» түсіп, орысша да оқи бастаған. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады, – дейді Мұхтар Әуезов зерттеулерінде.
Заманында өзгелерден оқшау тұрған шәкірт Абай да осынау медреседе тек діни сабақты емес, дүниенің де ілімін көп оқып, ақындық баспалдағын да осы жерден бастаған. Алғаш өзі өлеңге қосқан Физули, Шәмси, Сайхали сынды шығыстың классиктерін атап көрсетуі – осының айғағы.
Жалпы қазақ даласындағы медреселер көбінесе оңтүстік аймақтағы отырықшы жерлерінде болды. Алғашқы сауатты тұрғылықты жерден үйреніп, әрі қарай Бұхара, Самарқанды, Хиуа жақын болғандықтан, сол жақтағы медреселерден ілім алды. Солтүстік аймақтарда көшпенді ауылдарда, ауыл-ауыл ұстазды алдырып, үй-жайын қамтамасыз етіп, балаларының сауатын аштыратын болған. Ауылды жерлер көшіп жүргендіктен, сабақ жаз айларында киіз үйлерде, ал қыста жер үйлерде оқытылған.
ХVIII ғасырдан бастап Қазақстан жерінің патша үкіметі тарапынан пәрменді отарлана бастауымен қабылданған әкімшілік реформалар тіл, дін, ағарту салаларына айтарлықтай өзгерістер алып келді. Патша үкіметі орыстандыру саясатын өте сақтықпен жүргізіп, халықты мектеп, медресе ашу және оған қазақ балаларын тарту арқылы қызықтыруға тырысты. Бұл жаңа өзгеріске шынымен де бастапқыда үрке қараған жұрттың бойын үйрету үшін сеніміне кіріп, оларды патша билігіне қалтықсыз қызмет етуге мойын бұрғызды. Қазақ даласына миссионерлерді жіберу арқылы оқу, оқыту жүйесін орыстандыру саясатын қолға алып, ислам дінін ығыстыруды көздеді.
Мұсылман дінінің құралы ретіндегі араб жазуын орыс әліпбиімен алмастыру арқылы ақырындап орыс-түзем мектептерін енгізу қолға алынды. Сөйтіп, патша өкіметі отарлау үрдісі барысында ислам дініндегі Орта Азия мен Кавказдағы түркі халықтарының өміріндегі ықпалын әлсірете отырып, оны жоюға тырысты. Осы мақсатты Н.И.Ильминский, Н.Н.Остроумов, А.Васильев, И.Я.Яковлев және т.б. миссионерлер жүзеге асыруға белсене кіріскен.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында түркі халықтары арасында жәдитшілдік қозғалыс барысы жандана түсті. Бастапқыда Қырым, Еділ бойы татарларының арасында қалыптасқан бұл қозғалыс кейіннен Орта Азиядағы барлық түркі халықтары арасында жалғасын тапты. Жәдидшілдіктің ірі өкілдері И.Гаспралы, Ш.Маржани, А.Ибрагимов, М.Абдурашидханов, М.Бехбуди, Ф.Ходжаев, т.б. қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынға алды және өздерінің ағартушылық бағыттағы күрес барысын патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағыттады. Жәдиттік қозғалыстың жандануы «жаңа әдісті» мұсылмандық медресе, мектептердің көптеп ашылуына алып келді. «Жаңа әдісті» жақтаушылар жаңа оқу бағдарламасына география, тарих, есеп, жаратылыстану, орыс тілі сияқты пәндерді енгізуді қажет деп тапты. Жалпы жәдитшілер «еуропалық оқу жүйесін» оқытуды қалады. Бұл «еуропалық оқу жүйесінің» жобасын ХІХ ғасырдың соңында Санкт-Петербург университетінің «Шығыстану» факультетінің оқытушысы Хұсайын Файызханов ұсынған болатын.
Қазақстан мен Орта Азияда «жаңа әдістегі» мектептер мен медреселер 1890-шы жылдары ашыла бастады. Бастапқы кезде медреселер Орынбор, Омбы, Троицкі, Ташкент, Бұқара, Түркістан сияқты ірі қалаларда ашылып, қазақ балалары осы оқу орындарында білім алды.
Өткенге көз жіберсек, 1890 жылы Орынборда ағайынды Хұсайыновтардың қолдауымен жаңа әдістегі «Хұсайния» медресесі ашылып, бастапқы кезде бұл оқу орны ағайынды Хұсайыновтардың сауда фирмаларында жұмыс істейтін қызметкерлерді даярлауды көздесе, кейінірек «жаңа әдісті» мектептер мен медреселерге оқытушы даярлау ісіне көшті. 1906-1907 жылы медреседе тригонометрия, физика, химия, психология, логика, гигиена және медициналық білім, саяси экономия, сауда ісі және бухгалтерия сияқты пәндер оқытылды. «Айқап» журналына қырғыз зиялысы И.Арабаев жариялаған мақаласында: «Медресе Хұсайния» – дұрысында адамды жақсы заманға лайық білім беретұғын бір медресе. Мұнда Бұхарадан он жыл, жиырма жыл жатып ала алмаған араб тілі ғылымынан артық ғылым алынады. Хәмда Русияның гимназиясы секілді орта мектептерде оқыған бірқатар өнерлер мұнда оқытылады. Біздің туземный школдағы 7-8 жыл оқыған балалар қатары орысша білім алып шығады», – деп келтіріле отырып, қазақ-қырғыз балаларын осы медреседе оқуға шақырған. «Хұсайния» медресесінде де, Троицкіде ашылған «Расулия» медресесінде де қазақ балалары оқыған. Олардың бұл аталмыш оқу орындарында оқуына қазақ-татар байлары көмектесіп отырды.
Ал Троицкідегі «Расулия» медресесінде Торғай, Семей, Ақмола, Орал облыстарының қазақ балалары білім алды. Қазақстанда, атап айтқанда, Верныйда Ғабдулалиевтер, Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыда «Әмирия» және тағы басқа медреселер ашылды. Бұл оқу орындарының шәкірттері жылдан-жылға көбейіп отырған. Қарғалыдағы «Әмирия» медресесінде 1912 жылы 150-ден артық бала дәріс алған.
Бұдан бөлек, 1899 жылы бой көтерген «Мамания» медресесінің де алар орны ерек. Бұл медресенің ашылуына сол өңірдің зиялысы Маман Қалқабайұлы мен оның балалары мұрындық болды. Бастапқы кезде медреседегі оқу араб жазуы негізінде діни бағытта ғана оқытылды. Ал 1904 жылдан бастап Сейітбаттал мен Есенғұл Тұрысбековтер медресені жаңа әдісті оқу орны ретінде қайта құрып, қажетті мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етіп отырған. «Мамания» медресесі заңды түрде 1912 жылы ғана тіркелген. «Мамания» медресесінде Каир университетінің түлегі Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Стамбулдағы дін оқуын бітіріп келген Файзырахман Жаһангеров, Уфадағы «Ғалия» медресесінің түлектері М. және Ф.Есенгелдиндер, ұстаз Мұстақым Малдыбаев, қазақ зиялыларының бірі Барлыбек Сырттанов ұстаздық еткен. Медреседегі дәріс барысы «Ғалия» медресесінің оқу бағдарламасы негізінде жүргізілген. Оқу жоспары бойынша 1-ші және 5 сынып (класс) аралығында қазақ тілі, есеп, иман шарт, құран, орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, жағырапия, зоология, ислам діні тарихы, татар тарихы және хадис сабақтары оқытылды. «Мамания» медресесін оқып шыққандар кейіннен Уфа, Орынбор сияқты ірі қалаларда оқуларын жалғастырған.
Тәуелсіздік күні туған кезеңнен бастап, Қазақстанның барлық аймақтарында медреселер қызметі қайта жанданды. Бастапқыда имам-молдалардың ауыл балаларына Құран жаттатуымен шектелген медреселер, келе-келе мемлекеттік үлгіде біліктілігін айқындайтын құжат беретін ресми діни арнайы орта оқу орындары мәртебесіне дейін көтерілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстардағы өкілдіктерінің қарамағынан жаңа медреселер бой көтерді. Осы жылдар ішінде әрбір өңірдің медресесі өзіндік менталитетін қалыптастырып, тың әдісін тапты. Бұл оқу орындарының оқыту бағдарламасы көне ханафи-матуриди медреселер жүйесіне негізделген. Сонымен қатар қазақтың танымал дін ғалымдары мен ойшылдарының да еңбектері арнайы пән ретінде оқытылады. Қазіргі заманауи медреселер дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығының жоғарғы үлгісіне айналып отыр. Медресе тек қана бастапқы сауаттандырумен ғана шектелмейді. Бұлардың басты қызметі қазақ халқының діни сауатын ашып, қасиетті Құран құндылықтары мен сүннет сырларын үйретумен бірге, жас ұрпақтың ұлттық нақышты салт-дәстүрімізді де тереңірек танып-білуіне бағытталған. Десе де, Қазақ даласындағы кешегі медреселер тарихын, ойшыл ұстаздар мен олардың құнды еңбектерін әлде де жіті зерттеп-тану бүгінгі дін мамандарының басты міндеті екені сөзсіз. Бұл тұрғыда Тараздың қақ төрінде орналасқан еңселі діни оқу ордасы «Һибаттулла Тарази» медресе-колледжін айрықша атап өткеніміз абзал.
Діни орданың іргетасы 2012 жылы қаланған. 2020 жылы медресеге колледж мәртебесі беріліп, қайта тіркеуден өткен. Колледждің материалдық-техникасы заман талабына сай жабдықталған. Айталық, оқу корпусы 2 қабаттан, қызметтік құрылыс-тардан тұрады, құрылыс ауданы – 1 220,00, жалпы алаңы 2 277,40 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта – әкімшілік бөлмелері, медициналық пункт, асхана, санитарлық торап, жатын болмелері, ал екінші қабатта – кітапхана, оқу аудиториялары, жатын бөлмелер, ұстаздар бөлмесі және компьютерлік сынып орналасқан. Оқу корпусы оқу үдерісіне қажетті жиһаздармен, ұйымдастыру техникасы, компьютер сыныбымен толығымен қамтамасыз етілген. Медресе асханасында (тегін) күніне үш мезгіл ыстық тамақ беріледі.
– Медреседе 10 оқытушы сабақ береді. 3 оқытушының магистрлік (дінтану магистрі) дәрежесі бар, ал қалған 7 оқытушы бакалавр дәрежесінде. Оқытушылардың барлығы жоғары білімді. Оқытушылардың білімі, мамандану деңгейі жүйелі білім беру талаптарына сай, мамандықтары оқытатын пәндеріне сәйкес келеді. Осы орайда айта кетерлігі, жуырда медресе директоры әрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша және орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев дінтану ғылымдары мамандығы бойынша «Нұр-Мүбарак» университетін тәмамдап, Phd докторы дәрежесін алды. Колледжде балалар 2 жыл 10 айдың ішінде «Исламтану» мамандығының «Имам хатиб» біліктілігін иеленеді. Колледж бітірушілеріне мемлекеттік үлгідегі дипломдар беріледі. Медреседе 100 адамға арналған жатақхана, спорт залы бар. Бір сөзбен айтқанда, медресенің студенттеріне барлық жағдай жасалған. Мұнда тек жамбылдықтар ғана, Атырау мен Ақтау қалаларынан келген өрендер де тәлім алуда. Бұл біздің колледжге деген зор сенімнің көрінісі екені анық. Ерекше атап өтерлігі, биыл Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен медресеге 20 тегін оқу гранты бөлінді. Медресе колледжінің жанында орналасқан «Һибатулла Тарази» мешітінде студенттер оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді. Күні кеше медресеміз тоғызыншы түлектерін ұшырды. Жас мамандардың саны 8 болса, оның 4-і қызылға, 4-і көк дипломға оқуын тәмамдады. Медресені бітірген түлектердің 95 пайыздан астам облысымыздағы мешіттерде түрлі қызметтерге тағайындалады, – дейді колледж директорының орынбасары Азамат Абдирахманов.
Медресе тек білім беретін ғана емес, өмірдің мәнін, адами құндылықтардың маңызын, бастысы – жүрекке иман нұрын себетін руханият ордасы. Қазақ даласындағы медреселердің сан ғасырдан бері жалғасқан шежірелі тарихы бізге осыны анықтайды. Ресми мәлімет бойынша, елімізде медреселердің алғашқы түлегі 2010 жылы түлеп ұшыпты. Бүгінде 9 медресе колледж мәртебесін иеленіп, түлектерге мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе жұмысы қолға алынған 2007 жылдан бергі 16 жыл ішінде 3 134 шәкірт медреседен білім алса, соның 2 405-і ұл, 729-ы қыз екен. Діни басқарма өз тарапынан медресе түлектерінің тұрақты жұмыспен қамтылуына және білім жолын жалғастыруға ниетті шәкірттерге де ұдайы көмектесіп келеді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.