Қалалық қоғамдық-саяси газет

Балалар әдебиетінің шежірешісі

0 466

Жуырда Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында филология ғылымдарының кандидаты, аймақтық менеджмент академиясының (Павлодар), Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлының туғанына 65 жылдық мерейтойына орай «Балалар әдебиеті тарихының қалыптасуы және жаңа Қазақстан дәуіріндегі филология ғылымының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Басқосуды Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Марат Баяндин ашып, мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді.
Марат Асылбекұлы өз сөзінде ғалым, жазушы Меңдібай Әбілұлының ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті туралы көлемді еңбектеріне айрықша тоқталып, мерейтой иесіне халықаралық ақпараттандыру академиясының дипломы мен академик куәлігін табыстады.
Бұдан кейін Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты ректорының Ғылым және коммерциялау жөніндегі кеңесшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Дүйсенәліұлы, Жамбыл облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Хамит Есаман, «Педагогика» факультенінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Әдемі Ботабаева құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Жиын барысында Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің докторанты, филология ғылымдарының кандидаты Перхан Алламбергенова «Телевидение және балалар әдебиеті», Нөкіс қаласындағы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің ассистенті Нұрдана Бақытжанқызы «Меңдібай Әбілұлының Тұмар патшайым қиссасы», Алматы облысы, Қарасай ауданы, Б.Момышұлы атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Мақсат Әлсейітов «Тереңнен бастау алатын балалар әдебиеті», Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ізденушісі Наффол Болтаев «Жахон болалар адабиети ва униң узбек радиосидаги тарғиботи», Ұлыбританияның Лидс университетінің мұғалім-тренері Моо мырза «Ұлыбританиядағы балалар әдебиеті», Манчестр қаласындағы Род-Айленд университетінің мұғалім-тренері Алфредер ханым «Меңдібай Әбілұлы және ежелгі дәуірдегі балалар ауыз әдебиеті», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының» 1-курс студенті «Меңдібай Әбілұлы – сықақшы жазушы», Тараз қаласындағы Ә. Бөкейханов атындағы №1 гимназияның 7-сынып оқушысы «Бердібек Соқпақбаев. Оралхан Бөкей шығармаларындағы жеткіншек бейнесі», Меркі ауданындағы Т. Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Айғаным Мұратбаева «Балалар әдебиетінің негізін қалаушылар» тақырыптарында баяндамалар жасады.
Халықаралық конференцияның жұмысы әрі қарай «М.Әбілұлы және балалар әдебиеті тарихының қалыптасу, даму кезеңдері», «Филология ғылымы: кеше, бүгін, ертең» және «Білім беру жүйесіндегі педагогтың инновациялық қызметі» тақырыптарындағы 3 секция бойынша жалғасты.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.